19 Наурыз, 2019

Қимастықтың көз жасы

1711 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қимастықтың көз жасы

– Біздің қалада қазақтан орыс­тар көп, – деп әңгімесін бас­тады, қарағандылық танысым. – Баяғыдан солай. Сонау бір дүние бүлінген тоқсаныншы жылдары біз де ауылдан ауып, осында көшіп келген едік. Қаланың шет жағында орын тепкен отыз пәтерлі шағын үй­ден баспана сатып алдық. Содан бері жылжып жылдар өтті. Көршілеріміз бұрынғыдай орыс-орман. Тұмсық тіреп кездесіп қалғанда ғана әйтеуір, бас изеп сә­лемдесудің ишарасын жасаған боламыз. Әйтпегенде, көршілерді жау шауып кетсе де, хабарымыз жоқ. Тіпті, осылай болғаны дұрыс сияқты сезілетін. Басқадай өмір сүрудің қажеті болмас деп ойлаушы едік…

Сөйтсек, біз шынайы өмірдің не екенін білмеппіз. Көкірек көзімізді тәкап­парлық тұмшалап, иманымызды шайтан түгін қоймай боршалап тастапты. Сөйтіп, күңгірт үң­гірде, күлімсі көңілмен, күлді-кө­меш өмір өткізіппіз. Алда-жалда біз тұрған үй­­ге Анадолыдан Махмұд Аднан кө­шіп келмегенде, бұрынғы күлді-көмеш өміріміз еш өзгермес те еді. Тас қа­быр­­ғалармен құрсауланған темір есік­ті пәтерімізде көршілерге сырттай тепсініп қойып жата берер ме едік… Бәрі ойда-жоқта өзгерді.

Екі жыл бұрын біз тұрған отыз пәтерлік шағын үйге, нақтырақ айт­қанда, бірінші кіреберістің екінші қаба­тында тұратын әзербайжан Ка­зимнің пәтеріне Махмұд көшіп келді. Қасында құйтақандай әйелі бар, онысының жүзін бізге көрсетпейді, орап-қымтап қойған, бес-алты жас ша­масындағы бұйра шаш ұлын жанынан тастамайды… Әуелі, бәріміз оған одырайып қарадық. Сақалды жігіттерді адасқандар (өзіміз тап бір тура жолда жүргендей) деп санайтын әде­тіміз бойынша, кекірейіп, керіліп, Мах­мұдтың қасынан шірене басып, шікірейіп өтеміз. Ал Мақаң болса, екі көзі мөлдіреп «Ассалаумағалейкум» деп, қиылып тұрады. Тіпті өзінің көр­шісі Вера әжейге де дәл осылай аман­дасады.

Қысқасы, Махмұд таңнан тұрып, ал­дымен екі подъезді үйдің алдын жы­лан жалағандай тазалайды, келген күні өз қолымен орнатқан есік алдын­дағы көк орындыққа жайғасып алып, ұй­қылы-ояу үйден шыққан (жұмысқа баруға) барлық көршіге сәлем береді. Қазақ болған соң өз басым ұялғаннан барып Махмұдтың қолын алған боламын. Басқалар қабағынан қар жауып, ыздиып тұрып «здрас…» деп өте береді. Олардың соңында риза кейіп­­пен басын иіп түрік бауырымыз қала­ды.

Махмұдтың өзі қаланың шетін­де орна­ласқан тасты үгітіп қиыршықтай­тын цехтың қатардағы шолақ бас­тықтарының бірі. Сағат таңертеңгі он­дарда қызмет машинасы келіп алып кетеді. Кешке елден бұрын әке­ліп тас­­тайды. Қалған уақытында Мах­мұд­ тірнектеп сауап жинайды. Біз­дің бей­піл тірлігіміз Махмұд үшін сауап­тың кө­зіне айналды.

