Осы уақыт аралығында көгілдір экранға көз қадаған көрерменнің сүйікті дидарына айналған арнаның адымы Алматы облысының аумағынан ұзап, жалпақ ел жаңалықтарының жаршысына айналды. Телекомпания өнімдері «Алтын жұлдыз», «Нұр Сұңқар», «Тұмар» сыйлықтарымен марапатталды.
Талдықорған қаласында қоныс тепкен телеарна алғашқы хабарын Алматы қаласындағы облыстық әкімдіктің бір бөлмесінде жасаған екен. Қазір жаңалықтар қызметі мен арнайы бағдарламаларынан бөлек кино саласына түрен салған арнаның рейтингі өте жоғары.
- Кейінгі жылдары телекомпания ұжымы кино түсіру саласына бет бұрдық. Ізденісіміз жемісті. «Жетісулықтар» түсірген «Құдайы қонақ», «О, Ләйлә!», «Бір уыс бидай», «Омарбек мерген» атты көркем фильмдер көрермен көңілінен шығып, кино мамандарының жоғары бағасын алды, - дейді «Жетісу »телеарнасының директоры Бейсен Құранбек.
Бұйырса, телеарнаның 20 жылдығына орай «Жетісу» радиосы да жұмысын бастамақ. Әуе толқынындағы жаңалықтар мен жағымды хабарлардың жаршысы болатын радио қызметін құруға қажетті қадамдар жасалып жатыр екен. Мұнан бөлек, мерейлі жылды «жетісулықтар» атаулы шаралар өткізумен есте қалдырмақшы. «20 жылдыққа – 20 көшет» көгалдандыру акциясы, БАҚ өкілдері арасындағы футболдан жарыс, дәстүрлі әншілердің концерті, телеарна өмірінен сыр шертетін жинақ басып шығару сияқты көзайым шаралардан бөлек, Халық әншісі Мақпал Жүнісованың қатысуымен қайырымдылық концерті ұйыстырылмақ.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы