Мәдениеттер тоғысындағы мекен
Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:31
Бейжің… Ежелгі өркениет мекені. Қытайдың саяси, білім-ғылым және мәдени орталығы. Қытай астанасы – Бейжің жалпы қабылданған шығысазиялық дәстүрге сәйкес, «Солтүстік астана» атауын иеленген. Негізінен Бейжің атауы Қытайға осыдан 400 жылдан астам уақыт бұрын қоныстанған, қаланың бастапқы атауын өзгерткен француз миссионерлері екен.
3. Дамудың бірегей үлгісі
Мәдениеттер тоғысындағы мекен
Сәрсенбі, 15 тамыз 2012 7:31
Бейжің… Ежелгі өркениет мекені. Қытайдың саяси, білім-ғылым және мәдени орталығы. Қытай астанасы – Бейжің жалпы қабылданған шығысазиялық дәстүрге сәйкес, «Солтүстік астана» атауын иеленген. Негізінен Бейжің атауы Қытайға осыдан 400 жылдан астам уақыт бұрын қоныстанған, қаланың бастапқы атауын өзгерткен француз миссионерлері екен.
3. Дамудың бірегей үлгісі
Бүгінде Бейжің – әлемнің халық тығыз қоныстанған ең үлкен мегаполистерінің бірі. Қала тұрғындары санының 20 миллионға жуықтауы осының айғағы. Ол өз экономикасын жыл санап, күн санап қарқынды түрде дамытып келе жатқан бірден-бір қала. Оған Бейжің экономикасының 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,2 пайызға өскені де дәлел бола алады. Бейжіңнің статистикалық басқармасы мен Қытайдың мемлекеттік статистикалық басқармасының мәліметтері бойынша, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында қаланың негізгі қорларына құйылған инвестиция көлемі 11 пайызға артып, 262,51 млрд. юаньды құраған екен. Ал дәл осы кезең бойынша тұтыну тауарлары бөлшек саудасының көлемі 13 пайызға ұлғайып, 365,17 млрд. юаньға жетіпті. Сыртқы сауданың жалпы мөлшері де 12,3 пайызға артып, 208,69 млрд. АҚШ долларын құраған.
Қала халқының жан басына шаққандағы орташа кірісінде де едәуір ілгерілеушілік бар. Ол 11,8 пайызға көтеріліп, 18154 юаньға жетсе, ауыл халқының жан басына шаққандағы орташа табысы 8,8 пайызға өсіп, 9832 юаньды құраған. Қала экономикасында мұндай оң өсімнің байқалуы жөнінде ел сарапшыларының өз болжамдары бар. Олардың пікірінше, Бейжің экономикасының бұлайша қарқын алуы – жергілікті әкімшіліктің экономикалық құрылымды ретке келтіру және ішкі сұранысты кеңейту бағытындағы іс-шараларды дұрыс жолға қойғандығында.
Аспанасты елі астанасының ішкі кірісінің молаюына сырттан келген туристердің де үлес салмағы басым екен. Бүгінде Бейжіңдегі негізгі туристік нысандардың саны 200-ге жуықтаса, күн өткен сайын оларды келіп көрушілердің қатары арта бастаған. Мәселен, 2011 жылы Бейжіңге келген туристердің саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,2 пайызға көтерілуі, ал осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіш бойынша, Қытай астанасына ағылған шетелдік туристер санының 2011 жылмен салыстырғанда, 4,2 пайызға өсіп, 2,5 миллион адамды құрауы – осының анық дәлелі. Осы орайда, өткен жылы Бейжіңге туризмнен түскен табыстың шамаменен 51 миллиард АҚШ долларына пара-пар болғанын да атап өтуге болады. Демек, бұл көрсеткіштердің барлығы Бейжіңнің нағыз халықаралық мегаполиске айналғандығының бір айғағы.