Мақаң күн сайын кешке көршісі Вера әжейді қолтықтап далаға, яки таза ауаға алып шығады. Бұрындары әрі-бері өткен көршілерді күңкілдеп, жақтырмай отыратын Вера кемпір мәз. Басқасы басқа Махмұд бей орыс әжесінің күлімсі иіс жайлаған жа­ман үйін жуып-шайып тазалап тас­тапты. Қолы қалт еткенде өз үйі­нен тамақ әзірлеп, апарып береді. Көбін­де тісі мүжілген әжесіне дәмді етіп түрік быламығын жасайды. Құдай сауап­қа жазғыр Махмұдтың бұл әре­кетін ішінде өзім де бар қала қазақ­тары оғаш көрдік. Қайдағы бір орыс кем­пірді асырап-баққаны несі деп қоя­мыз. Мүмкін бұл түрік біздің жақтың жөн-жосығын білмейтін шығар. Айту керек екен…

Содан бір күні келесі подъезде тұ­ратын Төлеубек құрдасым екеуміз түрік бауырды шақырып алып: «Ей, Махмұд бей, сен ана кәрі кемпірді кү­тіп-бағып жүрсің, ол орыс, яғни христиан ғой, оның қалай болғаны…» деп сыр тарта сөйледік. Біздің сөзімізді ес­тіген Махмұдтың қос жанары бота­лап кетті. Пәтшағардың көзі қандай мөлдір еді. Қарап тұрып аяп кетесіз. Төлеубек құрдасым «ондыққа дәл тигіздік пе?» дегендей маған масаттана қарап қояды. Содан Махмұд сөз бастады. Көзінің жасын сүртіп тұрып: мұсылман баласы үшін көршінің хақысы деген болатынын, ол мейлі христиан бола ма, кәпір бола ма, оған көмектесуді Алла бәрімізге бұ­йыр­­ғанын, өзі сол Алланың бұйры­ғын орын­дап жүргенін жеткізді. Алла өзінің бұйрығын орындаған құлына сансыз сауаптар жазатынын түсін­дірді… Солай ма? Қызық екен!

Осылай азғана күннің ішінде біз­дің күлді-көмеш өміріміз өзгеріп са­ла берді. Қоқысқа толып жататын ауламыз тазаланды. Бір күні есік алдындағы ескі тротуарды жағалатып Махмұд ағаш отырғызыпты. Онысын күнде таңертең ерте тұрып, суарады. Біздің подъезде өмірі жарық бо­лып көрген емес. Тіпті бұрын жа­рық болған ба… ол жағын ешкім біл­мейді. Бірде жұмыстан кештетіп кел­сем, қараңғы көрдің аузындай үңі­­рейіп тұратын кіреберіс жап-жа­рық, тіпті әрбір қабатқа дейін шам ор­натып қойыпты. Құдай тілеуіңді бер­гір, мұны біздің ақша жинаудан бас­қаны білмейтін КСК (Пәтер иелері мекемесі) орнатып қойған шығар деп қайран қалдым. Сөйтсек бұл Махмұд­тың ісі екен.

Күндер өте келе бәріміз Махмұдты сыйлай бастадық. Махмұд бізге емес, біз Махмұдқа бұрылып барып сәлем беретін болдық. Баяғыдан бейпіл өскен біз қарақтар, үйіміздің шамы жа­нып кетсе, есіктен аттап шығып қана коридордың жарығын жұлып алып қондыра саламыз. Ертеңінде қара­сақ біз ұрлаған шамның орны толып тұрады. Баяғы Махмұд, өз ақ­шасына сатып алып орнатып кеткен. Со­нымен қысқасы, адамның жаратылысында ұят деген бар ғой, ұятымыз оянып көше шамын ұрламайтын болдық. Аулаға қоқыс лақтырып тас­тауды да қойдық. Лақтырып кеп жі­берген қоқыс тола дорбаңды мына жақта тұрған Махмұд іліп алып, тұра жөнел­генде ұяты бар адам шыдамайды екен.

