Оңтүстік Америка Британияны айыптады
Сейсенбі, 21 тамыз 2012 7:19
Оңтүстікамерикалық ұлттар одағы 12 елінің сыртқы істер министрлері Эквадорға қоқан-лоқы жасағаны үшін Ұлыбританияны айыптады.
Дипломаттардың наразылық білдіруіне Британ өкіметінің Лондондағы үстіміздегі жылдың маусым айынан бері WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассандж жасырынып жүрген Эквадор елшілігін басып алу жөніндегі мәлімдемесі себепкер болған.
Сейсенбі, 21 тамыз 2012 7:19
Оңтүстікамерикалық ұлттар одағы 12 елінің сыртқы істер министрлері Эквадорға қоқан-лоқы жасағаны үшін Ұлыбританияны айыптады.
Дипломаттардың наразылық білдіруіне Британ өкіметінің Лондондағы үстіміздегі жылдың маусым айынан бері WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассандж жасырынып жүрген Эквадор елшілігін басып алу жөніндегі мәлімдемесі себепкер болған. Осы жылғы 19 тамызда Сантьяго де Гуаякильде UNASUR өтіп, оның қорытындысы бойынша қол қойылған коммюникеде Эквадордың Ұлыбритания мен Швецияның австралиялықтың қауіпсіздігіне кепілдік бермей, оны Америка өкіметіне тапсырмау туралы өзіне міндеттеме алмауына байланысты осындай шешім қабылданғаны айтылған.
Депутаттар саны жетпей қалды
Жарты ғасыр ішінде алғаш рет Сомалиде дүйсенбіде өтуі тиіс болған президент сайлауы парламентте депутаттар санының жетіспеуіне байланысты белгісіз мерзімге кейінге қалдырылып отыр.
Коррупция мен заң бұзушылықтардың өршіп кеткені сондай, бүгінде парламенттегі 275 орынның 225-де ғана депутаттар бар. Сомали президенттігіне кандидаттардың түпкілікті тізімінде қазіргі күні 20 адам бар. Дегенмен саяси бақылаушылар қазіргі мемлекет басшысы Шейх Шариф Шейх Ахмад, премьер-министр Абдивили Мохамед Али және парламент спикері Шариф Хасан Шейх Аденнің президент болудан үміттері көбірек деп санайды.
Америкалық мас конгрессмендер әрекеті
АҚШ-та өткен жылдың тамызында Израильге сапармен келген республикалық партияның 30 конгрессменіне қатысты жанжал туындады.
Журналистік зерттеулер барысында конгрессмендердің бір кешкі көңіл көтеруде алкогольді ішімдікті көбірек ішіп, отбасы мүшелерімен және көмекшілерімен бірге жаппай шомылу ұйымдастырғаны анықталып отыр. Мас күйде шомылуға 20-дан астам адам қатысқан. Олардың ішінде Стив Саутерленд (қызымен), Том Рид (әйелімен), Бен Куэйли, Джеф Денхэм және Майкл Гримм, сол сияқты Стив Стомберс, Тим Берри тәрізді конгрессмендердің көмекшілері болған көрінеді. Олардың кейбіреулері суға киімдерімен сүңгісе, енді біреулері тыр жалаңаш шешінген деген мәлімет бар.
Қытай Жапонияға наразылық білдірді
Токио Пекиннен ҚХР-дағы жапон азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап отыр.
Осының алдындағы күні Қытайдың бірқатар қалаларында Жапонияға қарсы ереуілдер болып өтті. Адамдар көшеге шығып Қытай жағы өзінікі деп санайтын Сенкаку (Дяоюйдао) аралдары төңірегіндегі Жапониямен арадағы аумақтық дауға өздерінің наразылықтарын білдірді. Кейбір қалаларда наразылықтар тәртіпсіздіктерге ұласты. Мәселен, Шэньчжэнде ереуілшілер Жапонияда жасалған полиция машинасын аударып, жапон ресторанының тас-талқанын шығарған
Ливияда тұтқындаулар жүруде
Ливияда бірқатар террорлық актілер жасады деген күдікпен жаппай тұтқындаулар болып өтті.
Жаңа өкімет өздеріне биліктен кетірілген диктатор Муамар Каддафидің жақтастарынан тұратын «қылмыстық топты» жоюдың сәті түсті деп мәлімдеп отыр. Ливияның қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы комиссиясының хабарлауынша, барлығы 32 адам тұтқынға алынған. Олардың бәрі бір-бірімен қылмыстық байланыста тұрған көрінеді. Айта кету керек, осының алдында ғана Триполиде екі бірдей жарылыс орын алған болатын. Оның салдарынан екі адам қаза тауып, төрт адам жарақаттар алған.
Индонезияда жер сілкінді
Жексенбі күні Индонезияның солтүстік бөлігінде орын алған қатты жер сілкінісінен кем дегенде 4 адам құрбан болған.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, зілзала қуаты 6,2 баллға жеткен көрінеді. Жер сілкінісінің ресми тіркелген зардаптары бойынша қазіргі уақытта 4 адам қаза тауып, 7 адам түрлі жарақаттар алған, 51 ғимаратқа елеулі зақым келген. Зілзаланың көптеген лай көшкінін тудыруына байланысты құрбан болғандар санының өсуі мүмкін деген ақпарат бар. Елдің бірқатар өңірлерімен көлік байланысы тоқтап қалған көрінеді.
Суданда ұшақ апаты орын алды
Суданның астанасы Хартумнан 650 шақырым жердегі Талоди қаласы маңайында ұшақ апаты орын алған.
Ұшақ ішінде 32 адам болған. Олардың арасында елдің сенім және дін істері жөніндегі министрі Гази әл-Садек, сол сияқты бүгінде билікте тұрған бейбітшілік және әділеттілік партиясының басшыларының бірі Макки Балайела болған көрінеді. Делегация мұсылмандарды Ораза-Байрам мерекесімен құттықтау үшін Оңтүстік Кордофан провинциясына бара жатыр екен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.