Президент • 20 Наурыз, 2019

Мемлекетіміздің мерейін өсірді

1188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекетіміздің мерейін өсірді

Елбасының мәлімдемесі мен үшін де, Қазақстан халқы үшін күтпеген оқиға болды. Әрине, бәрімізде қимастық сезімі бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың еліміз үшін жасаған еңбегі ора­сан зор. Кеңес өкіметі құлаған қиын-қыстау заманда ел тізгінін өз қолына алып, 30 жылдың ішінде Қазақ­станды көркейтіп, жан-жақты дамытып, мемлекетімізді әлемге танытып, халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды. 

Өздеріңіз білетіндей, Елбасы спорт­қа әрқашан көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыт­тар санатына қосып келеді. Қазіргі таң­да елімізде спортшылар үшін барлық жағ­дай жасалған. Соның нәтижесінде спорт­шыларымыз халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын абыроймен көтеріп, әнұранымызды шырқатып жүр. 

Менің Олимпиада чемпионы атануыма Елбасы мен елімнің артқан сенімі әсер етті. 2000 жылы Сидней Олимпиадасына қатысуға жолдама алып қана қоймай, Қазақстанның байрағын Сидней төрінде алып шығу мəртебесі маған бұйырды. Өз мойныма үлкен жауапкершілікті алғанымды сезіндім. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев маған туды тапсырған кезде: «Нұрсұлтан Əбішұлы, Сіз берген көк байрақты Сидней аренасында абыроймен алып өтіп, өзіңізге абыроймен əкеліп тапсырамын» деп уәде берген болатынмын. 

Осындай уəдемен Олимпиадаға аттанып, көк туымызды абыроймен Елбасына табыстағаным əлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Туды Президентімізге табыстап тұрғанымда ол кісі маған: «Айналайын Ермахан, ер екен­сің! Көк туымызды көкке көте­ріп, соны алтын жүлдемен маған тапсыр­ғаның үшін рахметімді айтамын», деді. 

Өз басым Елбасының бастаған ісін кейінгі президенттер жалғастыру керек деп есептеймін. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жасалған бағдарламаларды жүзеге асырсақ, Елбасы қалыптастырып берген жолмен жүрсек, халқымыздың тұрмысы жақсарып, еліміз көркейе түсетіні анық. 

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ,

Сидней Олимпиадасының чемпионы