Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Қазпошта кәсіпкерлерді оқытуды қолға алады

964 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазпошта» АҚ 2018 жылғы жұмысын қорытындылау, 2019 жылға арналған жоспарларды таныстыру мақсатында баспасөз конференциясын өткізді. Шараның шымылдығын ашқан басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің айтуынша,  компания өткен жылы айтарлықтай жетістікке жеткен. Атап айтар болсақ,  франчайзингтік бөлімшелер желісін, цифрлы кеңселерді, онлайн қызметтерді дамытып, дрондармен жеткізілетін мерзімді басылымдардың көлемін өсірген.

Қазпошта кәсіпкерлерді оқытуды қолға алады

2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда Қазпошта  кірісі 11%-ға өсіп, таза пайда 272 млн теңгені құраған. Өткен жылдың маусымында серіктестік желілерін іске қосқан пошта операторы бүгінгі күні 200 сауда нүктесі бар 160 франчайзингпен айналысатын кәсіпкерді серіктестікке тартқан.

- Жөнелтілімдерді тез арада өңдеп, оларды жеткізу уақытын барынша қысқарту үшін, сондай-ақ мүмкіндігінше ыңғайлы қадағалауды жүзеге асыру үшін біз жақында жаңа есепке алу жүйесін іске қостық,-деді Сәкен Сарсенов.

Оның айтуынша, ол интернет-дүкендермен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді. Бұл кез келген жүйелік интеграция мен деректер алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осыдан соң сәлемдемелерді жеткізу уақыты да айтарлықтай қысқарады деп күтіліп отыр. Мысалы, енді  сәлемдемелер Қазақстан бойынша 4 күн ішінде жеткізілмек.

Компания 2019 жылғы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығындағы кеден қоймасын ашу, Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға пошталық жөнелтілімдердің транзитін, электрондық коммерция мен франчайзингтік желіні, сондай-ақ цифрлық жобаларды дамыту сияқты мақсаттар қойып отыр.

Сәкен Сәрсенов 2018 жылы «Қазпошта» АҚ post.kz онлайн-қызметтерінің гипермаркетін дамытуға жете назар аударғанын айтып өтті.

Сонымен қатар компания шағын және орта бизнес өкілдеріне электрондық коммерция негіздерін E-commerce орталықтарында оқытуды жалғастырады. Осы жылы 1500-ден астам кәсіпкерді оқытуды жоспарлап отыр.

Салтанат ШЫНӘДІЛ,

ЕҰУ студенті