Жаңа мешіт ЭКСПО қалашығының аумағында тұрғызылуда. Онда бір мезетте 30 мың адамның құлшылық етуіне мүмкіндік болады. Оның ішінде әйелдерге арналған 3000 орын бар. Ғимараттың жалпы көлемі 57 мың шаршы метрді құрайды, ал мұнарасының биіктігі 130 метрге жеткізілмек. Сондай-ақ күмбезінің диаметрі – 63 метр.
Елбасы осынау ұлық істің Наурыз айының қарсаңында басталуын жақсылыққа жоритынын айтты. Мемлекеттік бюджеттен мешіт құрылысына қаржы бөлінбейді.
– Бұл ел тәуелсіздігінің қарсаңында өткен үлкен мәжілістердің бірінде жоспарланған жұмыс еді. Мешіт салу үшін арнайы қор құрылып, еліміздің белгілі кәсіпкерлері мен қарапайым азаматтары қаржылай үлес қосуда. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында елдің саясатының арқасында өсіп-өніп, бизнесін өркендеткен азаматтардың бір тобы құрылыстың басталу рәсіміне де қатысып отыр, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар жаңа мешіт діни ғимарат болып саналғанымен, Астананың ең бір көрікті әрі туристерді баурап тұратын ғимарат тарының бірі болатынын жеткізді.
– Мен таяуда БАӘ-де болып, алтыннан тұрғызылған шейх Заид мешітін көрдім. Бұл мешіт 3-4 жыл бұрын ғана ашылса да, оған жыл сайын 6 миллион турист барады. Алла ісімізге береке берсін. Ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болсын, – деді Мемлекет басшысы.
Жоспар бойынша мешіт құрылысы екі жыл ішінде аяқталуы тиіс. Ал құрылыстың уақытылы және сапалы жүргізілуі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болады. Президенттің айтуынша, мешіт жобасын бекітер кезде әлемдегі үздік мешіттердің артықшылықтары елеп-екшеліп, ең үздігіне таңдау жасалған.
Қала әкімдігінің жоспары бойынша елорданың Бас мешітінің қапталынан көлемі Ботаникалық бақтан да үлкен саябақ орын тебеді.
Мешіт құрылысына тапсырыс беруші «Астана-2020» қорының атқарушы директоры Нұржан Мыңжасаровтың айтуына қарағанда, құлшылық үйіне әлемдегі ең заманауи материалдар пайдаланылмақ.
Мешіттің аумағында 3500 көлікке арналған жабық және ашық автотұрақтар қарастырылған.
– Бұл мешіт Орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінің ішіндегі ең алып және бірегей мешіт болуы тиіс, – деді журналистерге сұхбат берген Н.Мыңжасаров.
Енді 24 айдан соң Астанаға әуежайдан келер тұста ең бір сәулетті мешіт жамағатқа есігін айқара ашады.
Құрылысқа жауапты компания өкілдері жұмыстың ең қызған тұсында бір мезетте шамамен 2,5 мыңдай құрылысшы тартылатындығын айтып отыр.
Жауапты жұмыстың маңыздылығы мен жауапкершілігі қазірдің өзінде қажетті құрылыс көліктерінің тізіліп қойылғанынан да аңғарылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына барды.
Нұрсұлтан Назарбаев елорданың Алматы ауданындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаңа ғимаратын аралап көрді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазіргі жұмысымен және алдағы жоспарымен танысты, сондай-ақ қызметкерлермен әңгімелесті.
– Сіздердің жұмыстарыңыз үшін барлық жағдай жасалды. Біз сіздермен бірге халықтың игілігі үшін еңбек етеміз. Егер мемлекетте бірлік пен келісім болмаса, ондай елдің болашағы жоқ, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, Діни басқарманың жұмысына табыс тіледі.
* * *
«Нұрлы Астана» корпоративтік қоры Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаңа ғимаратының құрылысын 2015 жылдың қазан айында бастап, 2018 жылғы желтоқсанда аяқтады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»