* * *
Тяньцзинь… Бұл қаланың 600 жылдық тарихы бар. Ол Бохай шығанағы және Хайхэ өзенінің жағалауын бойлай орналасқан Солтүстік Қытайдың ең ірі теңіз порттарының бірі. Тяньцзинь қаласы бір көрген жанды дәстүрлі және қазіргі заманғы стильдер шендесе өрілген кескін-келбетімен баурап алады. Қаланың архитектурасы Шығыс пен Батыстың ықпал-әсері негізінде бедерленген қолтаңбасымен көзге түседі. Мұндағы батыстық сипатқа сай келетін бұрынғы концессияларының орнында 19-ғасырдан тамыр тартатын еуропалық ғимараттардың тұтас бір кварталы орналасқан. Бүгінде мұндай ғимараттардың саны шамамен, 1000-нан асып жығылады екен. Олардың алғашқысы 858 жылы бой көтеріпті. Бұл батыстық державаларға Қытайдың аумағында концессиялар салуға рұқсат беретін тең емес құқыққа негізделген келісім-шартқа Цинь сарайының еріксіз қол қоюға мәжбүр болған кезеңімен тұспа-тұс келеді деседі.
Тяньцзинь қаласы екінші апиын соғысы кезінде ағылшындар мен француздардың бомбалауына да ұшыраған екен. Десек те, Тяньцзинь Ұлыбритания мен Францияның ғана емес, Жапонияның, Германияның, Ресейдің және Австрияның қысым-ықпалымен де бірнеше аймақтарға бөлініпті. Мұны қаланың орталық көшелерін бойлап келе жатқанда анық аңғаруға болады. Қаланың орталық көшелері бейнебір ақ-қара түсті кинотуындыларды еске түсіретіндей көрінеді. Мәселен, бір ғана «Бесінші авеню» деп аталатын кварталда дәл осындай 230-ға тарта еуропалық ғимарат орналасқан. Себебі, бұл квартал кезінде Қытайда зұлымдықпен боялған сатқындық пен сан түрлі саяси шиеленістердің алаңы міндетін атқарған. Қаланың бұл ауданында ең бір ықпалды деген саясаткерлер мен милитаристер, яғни соғысқұмарлар өздерінің резиденцияларын тұрғызғандықтан, ол 1949 жылға дейін «Үкіметтік көше» деген атпен әйгілі болыпты. Ал қазіргі таңда «Бесінші авеню»-де біртіндеп жаңа ғимараттар бой көтеруде. Бірақ, олар осы ауданның бұрыннан қалыптасқан архитектуралық сән-салтанаты мен тұтастығын бұзбауы үшін тегістей еуропалық стильмен салынуда.
Ал қаланың Цифэн деп аталатын тағы бір көшесі бір кездері француз концессияларының орталығы саналыпты. Ал бүгінде бұл орталық «тяньцзиньдік сән-үлгінің» бірден-бір нүктесіне айналған. Сол себепті мұнда жергілікті сәнгерлер мен дизайнерлердің шебер қолынан шыққан киімдер сатылатын сауда орындары орын тепкен. Әйтсе де шетелдіктер бұл қалаға тек тұрғын үй кварталдарын ғана емес, көптеген ғибадатханалар мен шіркеулерді де қалдырыпты. Бұған қаланы аралай жүріп, анық көз жеткізуге болады. Мәселен, солардың ішінде Ванхай Лоу шіркеуін айрықша айтуға болады. Бұл шіркеуді 1869 жылы француз католиктері салдырыпты. Бірақ, Қытай мен батыстық империалистік күштердің арасындағы әскери қақтығыстардың әсерінен ол бірнеше мәрте қиратылып, қиранды жерден бұл шіркеу қайта бой көтерген екен. Қазіргі таңда шіркеу толық дәрежеде қалпына келтірілген.
Ал Тяньцзиньдегі басты буддалық ғибадатхана – Ұлы рақымшылық ғибадатханасы. Хэбей көшесінде орналасқан бұл ғибадатхананың шамамен 300 жылдан астам тарихы бар. Оның ішінде өткен ғасырлардан сыр шертетін қоладан, ағаштан және көкшіл түсті минерал нефриттен жасалған бірегей ескерткіш-мүсіндер сақталған.
Тяньцзинь көшелерінің орналасуы бір қарағанда, үлкен лабиринтке ұқсайды. Себебі, кең көшеден бұрылған кезде бұрынғы концессиялардан қалған тар аллеялар мен Қытайдың «хутун» деп аталатын дәстүрлі тұйық көшелерінің тұтасып және бірігіп кетуінен оп-оңай адасып кетуге болады. Сондықтан мұндай көне кварталдарды осы жерден жалға алуға болатын арнайы велосипедпен аралау анағұрлым ыңғайлырақ.