Ақырында барлық көрші-қолаңдар Махмұд өз қолымен орнатқан үлкен қо­қыс сандығына қолындағы дорбасын өз аяғымен апарып тастайтын күй­ге жетті. Әсіресе қыста жауған қар­­­ды алғашында Мақаң жалғыз өзі кү­рейтін еді, Вера әжей аюдай ақы­рып, тұрғындардан кезек жасап, оны өзі бақылап іске кірісті. Нәтижесінде есік алдында бала-шаға жығылып-сүрініп, қарға омбылап жатпайтын болды. Үйдің артындағы сортаң алаң­қайға Махмұд тонналап тас төгіп ма­шина қоятын тұрақ жасап берді. Бұрын есік алдында үймелеп тұратын жеңіл көліктерімізге орын табылып рахат­танып қалдық.
Сөйтіп жүргенде көктем келді. Бая­ғы Махмұд «қадірлі қардаштар Наурызда тойлайық, бұл бірлік пен тату­лық мерекесі» деп жар салды. Тура мейрам күні Махмұд қайдан тап­қанын білмедік екі киіз үй тігіп тас­тады. Ертеңінде көршілер жиналып, мә­ре-сәре мейрамдадық кеп. Орыс, қа­зақ, әзербайжан, украинымыз бар бір дастарқан басында бас қостық. Мах­мұд бәрімізге сыйлық үлестірді. Біз де қарап қалмадық, үйіміздегі тәтті-дәмді тағамдарымызды арқалап келіп, ортаға жайдық. Шопыр Вадим бір дорба шөлмек арқалып жеткен екен, оған біздің Махаң ұрыспай-тырыспай жайлап түсіндіріп, жөнге салды. Вадим болса, арақ-шарап іш­пейтін, көршілерді ынтымаққа, бір­лікке шақыратын бұл неткен жақсы мей­рам деп арқа-жарқа…
Сонымен Махмұд бейдің арқасын­да бейжай, берекесіз өмір сүріп жат­­қан көрші-қолаңдар бір үйдің бала­сындай ынтымаққа ұйыстық. Бұ­рындары жақсылықты бізге келіп бі­реу істеп беретін сияқты, бастық көр­сек міндетсіп, біздің ақымызды жеп жатқандай шатынап кетуші едік. Онымен қоймай, екі сөзіміздің бірі ғайбат болатын. Бұның бәрі қате екенін бізге Махмұд жақсылап түсіндірді. Шын жүрегімен егіліп айтты. Шын жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді, деген рас екен. Әйтпегенде осы Махмұд айтқан уа­ғыз­дарды газет-журнал, радио-теледидардан күнде естіп жүрміз, бірақ ешқандай бойымызға сіңіре алған жоқпыз.

Адам баласы бейбіт өмір сүру үшін алдымен көршісімен тату болуы ке­рек екен-ау. Пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Көршісі аш жатқанын біле тұрып, өзі тоқ жатқан мұсылман толық мүмин емес» депті. Осыны Мақаң бізге үздіксіз айтумен болды.

Осылай біздің өміріміз өзгерді. Мұсылманшылықтың не екенін түрік бауырымыз бізге іс-амалымен көр­­сетті. Мейлі кім болсын, адам ба­­­­­ла­сының жаны мейірімділікті, та­тулықты қалайды. Оны тапқан кезде бақытты өмір сүреді. Махмұд бізге осы жолды үйретті. Қырық ұлттан құралған біздің аула тұрғындары «ынтымақ» атты киелі шаңырақ астына біріктік…

Бір күні жұмыстан келсем есік көзінде Вера әжей егіліп жылап отыр. Сізге не болды десем: «Махмуд переезжает» дейді. Мен сасқанымнан «куда?» деппін. Вера әжей қолын тым алысқа қарата сілтеді. Он күннен соң бәріміз жиналып Махмұдты шығарып салдық. Көршілерден жыламаған жан қалмады. Қимай-қимай қоштастық. Ол шартты уақыты бітіп еліне кетті… Татулықтың дәмін татып қалған біздер әзірге аманбыз. Махмұды жоқ бізден кейінгілер қайтер екен?

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»