Жергілікті органдар көрсететін 202 қызметтің 118-і, яғни 60 процентке жуығы электрондық форматқа ауыстырылған.
– Басты мақсатымыз да осы. Мемлекеттік қызметттерді электрондық форматқа ауыстыру. Бұл портал арқылы көрсетілетін қызмет түрлері халықтың оң көзқарасына ие болуда. Ең көп көрсетілетін қызмет түрі ол денсаулық сақтау саласы. Жағымды жаңалығымыз, осы жылдың қаңтар айынан бастап 3 медициналық анықтама тегін берілуде. Яғни, бір мерзімді құпия сөз бен логин арқылы іске асады, - деді облыс әкімі аппараты мемлекеттік қызметтердің ұсынылуын талдау бөлімінің жетекшісі Данагүл Жұмабек.
Бір мерзімді құпия сөз бен логин арқылы әр азамат некеге тұруға өтініш те бере алады. Атап өтерлігі, халық арасында цифрлық мәдениетті дамыту мақсатында өткен жылдың жетоқсан айында Көкшетау қаласында халыққа цифрлы қызмет көрсету орталығы ашылған.
– Бұл орталықтың тиімділігі біріншіден, халық электрондық форматта өздігінен қызмет түрлерін ала алады. Өздеріңіз көріп отырғаныңыздай, халық арасында бұл қызмет түрі сұранысқа ие. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет түрлерін көрсетуде өзгертулер енгізілуде. Яғни, көрсетілетін қызметтердің 60 проценті өзіне қызмет көрсету бұрыштарына ауыстырылмақ. Ал, қалған 40 проценті операторлардың көмегімен іске аспақ. «Қолжетімді әкімдік» жобасын іске асырудамыз,–дейді облыс әкімі аппараты мемлекеттік қызметтердің ұсынылуын талдау бөлімінің жетекшісі.
«Қолжетімді әкімдік» жобасы шеңберінде Көкшетау және Степногорск қалаларының әкімдіктері ғимараттарының бірінші қабатында халықтан өтініш қабылдау үшін қолайлы алаңдар ашылуда. Бүгінде облыс тұрғындары үшін «Смарт Ақмола» цифрландыру кеңсесі барлық сұрақтар бойынша өтініштер қалдыру қосымшасын да әзірлеу үстінде.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»