Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттілігін тоқтату туралы шешімі мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл жаңалықты екіұдай сезімде қабылдадым. Бір жағынан ел басқару ісіне жастарды тарту турасындағы ұстанымын қолдасам да, екіншіден жан-дүниемізде қимастық қалып отыр. Баршамыздың көңіліміздің төрінен орын алған қайраткердің бұл шешімі көңілді толқытып жіберді.
Нұрсұлтан Әбішұлын өз басым 1991 жылдан бері танимын. Ол бауырлас әзербайжан халқы үшін де талай еңбек сіңірген, біздің елдің де бейбіт күнге қол жеткізуі жолында тер төккен тұлға. Үнемі Таулы Қарабақ мәселесінде Әзербайжан елін қолдап келді.
Сонымен қатар өңірдің қауіпсіздігі мәселесіне, жаһандағы бейбітшілікті сақтау ісіне үлес қосқан қайраткер. Н.Назарбаевтың әлем елдерін ядролық қарудан бас тартуға ұдайы шақырып келе жатқаны, бейбітшілік сақтау жолында бірқатар елдердің арасында арағайындық жасауы, Сириядағы, Ауғанстандағы соғысты тоқтатуға бағытталған бастамалары, интеграциялық процестерге ерекше көңіл бөлуі бәріміздің көңілімізден шыққан болатын.
Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш президентінің бастамасымен бауырлас елдердің арасындағы саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар нығайып, туыс халықтар бір-біріне жақындаса түсті. Нұрсұлтан Назарбаев күллі түркі әлемінің Ақсақалына айналды. Бүгінде ол жасы жөнінен де, саяси тәжірибесі мен даналығы тұрғысынан да баршамыздың Ақсақалымыз.
Өз басым бұл мәртебені ең үлкен құрмет деп білемін. Түгел түркінің жүрегінің төрінен алған Ақсақалымыз ресми лауазымынан бас тартқанымен, әлі де өзінің ақыл-кеңесі, тәжірибесі арқылы біздің елдердің арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге атсалысады деген ойдамын.
Расим Мусабейов,
Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты