Мемлекет басшысының партияның XVIII съезінде атап өткен тапсырмалары аясында жүзеге аса бастаған «Халыққа көмек» жобасы жергілікті жерлердегі проблемаларға жедел әрекет етуді көздейді. Атыраудағы Жайық өзенінде қалыптасып отырған жағдай да «Nur Otan» партиясының назарында.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев пен ведомствоаралық комиссияның төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде балықтың қырылу себебін анықтауға жұмылдырылған мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдады.
Атыраулықтарды Жайықтағы балық өлімі алаңдатып отыр. Осы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Көктем келіп, күн жылына бастасымен өзен жағалауына балық өлекселері жиналып қалды. Партияның қоғамдық қабылдауына көптеген тұрғындар мүдделі органдардың осы мәселені шешу бойынша атқарып жатқан нақты шаралары жөнінде халықты ақпараттандырып отыруды сұрап хабарласқан.
- Партия мүшелері Жайық жағалауын қоқыстан тазартуға арналған жалпықалалық сенбілікке қатысты. Бір күннің ішінде 52 тонна қоқыс, 4,3 тонна өлі балық жиналды,-деді Нұрлыбек Ожаев.
Кездесу барысында өзенде балық қырылуының себептерін анықтау жайы «Nur Otan» партиясының назарында екені және күн сайынғы мониторинг қортындысы партияның облыстық филиалына жіберілетіні туралы айтылды.
- Базарларда, сауда орындарында балық өнімдерін сату нүктелеріне бақылауды күшейту туралы тапсырма бердік. Қазір жағдай тұрақты. Күн сайынғы мониторинг өзен суында нормадан ауытқу жоқ екенін көрсетіп отыр. Сатуға шығарылған және жаңа ауланған балықтарға зертханалық сынамалар бұзушылықтарды анықтамады. Медициналық мекемелерге балық өнімдерінен улану, инфекциялық ауру дерегімен түскендер тіркелген жоқ,-деп атап өтті Нұрлыбек Ожаев.
Ветеринарлық қызмет балық өнімдерін сататын 41 сауда нүктесін бақылауда ұстап отыр. Балық аулау орнынан сату нүктесіне дейінгі және тұтынушыға жеткенге дейінгі аралықтың бәріне мониторинг жүргізіледі.
Сондай-ақ, биыл жазда Жайық өзеніне ғылыми зерттеу жұмысы басталады. Жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 80 млн теңге қаралған.
Өзен жағдайы Махамбет ауданынан бастап Каспий теңізіне құйылатын жерге дейін зерттеледі деген жоспар бар. Сол жұмыстардың нәтижесінде мүдделі органдарға нақты міндеттер жүктеледі.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