Аймақтар • 19 Наурыз, 2019

Қостанайда «көмекшілер» ұсталды

1025 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық Полиция департаменті жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері облыстық Мамандандырылған халыққа қызмет керсету орталығының аумағынан «көмекшілерді» ұстады. Олар Қостанай қаласының тұрғындары. Бұл туралы Қостанай облыстық Полиция департаменті Жеке қауіпсіздік басқармасының бастығы Алтынбек Шүйіншәлиев айтты. «Көмекшілер» немесе «жүгермектер» машина иелерінің мәселелерін ақшаға орындап береді.

Қостанайда «көмекшілер» ұсталды

«Қостанай қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының аумағында екі азамат қала тұрғындарын күтіп алып, оларға автокөлігін қайта тіркеткенде «жақсы» номер алып беру үшін 35 мың теңге сұраған. Бұл факт бойынша Жеке қауіпсіздік басқармасында ҚР ҚК 2-бабының 2-бөлімі бойынша (топ адамдардың алдын ала келісіп жасаған алаяқтық әрекеті) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қылмысын мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді» деді полиция подполковнигі Алтынбек Шүйіншәлиев.

 Басқарма басшысының айтуынша, мұндай алаяқтық жағдайлардан қызметті цифрландыру мен автоматтандыру ғана құтқарады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Мамандандырылған халыққа қызмет ету орталығында азаматтардың жұмысы 20-30 минутта орындалады. Өткен жылдан бері куәлігін ауыстыруды және машинасын қайта тіркетуді электрондық үкімет порталындағы «онлайн» режимде үйде отырып-ақ жасауға болады.

«Сондықтан цифрландыру алаяқтықпен күресудің ең тиімді тәсілі. Азаматтарға тегін қызмет үшін арадағы делдалдарға ақы төлемеу керек екенін айтудай айтып келеміз» дейді Алтынбек Шүйіншәлиев.

Жыл басынан бері Қостанайда көлік жүргізу куәлігін 168 адам электрондық үкімет порталы арқылы алған. 2018 жылы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 34029 куәлік берілген, 73161 қызмет көрсетілген.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай