Расында, бұл жұрт күтпеген тосын шешім болды. «Бұл қалай болды? Жүрегіміз ауырып кетті. Шынымен енді Президент болмай ма?» деп маған ақсақалдар алаңдаушылығын білдіріп, хабарласып жатыр. Шынымен де, бәріміздің бойымызда қимастық сезім бар. Ол кісінің елімізге сіңірген еңбегін сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Небәрі 30 жылдың ар жақ, бер жағында Қазақстанды төрткүл дүниеге танытты. Елбасының елімізге, жерімізге сіңірген еңбегін, мемлекетті аяғынан қаз тұрғызуға қосқан үлесін ешбір тұлғамен салыстыруға келмейді.
Бүгінде Назарбаев пен Қазақстан егіз ұғымға айналғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Өзім 80 жылдық саналы ғұмырымның көпшілігін ел ішінде, облыстың Зайсан, Тарбағатай, Күршім секілді аудандарында өткіздім. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Бұл саланың жай-күйін жақсы білемін. Нұрсұлтан Әбішұлының ауыл шаруашылығы саласына жасаған қамқорлығын таңды таңға ұрып айтуға болады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет еңбек етемін, кәсіп ашамын деген азаматтардың ешқайсысының қолын қаққан жоқ. Қарапайым шаруаларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Субсидия десеңіз субсидия, жеңілдетілген несие десеңіз несие беріліп жатыр. Бұдан артық қандай қамқорлық қажет?! Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы Тұңғыш Президентіміздің бұл шешімі бізді толқытқаны, тебіренткені рас.