«Эндеваскулярлық әдіспен ми тамырлары аневризмі мен мойын тамырларының тарылуын емдеу» шеберлік сағаты кезінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, жоғары санаттағы дәрігер-нейрохирург, «ОКА» АҚ нейрохирургиялық орталығының жетекшісі Мыңжылқы Бердіқожаевтың қатысуымен бірнеше отаның жаңа түрі жасалды.
– Эндеваскулярлық ота, яғни тамырішілік әдіспен ми тамырларын, тіндерін теспей, кеспей-ақ ота жасауға мүмкіндік береді. Және осы арқылы денсаулыққа төнетін қауіп барынша азаяды, – дейді Мыңжылқы Сайлауұлы. – Эндеваскулярлық хирургияның мәнісіне келсек, дәрігерлер мұндай күрделі отаны жасаған кезде, науқастың ағзасына пышақ тигізбей-ақ, қан тамырлары арқылы жүріп отырады. Адам ағзасындағы сан артериясы, сирек жағдайда ұйқы артериялары арқылы күре тамырларға екі миллиметрлік катетер салынады. Жіңішке катетер қолқа тамырмен ми тамырларына дейін апарылады да, дәрігер көзге көрінбес катетер ұшындағы микроқұралмен қажетті әрекеттерін жүзеге асырады. Сондай-ақ қанға жіберілген контрастық сұйықтық арқылы хирургтар катетердің қимылын рентген аппаратымен бақылап отырады.
Қазіргі таңда эндеваскулярлық емдеу әдісі нейрохирургияда ми тамырлары аневризмін емдеу барысында үлкен сұранысқа ие. Аневризм – бұл ми қан тамырларының тозып, созылуының нәтижесінде томпайып пайда болатын кесел. Бұл қалташық жарылып кеткен жағдайда миға қан құйылады.
Дәл қазіргі таңда «Совминка» нейрохирургия орталығының жоғары санаттағы дәрігерлері мұндай заманауи медициналық процестерді жақсы меңгеріп, эндеваскулярлық оталардың барлық әдістерін сәтті жүзеге асырып отыр.
Ал жоғарыдағы шеберлік дәрісі кезінде Қазақстан, Италия, Украина мен Латвияның нейрохирургтары өзара тамаша тәжірибе алмасты.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