Биыл 118 мың пәтер салынады
Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін және несиелік тұрғын үй салу қарқыны туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады.
«Былтыр 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылдың деңгейінен 12,1 пайызға жоғары. Барлығы 113,7 мың көп пәтерлі және жеке үйлер салынды. Тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамту үлесі 9 пайызға артты», деді Р. Скляр.
Биыл 13,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй немесе 118 мың пәтер салу жоспарланған. Министрдің айтуынша, мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл баспанаға мұқтаж 27 мыңнан астам адамды қамтамасыз етеді. 2019 жылдың басынан бері (қаңтар-ақпан айлары) барлық қаржы көздері есебінен 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың баспана пайдалануға берілді (коммерциялық тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда).
Жаппай тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді салу үшін биыл 81,7 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр.
Сонымен қатар министр сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй салу туралы айтып берді.
«Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда. Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2019 жылға бюджетті нақтылау аясында көп балалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы, аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге бөлу көзделеді. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі», деді Р.Скляр.
Бұл үшін бүгінде 25 млрд теңгенің құрылыс жобалары тізімі жасалған. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуді тездетуге ықпал етеді. 2019 жылға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың жалдамалы пәтер құрылысына 7,2 млрд теңге қарастырылды. 3 жылда 3 мың пәтердің құрылысына 21,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл әкімдіктер 11 719 пәтердің құрылысына 108,8 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасыларға 20 жылға дейін алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жылдық ставкасы 2 пайыздық жеңілдетілген кредиттеу жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Алғашқы жарнаға тұрғын үй сертификатын пайдалануға мүмкіндік бар.
Аталған механизмді 3 жыл ішінде іске асыру үшін жыл сайын 50 млрд теңгеден 150 млрд теңге қажет болады.
«Егер «7-20-25» бағдарламасы көбіне төлем қабілеті бар халықты қамтитын болса, бұл орайда әлеуметтік сала мен бюджеттік ұйым жұмысшылары үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкінің өніміне басымдық берілмек. Салымшылар саны 1,3 миллионға жетті, жинақ көлемі 624 млрд теңгені құрады», деп түйіндеді Р.Скляр.
Мәселені қарау барысында «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қ.Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасы бойынша 120 млрд теңге сомасына 10,5 өтінім берілгенін, оның ішінде банктер 72 млрд теңге сомасына 6,2 мың өтінімді мақұлдағанын айтты. Ол, сонымен қатар бағдарлама шарттарының өзгергенін жеткізді, бұл халықты қамтуды арттыруға, оның ішінде табысы төмен отбасыларды да қамтуға мүмкіндік береді.
Өңірлерде тұрғын үй құрылысын дамыту туралы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов баяндады.
Үкімет басшысы Асқар Мамин аталған облыстарда тұрғын үй құрылысын жүргізуде межеден кешігушілік бар екендігін фактілер келтіре отырып айтып өтті. Әкімдерге сөз берілуінің де себебі осы болды. Әкімдер жұмыстың сылбыр тарту себептеріне тоқталып, бәрі қалпына келетіндігі туралы уәде берді.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге қажетті қаражат бюджетте толық қарастырылғанын айтты. Бір ай ішінде алғашқы пәтерлер беріле бастайды. Осыған орай Ж.Қасымбек жергілікті атқарушы органдарға аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Пәтер бөлу мамырдан басталады
«Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары – халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі Елбасының әлеуметтік саясатының негізі», деп түйіндеді Премьер-Министр А.Мамин. Осыған орай Үкімет басшысы келесі бағыттар бойынша шаралар қабылдау керектігін атап өтті.
Бірінші. Тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту.
