«Qazaqstan» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин, «Tamasha Tv» телеарнасының директоры Есен Елеукен, «balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай және аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан қатысқан шарада Наурыз мерекесіне дайындаған арнайы жобаларымен таныстырылды.
«Qazsport» телеарнасы мейрам күндері тікелей эфирде футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын, бірқатар қызықты бағдарламалар, деректі фильмдер мен спорт саңлақтарының сұхбаттарын көрсететін болады.
2018 жылдың 1 қыркүйегінен хабар тарата бастаған «Tamasha tv» арнасының директоры Есен Елеукен де бірнеше жаңалықтарымен бөлісті.
Оның айтуынша, жаңа маусым аясында биыл көрермендерге 14 жоба тарту етпек. Алғашқы 8 жоба наурыз айында шықса, қалған 6 жобаны сәуірге жоспарланған. Олардың барлығы жаңадан шығып жатқан бағдарламалар. Ең басты үлкен жобалардың бірі - «Тамаша Club». «Бір ғанибет» жобасын да ерекше атап өткім келеді, біздің белгілі аға-әпкелеріміз өздерінің басынан өткен әзілге толы қызықты оқиғаларымен бөліседі» деді Е.Елеукен.
Кішкентай көрермендерге арналған «balapan» телеарнасы осы көктемгі телемаусымда көрермен назарына барлығы 22 жоба ұсынды. Оның ішінде 6-ы ішкі өнім, ал 10-ы шетелдік үздік анимациялар мен деректі фильмдер топтамасы, 3 телехикая және 3 You Tube –қа арналған жобалар. «balapan» арнасы биыл 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай арнайы мерекелік жобалар да дайындаған. Телеарнамен үнемі шығармашылық байланыста болып, белсенділік танытқан Елорда мектептері арасында «Наруыз-думан» атты ұлттық ойындар өткізілмек. Мұнда 8-9 жасар мектеп оқушылары «бұқа тартыс», «күй тартыс», «қазақша күрес», «жамбы ату», «асық ату» сияқты ұлттық ойындар бойынша сайысқа түсті. Бұл жобаның телевизиялық нұсқасы мереке қарсаңында эфирден көрсетіледі.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін аймақтық телеарналар да наурыз мерекесіне орай бірқатар арнайы жобалар дайындағанын атап өтті.
Аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан бірнеше жобаларға тоқталып өтті. 2019 жылдың 22 наурызында Ұлыстың ұлы күнінде Корпорацияның аймақтық арналарында бір мезгілде көктемгі жаңа телевизиялық маусымы басталмақ. Аймақтық телеарналарды қосып алғанда, барлығы 61 жаңа бағдарлама эфирге жоспарланған. 22 наурыз күні «ALTAI», «OŃTÚSTIK», «AQTÓBE», «MAŃǴYSTAÝ» арналары «QAZAQSTAN» ұлттық арнасына тікелей эфирде қосылып, аймақтағы Наурыз мерекесінің тойлану туралы қызықты мәліметтер мен сюжеттер береді.