Тяньцзинь 100 жылдан астам уақыт бойы Батыстың тікелей қысымы мен ықпал-әсеріне көп ұрынғанына қарамастан, қаланың өн бойынан өзіне тән ерекшеліктерін де жазбай тануға болады. Мәселен, қала ішінде дәстүрлі өнердің орталықтары сол күйінде сақталған. Мұндай орталықтары бар көшелерден жәдігерлер мен қолдан жасалған дәстүрлі кәдесыйларды, яғни нағыз өнер туындыларын сатып ала аласыз. Біз сияқты сырттан келген жандарға арналған сан түрлі қызылды-жасылды заттардан бөлек, бұл жерлерден саз балшықтан жасалған мүсіндерді де кездестіруге болады. Олардың барлығында өмірдің шынайы бедері көрініс тапқан. Олар сонысымен де қызықтырады, сонысымен де таң қалдырады. Бұл мүсіндер қарапайым адамның тағдыр талайында кездесетін қайғы мен қуаныш, өкініш пен өмірге құштарлық секілді сезімдерді сәтті бейнелеуімен ерекше.
Бүгінде Тяньцзинь халқының басым бөлігі қытайлар болғанымен, мұнда ел аумағында тіркелген 53-ке тарта аз ұлттың өкілдері қоныстанған. Қала тұрғындарының басым бөлігін, әсіресе, корейлер, шүршіттер, моңғолдар құрайды. Негізінен Тяньцзинь халқы көбіне көңіл-күйге берілгіш және өте әңгімешіл болып келеді екен. Қытайдың «сяншен» деп аталатын ауызекі сөйлеу жанрының көпке танымал шеберлерінің көбіне-көп дәл осы Тяньцзинь қаласынан шығуы осының дәлелі. Сондай-ақ Қытайдың солтүстік бөлігіндегі бұл қала өзінің комедиялық актерлерімен де танымал. Мысалы, Қытайдың Го Дэган және Ма Саньли деген комедиялық жанрдың атақты актерлері халық алдына шыққанда, көбіне-көп тяньцзиньдік диалектіні қолданатын көрінеді.
Тяньцзинь – маңызды темір жол торабы. Бір ғана мысал. Бейжің мен Тяньцзинь қалаларының ара қашықтығы 120 шақырым. Алайда, екі қаланың арасы аса жоғары жылдамдыққа ие темір жол магистралімен жалғанған. Жоғары жылдамдықтағы жүрдек пойыз 2008 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген екен. Ол – Қытай елінінің сағатына 350 шақырым жылдамдықты артқа тастайтын алғашқы темір жол желісі. Егер, сіз бұл темір тұлпарға отырсаңыз, Бейжіңнен Тяньцзиньге небәрі 30 минөттің ішінде-ақ жетесіз. Бұл қаланың жедел әрі қарқынды дамуының нақты көрсеткіші.
Бүгінде Тяньцзинь Қытайдағы индустрияландыру жүйесінің негізгі локомотивіне, ауыр және жеңіл өнеркәсіптің ірі орталығына да айналып үлгерген. Сондай-ақ ол ірі сауда және қаржы орталығы. Мәселен, қаладағы экономиканы дамытудың арнайы аймағы Аспанасты еліндегі ең бір бәсекеге төтеп беретін аймақ саналады. Қазіргі таңда Бейжің мен Тяньцзинь қалалары халық көп тұтынатын сапалы тауарларды өндіретін ортақ рынок жүйесін қалыптастырған. Ол өнімділік мөлшері жағынан да, даму динамикасы тұрғысынан да Шанхай мен Гуанчжоу қалаларындағы нарықтық жүйеден еш кем түспейді.
Түйіндей айтқанда, Тяньцзинь қазіргі заманғы экономикалық жүйенің барлық критерийлерін негізге ала отырып, дамудың өзіне лайықты баспалдағына көтеріле білген қала. Ал бұл қаланың Қытай үшін, Қытай экономикасы үшін қандайлық маңызға ие екендігін 6 млн.-ға жуықтайтын қала тұрғындары да түсінеді, мақтан еді. Олар қаланы одан әрі өркендету мен өрістету жолындағы талап-тілек үдесіне сәйкес еңбек етуде.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Бейжің – Тяньцзинь.