Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Абайдың ақын шәкірті Төлеу Көбдіков кітабының тұсаукесері өтті

1396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл халық ақыны, Абайдың шәкірті Төлеу Көбдіковтың туғанына 145 жыл толып отыр. Осыған орай облыс әкімі Даниал Ахметовтың ұсынысымен  баспаға әзірленген «Абай әлемі» кітаптар топтамасы аясында ақын Төлеу Көбдіков кітабының тұсаукесері өтті. Кітап «Атандым өз тұсымда Төлеу ақын» деп аталады.  Бұл кітапты  баспаға әзірлеген Семей қаласының тұрғыны, Абай мұражайының ғылыми хатшысы, ақынның немересі Шынар Мұратқызы.

Абайдың ақын шәкірті Төлеу Көбдіков кітабының тұсаукесері өтті

- «Атандым өз тұсымда Төлеу ақын» кітабы Абайды зерттеушілер үшін аса қажетті таптырмас дүние,-деді Шынар Мұратқызы өз естеліктерімен бөлісе келе,-атамыз Төлеу- ұлы ақын  Абайдың  өзімен бірнеше рет жүздесіп, ақыл-кеңесін алған. Көптеген деректерді оқырман қауым осы кітап арқылы танысып, біле алады. Абайтанушы Қайым Мұхамедханов  Төлеу Көбдіковты «Абайдың ақын шәкірттерінің бірі» деп бағалаған. Жасынан Абайдан тәлім алған Төлеу ақынның сақталған және біразы жарық көрген тарихи өлеңдерінің басын құрап, осы кітапқа толықтай енгізуге тырыстым.  Соғыстан кейінгі жылдары жазған 1945 жылғы «Абай» поэмасы және 1946 жылғы «Қазақстан» атты көлемді толғаулары әлі күнге дейін халық жадында.

Абай кітапханасында өткен тұсаукесер рәсімге арнайы келген Жарма ауданының тұрғыны, ақынның шөбересі Есентай Құлжанбеков атасы туралы естелік әңгімелерімен бөлісті. Сондай-ақ, «Абай әлемі» сериясы жобасының Бас редакторы, жазушы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Медеу Сәрсеке және Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Арай Жүндібаевалар жиынға қатысушыларға ақынның өнегелі өмірімен қатар, шығармашылық жолынан, поэзиясынан мол мағлұматтар берді. Шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары және Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Egemen QAZAQSTAN»

Суретті түсірген автор

СЕМЕЙ