Қазақстан • 18 Наурыз, 2019

Түркі Академиясының 2019 жылғы жұмыс жоспары бекітілді

620 реткөрсетілді

Бішкек қаласында Халықаралық Түркі академиясының ғылыми кеңесінің кезекті отырысы өтті деп хабарлайды TWESCO баспасөз қызметі.

Жиынға Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Гүлмира Құдайбердиева, Әзербайжан Білім министрінің орынбасары Маxаббат Велиева, Түркия Білім министрінің орынбасары Мұстафа Сафран, Қазақстан Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари  және Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO)  басшысы Дархан Қыдырәлі қатысты. Кеңес барысында академия жетекшісі 2018 жылы атқарылған жұмыстардың есебін беріп, 2019 жылдың жұмыс жоспарымен таныстырды.

Сондай-ақ кеңес мүшелері Түркі академиясының 2019 жылғы атаулы даталарын мақұлдап, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кеңес барысында Халықаралық Түркі академиясы дайындаған «Түркі әлемі географиясы», «Ортақ түркі тарихы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтарын да жан-жақты талқылап, қарастырды.

Кеңес мүшелері аталған оқулықтарға өздерінің жоғары бағасын берді және оларды толықтай даярлау ісін 2019 жылдың қыркүйек айына дейін аяқтауды тапсырды. Өз кезегінде Түркия Білім министрінің орынбасары Мұстафа Сафран Түркі академиясы әзірлеген "Ортақ түркі тариxы" оқулығын Түркияда 30 мыңнан астам оқушының таңдаулы пән ретінде таңдағанын жеткізді. Жиын қорытындысы бойынша Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Гүлмира Құдайбердиева Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезеңдік төрайымы болып сайланды.

Кеңес мүшелері Ғылыми кеңестің келесі отырысын Әзербайжанда өткізу жөнінде уағдаласты және 2018 жылы атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын бере келе Түркі академиясының 2019 жылғы жұмыс жоспарын бекітті. 

2019 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары: 

1. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылғанына 950 жыл

2. Алтын орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайының 750 жылдығы

3. Ақын Имамеддин Насимидің 650 жылдығы

4.  Түрколог, атақты ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің 75 жылдығы

5. Түркиядағы Мұстафа Кемаль Ататүрік бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығы

6. Түркі әлемінің интеграциясы үшін ерекше маңызы бар Нахичеван келісімінің 10 жылдығы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар