– Өткен жылғы есеп бойынша Ақмола облысында 15 мың жұмысшы 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен, яғни 63125 теңгеден аз еңбекақы алатыны анықталған. Жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайтудың нәтижесінде үнемделген 230,9 миллион теңге еңбекақыны арттыруға бағытталатын болады,-дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Таукен Ошақбаев.
Жиын барысында өңірді газдандыруға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Қазіргі таңда «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысының жобасы жүзеге асуда. Газ құбыры Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына тартылмақ. Облыста 120 шақырым газ құбыры салынбақ.
– Өңірді газдандыру мәселесіне келер болсақ, Аршалы және Целиноград аудандарындағы барлығы 92 мың тұрғыны бар 20 елдімекенді газдандыру жоспарланып отыр. Болашақта барлығы 160 мың тұрғынды қамтитын тағы 24 елдімекенді газдандыру қолға алынбақ,-дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жетекшісі Иван Юрченко.
Магистральды газ құбырының құрылысын аяқтау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Трассаны дайындау жұмыстары 27 ақпаннан басталып кетті. Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу наурыздың соңына жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда облыс әкімдігі тарапынан магистральды газ құбырларына газ таратқыш желілерін орнату бойынша жол картасы әзірленген.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»