Өз сөзінде Қазақстанның вице-премьері бүгінде Орталық Азия аймағының елдері көршілік және өзара мүдде қағидаттары негізінде барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін көрсететінін атап өтті. Аймақтағы ынтымақтастықтың жаңа қарқыны өз жемістерін беріп жатыр. Тауар айналымы айтарлықтай ұлғайтылды, жаңа әуе, автокөлік және темір жол қатынастары, өткізу пункттері ашылып, жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.
Қазіргі таңда елдер арасындағы өзара сауда тауарларының номенклатурасын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Қазір Орталық Азия аймағының нарығында сұранысқа ие 45-ке жуық тауарлар позициялары анықталған, Қазақстан оны жеткізу көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
Аймақтық өзара іс-қимылды жандандыру үшін «бестік» елдерін экономикалық дамытудың шоғырландырылған тәсілдерін әзірлеу және ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру қажеттігі аталып өтті.
«Тау-кен өндірісі, су және ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, азық-түлік өнеркәсібі, көлік және коммуникациялар салаларында инвестициялық ынтымақтастық орнатуға үлкен мүмкіндік бар. Орталық Азия елдерінің сауда-инвестициялық ынтымақтастығын жақсарту үшін елдерімізді байланыстыратын темір жолдардың әлеуетін тұтастай пайдалануды ұсынамыз. Барынша тиімді әрі қарқынды ынтымақтастық үшін темір жол транзиттік тасымалдарын ұйымдастыру кезінде бізге оңтайлы тарифтік саясатты ұстану қажет. Өнімдерді тасымалдау кезінде әкімшілік рәсімдерді жеңілдету біздің елдеріміз үшін жағымды мультипликативті нәтиже алуға жол ашатынына сенім білдіремін», деді Ж.Қасымбек.
Еуропа мен Азияның қарқынды дамушы әрі сыйымды нарықтарын ескере отырып, ОА елдеріне келісілген саясат арқылы тарихи байланыстырылған көлік күре жолдарының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Осыған орай, ОАЭФ барысында Қазақстан Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанды қоса алғанда Оңтүстік және Орталық Азияның барлық елдерінің өкілдерінің қатысуымен «Орталық және Оңтүстік Азияның көлік-транзит дәліздерін дамыту жөніндегі кеңес» мемлекетаралық кеңесші және үйлестіруші органын құруға бастама білдірді.
Қазақстанның Орталық Азия елдері-
мен сауда айналымы 2018 жылы 18,4% өсім көрсетіп, $4,3 млрд құрады. Оның ішінде, Өзбекстанмен тауар айналымы 25,3% ұлғайып, $2,5 млрд құрады; Қырғызстанмен – 13,1%-ға артып, $865,3 млн құрады; Тәжікстанмен – 8%-дан астамға ұлғайып, $845,9 млн құрады.
І Орталық Азия экономикалық форумы аясында GM «Uzbekistan» және «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС ірі автоөндірушілері арасында өндірісті дамыту бойынша келісімшартқа қол қойылды.
Қол қою рәсіміне Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Қасымбек пен Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Э.Ганиев қатысты.
Кездесу барысында автомобиль өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық перспективалары, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, аймақтық сауда-саттықты ынталандыру мәселелері талқыланды. Тараптар 2019 жылдың соңына дейін Қазақстанның нарықтарында да, Ресей Федерациясын қоса алғанда, экспорттық нарықтарда да өткізу үшін 16 мың техника шығару туралы келісімге келді.
Автоөндірушілер сонымен қатар бірлескен кәсіпорын құру, жергіліктендіруді тереңдету бойынша кезең-кезеңмен жұмыстарды қолға алу, оның ішінде автокомпонентті базада, жаңа бәсекелі модельдер бойынша ынтымақтастықты жалғастыру, өндірілетін өнім сапасын жақсарту шаралары туралы мәселелерді талқылады.