20 Наурыз, 2019

Ел еңсесін биіктетті

880 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел еңсесін биіктетті

Теледидардан Президент өкілеттілігін тоқтататыны туралы шешім қабылдағанын айт­қанда, күтпеген жағдай болған­дықтан, тосырқап қалдым. Мың­жыл­дықтардан құралған тарихы бар жас мемлекетіміздің іргесін қалап, тәуелсіздігін тұғырына қондырып, өркендеп дамуы үшін аянбай тер төккен әр күні көз алдымда өткендіктен қимастық сезімім алдымен оянды. Нұрекең­ді үлкен саясатқа енді ғана ара­ласа бастаған жас күнінен жете танығанымды, әзіліміз жарасып, бірге жүргенімді, сыйласып досым болғанын мақта­ныш етемін. Президенттің зиялы қауым­нан қашық болған кезі жоқ, қашанда ел қадірлеген азаматтармен  ақылдасып, кеңесіп-келісіп отырды. Қазақстан халқының қолдауын сезіне отырып, елді сенімді түрде алға жетеледі. Оның тәуелсіздікке дейін де және одан кейін де көшбасшы ретіндегі қасиеті, даналығы, жеті рет ойлап, бір рет кесетін сарабдал саясаты елімізді көп қиындықтардан алып шық­ты. Үлкен батылдықты қажет ете­тін жерлерде іркілмей, ірілік танытты. Еліміз үшін өте ма­ңыз­ды шешімдер қабылдан­ды. Елін сүйген Елбасыны елі де құрмет тұтты, сенім артты, сүйеніші болу­ға жарады. Соның арқасында пост­кеңестік ел­дердің арасында Қазақ­станның абыройы мен беделі жоғары болмаса, шүкір, ешбір елден кем қалған жері жоқ.

Басқа салаларды айтпаған­да, өнерді жанымен сүйетін Н.Назар­баев руханиятқа келгенде тартынып, қаржы үнемдеп қал­ды деп ешкім де аузы барып айта алмас еді. Елімізде қаншама халық­ара­лық деңгейдегі шоқты­ғы биік өнер бәйгелері, театр фестивальдері, классикалық өнер додалары  алма-кезек өткізіліп, халқымыздың мәдениетінің өсіп-өркендеуі, әлемдік дамудан кенже қалмай, терезесі тең болып, көшке ілесуі үшін қолынан келген бар жағдайды жасады. Осының арқасында өнер мен мәдениеттегі таланттарымыз танылып, олар дүние жүзінің ең атақты сахналарын бірінен соң бірін бағындырып жатыр. Мұны тек соқыр адам немесе ниеті бұ­зық адам ғана көрмейді.  

Көп этносты Қазақстанның ерек­­­шелігін ескере отырып, дұ­рыс жүргізген сая­­сатының негі­зінде елімізде тұрақ­­ты­лық пен ұлтаралық, дінаралық татулық салтанат құрды. Ендігі тілек талай тар жол, тайғақ кешулерден, от пен су­дан  халқымызды аман-есен алып келе жатқан Алла тағалам Нұре­кең мемлекеттің негізгі сая­сатына айналдырған осы бірлік пен берекеден ажыратпаса екен деп тілеймін. Тыныштық пен тату­лық – біздің зор байлығымыз. Әлем­нің әр бұрышында жаңа жан­жал оты тұтанып, бүлікке батып, мазасыз күй кешіп жатқанда, мемлекет үшін тыныштықтың бас­ты құндылық екеніне біздің көзіміз бүгін анық жетіп отыр. Тереңнен ойлайтын Президент ұзақ толғанысынан соң осындай шешім қабылдаған болар деп ойлаймын. Нұрекеңнің еңбегіне алғыс қана айтамыз. Ел орнында, халық өз өмірін сүріп жатыр, ендеше алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Тек алға басып, қалыптасқан өз жолымызбен жүре бергеніміз абзал болар. 

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты