Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатуы ең алдымен мемлекетінің келешегіне, саяси тұрақтылыққа және бұдан әрі қарайғы Қазақстанның дамуына бағытталған қадам деп ойлаймын. Н.Назарбаев келешекте Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік, Малайзияның бұрынғы һәм қазіргі премьер-министрі Махатхир Мохамад сияқты тарихта мәртебелі орынға ие болуы ғажап емес.
Қазақстан мен Қырғызстан ең жақын, бауырлас елдер. Сондықтан Қазақстанда болып жатқан оқиғалар бізді де бейжай қалдырмайды. Н.Назарбаев осынау қадамы арқылы Орта Азия мемлекеттерінде қалыптасқан дәстүрді бұзып, тыңнан түрен салды, өз ықтиярымен және толық лигитимді жолмен жаңа буынға билікті табыстады.
Президенттің міндетін атқарушы ретінде жауапкершілік жүктеп отырған Қасым-Жомарт Тоқаев та Қырғызстан үшін белгілі қайраткер, қазақ-қырғыздың салт-санасын жақсы білетін мемлекетшіл, кәнігі дипломат. Орта Азия саясаткерлерінің арасынан тұңғыш рет Еуропада жоғары лауазымды қызмет атқарып, БҰҰ-ның Еуропадағы құрылымдарының жетекшісі болған тұлға. Ол бірқатар халықаралық бастамалардың авторы.
Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарып тұрған сәтте Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті. Мемлекет беделінің өсуіне Сыртқы істер министрі, Премьер-Министр, Парламент Сенатының Төрағасы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың да зор еңбегі сіңді деп білеміз. Қазақстандағы транзиттік билік алмасу, алда болатын сайлау әділ әрі ашық бәсекелестік негізінде, демократиялы түрде өтеді деп сенеміз.
Қаныбек ИМАНӘЛИЕВ,
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты