Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Көкшенің жастары өз тілдерін көркейтпек

951 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында Көкшетау қаласының белсенді жастарымен кездесу өткізді. Шараға жергілікті жоғары және арнайы орта білім беру орындарының оқытушылары мен студенттері, белсенді жастар қатысты.

Көкшенің  жастары өз тілдерін көркейтпек

Жиынды ашқан Гүлжанар Шөкеева жастар арасындағы тіл саясатын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына ауыстыру «Рухани жаңғырудың» ең негізігі бағыты деп айтуға болады. Себебі, латын әліпбиі – Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен қабыстыратын алтын көпір, – деді басқарма басшысы.

Жиында Жастар жылы Ақмола облысында бірқатар жобалар жүзеге асырылатыны айтылды. Осы орайда, мемлекеттік саясатты халықаралық, республикалық жəне жергілікті деңгейде жүзеге асырудың басты бағыты мен жастардың жан-жақты дамуы туралы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жастар саясаты мәселелері бойынша бөлім басшысы Дамир Іргебаев айтып берді.

Ол жастардың əлеуметтік мәселелерінің шешілуі жайына тоқталды.

2018 жылы тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кəсіпкерлікті дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаға 5615 адам қатысты. Жыл ішінде еңбекпен қамту органдары арқылы 4830 жас жұмысқа орналасты. Көкшетау қаласында «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша 424 жас отбасына арналған 6 тұрғын үй салынатын болады. Кездесуде жастар белсенділері сөз алып, өңір жастары арасында мемлекеттік тілді кеңінен қолдану туралы өз ойларын ортаға салды.

– Қазақ тілі – өте бай тіл. Тіліміздің мәртебесін көтеру үшін, ең алдымен өзіміз бір-бірімізбен қазақша сөйлесуіміз керек,-дейді Әділет Серік.

Жиынды қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева еліміздің келешегі білімді жастардың қолында екенін айта келе, осы күні сөз болған жастардың әрбір ұсыныс-тілектері ескеріліп, алдағы уақытта сол бойынша жұмыс жүргізілетіндігін атап өтті.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы