− Кейінгі кезде ақпарат құралдарында өңдеуші кәсіпорындарда астықтың тапшылығы сезіліп жатқаны, соның салдарынан нан бағасының қымбаттағаны туралы ақпарат тарады. Айта кетерлігі, өткен жылдың соңында, биылғы жылдың басында астық бағасының өскендігін көріп отырмыз. Аталған мерзімде астықтың тоннасы 75 мың теңгеге дейін жетті. Бағаның күрт құбылуы Орталық Азия, Иран және әлемдік нарықта астық бағасының жоғарылауымен тығыз байланысты болып отыр. Бұл бір жағынан тиімді деуге болады. Өйткені біздің астық өңдеушілеріміз өздерінің өнімін жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылып, көктемгі жұмыс науқанына қаражат жинап алады. Бұл мәселенің екінші бір жағымсыз тұсы, нан бағасының қымбаттауына келіп тіреледі. Бірақ кейінгі екі аптаның ішінде астық бағасы түсті, – деді министр.
Оның айтуынша, қазір бидайдың 1 тоннасы – 65 мыңнан 67 мың теңге шамасында. Баға айырмашылығы астықтың сапасына байланысты.
− Қазір республикада ресми статистикаға және әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес 10,5 млн тоннаға жуық астық бар. Оның ішінде лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында – 3,7 млн
тонна, ұн тарту кәсіпорындарында – 462 мың тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 6,3 млн тонна астық бар. Есептік мәліметтер бойынша, қолда бар астық көлемі экспорттың жоспарлы көрсеткіштерін қамтамасыз етуге және елдің ішкі сұранысын қамтуға жеткілікті. Қазір 8,3 млн тонна бидай бар. Оның 690 мың тоннасы – азық-түлік қажеттіліктеріне, 1,6 млн тоннасы – тұқымдық мақсатқа, 730 мың тоннасы – жемдік астыққа, 128 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге жұмсалатын болады, – деді министр. Оның айтуынша, жыл соңына дейін экспортқа 2,2 млн тонна астық жөнелту жоспарланып отыр, осыған дейін 6,7 млн тонна астық тиеліп қойылған. Нәтижесінде, келесі жылға ауысатын қалдық ретінде 2,9 млн тонна қалады. Демек, еліміздегі өңдеуші кәсіпорындарда астық жетіспей жатыр деген әңгіме қисынсыз көрінеді.
– Республикада астық толық жеткілікті. Ескеретіні, астықтың бағасы да қатты қымбаттап жатқан жоқ. Сол себепті нанның бағасы шарықтамайды. Бізде екі түрлі нан бар! – Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалатын нан және бірінші сорт ұннан жасалатын нан. Жоғарғы сұрып ұннан жасалған нанның бағасы 130-140 теңге, ал бірінші сұрып ұннан піскен нан – 75-78 теңге. Біздің негізгі өзіміздің қолданып жатқан нанымыз – бірінші сұрыптағы нан, – деді С.Омаров.
Айта кетерлігі, 2015 жылы экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімі бойынша мемлекет нан бағасын реттеп отырудан бас тартқан болатын. Министрлік келтірген мәліметке сүйенсек, 2016 жылғы бағамен салыстырғанда, 2019 жылы әлеуметтік нан бағасы 6 теңгеге өскен. С.Омаровтың пайымдауынша, астық бағасының жыл сайын өсуіне түрлі факторлар әсер етеді. Алайда, астық бағасының нанның өзіндік құнындағы үлесі 50%-ды құрайды, қалғаны – жанар-жағармай, жалақы, электр энергиясы, әкімшілік және басқа да шығындар есебінен қосылады.
Осы жиында айтылғандай, өңірлердегі әкімдіктер тұрғындарға арналған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауына жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі белсенді қолданылып келеді, оларға кейіннен тұрғындар қамтамасыз етілетін бірқатар тауар түрлері сатып алынуда. Қазір тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»