20 Наурыз, 2019

Берекелі биіктерге бастады

939 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Берекелі биіктерге бастады

Кешегі күн мәңгілік ел тари­хындағы айрықша мәні бар күн болады. Тарихи оқиғаның таң­дандырғаны да, таңыр­қат­­қаны да рас. Естіген сәтте есімізді жи­­най алмай қалдық. Сол бір сәт­­те тәуел­сіз елдің алғашқы ке­зе­ңі­­­нен бастап күні бүгінгі ке­­ме­лі­не келіп, шаршысына толып, әлемнің дамыған елдерімен иық тірестірген тұсына дейінгі тари­­хи жолға ой жүгіртіп, санамен сал­­мақ­тағанымызды несіне жасырайық. 

Тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес өкіметі келмеске кеткеннен кейін бұрыннан бір-бірімен тығыз байланыстағы эко­номикалық жүйе ыдырап, қиын күндерді басымыздан кеш­тік. Әсіресе ауыл шаруашылығы мүлде тұралап қалды. Қора тол­ған төрт түлік малды бартер деген пәле жұтты. Жанар-жа­ғармай­дың бір тоннасын 4-5 тонна алтын астыққа айыр­­бастап жүр­дік. Жалғыз біз ғана емес, ұзақ жыл кең­шар­ларды басқарған ауыл шаруа­шылығының мүйізі қара­ғай­дай мамандары тығы­рық­тан шығар жол таппай, тең­селіп кетті. Міне, осы сәтте ел эконо­микасының күре тамыры – ауыл шаруашылығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жіті назар аударып, Үкімет тарапы­нан қыруар көмек көрсетілді. Сол көмектің арқасында тұралап қалған ауыл шаруашылығы қай­тадан ұжым­даса ұйысып, жоқтан бар құрап, еңсесін көтере баста­ды. Енді қараңыз, соңғы жылдары Ақмола облысы республика астығының үштен бірін беретін жағдайға жетті. Облыстың қара малының қақ жартысы өнімді­лігі жоғары асыл тұқымды малға айналды. Құс фабрикасы дей­сіз бе, тауарлы сүт фермалары дейсіз бе, бірі­нен соң бірі бой көтеріп, Елор­­даны азық-түлікпен қапы­сыз қам­тамасыз етіп қана қоймай, асты­ғы­мыз­ды, етімізді шетелге шыға­ратын мүмкіндікке қол жет­кіз­дік. Осының бар­лығы жасы­­ратыны жоқ, халқын жұ­мы­л­ған жұдырықтай соңы­нан ертіп, армандай алыс бола­шақ­тың берекелі биіктеріне бас­тай білген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың арқасы! Мұны ырысы мол болғанымен, әуресі бел­ден келетін ауыл шаруа­шы­лы­ғы са­ла­сының қажу­ды, арып-ашу­­ды білмейтін еңбек­кер­лері жақ­сы біледі. Ақтылы мал өсі­ріп, ақық дән аялаған жұрт дас­тар­­қан­дарын тоқшылыққа ай­нал­д­ыра білген Елбасына айтар алғыс­тары шексіз. Осы жыл­дар ішінде келешегін болжай біл­ген кенен ақылды, кемел пара­сатты Елбасымыз ауыл шаруа­­­шы­лығын әлемнің ең озық мем­­ле­­кеттерінің табысымен тайта­ласа алатын тамаша биікке көтерді.

Молшылықтың бастауы Елба­сының көреген саясатының нәти­жесі. Тұңғыш Президентіміз біз­дің саланың бүге-шігесін өте жақ­­сы білді. Сол білгенінің ар­қа­сында бүгінгі күннің талап­тарын түйсініп, алдымыздан сара жол ашты. Қазіргі күні біз­дің шаруа қожалығымыз бір мың гектар жерге егін егеді. Өзі­ңіз ойлап қараңыз, бір ғана отба­сы­ның иелігіндегі қожалықта бір мың гектар жерге егін егуге қол жеткізу үшін қаншама мүмкіндік тудырылуы керек. Сол мүмкіндікті біздің мемлекетіміз тудырды, Елбасымыз тудырды. Мұны екпін түсіріп, астын сызып айтпай кетуге болмайды. Ауыл шаруашылығының алапат қуатқа ие болуы Елбасымыздың арқасы! Мәңгілік елдің мұратын зәулім көкке көтерген, көздегеніне жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мың алғыс. Ол ал­ғысты жалғыз мен ғана емес, өзі сүйе­тін елі, өзі сүйетін жері жан тебі­рентіп айтып жатыр. 

Құлан БОЛАТОВ,

«Құлан» шаруа қожалығының жетекшісі

Зеренді ауданы, Ақмола облысы