«Биыл біз 13,1 млн шаршы метр пәтерді пайдалануға беруіміз керек. Әкімдіктер және тиісті мемлекеттік органдар жер телімдерін бөлу, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды салу, сонымен қатар инвестициялық тұрғын үй жобаларын сүйемелдеу бойынша жұмыс қарқынын арттыруы қажет», деді А.Мамин.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысында ортақ архитектуралық келбетті сақтау керек. Премьер-Министр атап өткендей, бұл тапсырма тек үш өңірде: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орындалған. Ал қалған өңірлерде бұл бағытта жұмыс енді басталуда. «Сондықтан осы жұмыстың қарқынын арттыруды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.
Екінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу. Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде жыл сайын 6 мыңға жуық көп балалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. «1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті займ бойынша 22,5 мың отбасы баспана алады», деді А. Мамин. Бұл тетік заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілген соң іске қосылатыны атап өтілді.
Үшінші. Құрылыстағы отандық үлесті 90 пайызға дейін ұлғайту.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндетін қойды. Отандық құрылыс материалдарын шығару қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының арнайы бағыты болып табылады. Оның орындалуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.
«Бұл үшін жеңілдікті қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек. Жергілікті өнімді пайдалану экономиканың басқа салаларына мультипликативтік әсер етеді, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», деді Премьер-Министр.
Бұл ретте Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жүріп жатқаны атап өтілді. Осы жерде құрылыс материалдарын шығару бойынша жобалар жүзеге асырылуы қажет. Жалпы, осындай өндірістерді барлық өңірде құру тапсырылды.
Әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесі құрылмақ
Сонымен қатар Үкімет отырысында еңбек саласының түйткілді мәселелері қаралды. Осы мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасы тыңдалып, еңбек қатынастарын реттеу шаралары туралы ұсыныстарына қолдау білдірілді.
«Бүгінде ел экономикасында 6,6 млн-ға тарта жалдамалы жұмыскер жұмыс істеуде, белсенді жұмыс істеп тұрған 165 мың кәсіпорын бар. Бұл азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қатынастарын реттеу қай қоғамның болса да өзекті мәселесі», деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Министрдің айтуынша, жұмыскерлердің алдында жалақы бойынша берешекті өтеу мәселесі ерекше бақылауда. 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақы бойынша 1,2 мың кәсіпорында 3,7 млрд теңгеден астам сомаға берешекті айқындады. Ден қою бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 32 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды, оларға 3,2 млрд теңге төленді.
Аталған мәселе бойынша сөз алған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Үкімет мүшелеріне әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық үшжақты комиссиялар жұмысын жандандыруды және ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде жүзеге асырылуын қарауға ұсыныс жасады. Осы мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП-ның өкілі де сөз алып, жұмыс берушілердің мүддесін де білдіре кетті.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр А.Мамин әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің тиімді жүйесін құру қажеттігін атай отырып, өңір әкімдеріне еңбек ұжымдарында әлеуметтік қақтығыстардың туындауына жол бермеу мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.
«Жұмысшылардың негізсіз босатылуына жол бермеу керек», деді Премьер-Министр. Жұмысшылардың әлеуметтік көңіл күйін жақсарту – Елбасы саясатының негізі бағыты. Үкімет әлеуметтік қақтығыстарға жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. А.Мамин кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік мәселелерін дұрыс шешудің мысалдарын келтіріп өтті.
Көптеген компания Мемлекет басшысының жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын арттыру жөніндегі бастамасына қолдау білдірді. Осыған байланысты Премьер-Министр барлық өңірде оң тәжірибені белсене қолға алуды тапсырды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясы мен «Атамекен» ҰКП-ның бүгінгі отырыста айтылған ұсыныстарын мұқият қарап, ортақ шешімге келу тапсырылды.
«Үшжақты комиссиялардың жұмыс форматын қайта қарау керек, әсіресе өңірлерде. Олар белсенді жұмыс жасауы қажет. Бұл орайда формализмге жол беруге болмайды», деп атап өтті А.Мамин.
Сонымен қатар Премьер-Министр еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен бірлесіп бір ай ішінде еңбек қауіпсіздігі бойынша бес жылға арналған кешенді Жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»