Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі Қазақстанның көркеюіне ерен еңбек сіңірген тұлға. Әсіресе мемлекет құрушы ұлт – қазақ халқының жаңа бейнесін қалыптастыру жолында атқарған келелі ісі – әлемде тарыдай шашырап жүрген қазақты атамекеніне шақыруы. Соның бір дәлелі ретінде айтарым, 1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз тәуелсіздігін жариялай салысымен, арада 24 күн өткен соң, яғни 1992 жылы 10 қаңтар күні шетелдегі қазақтарға қаратып «Атамекенге қайтыңдар» деген үндеу тастады. Осы тарихи шешімнің арқасында сыртта жүрген жүз мыңдаған қандас елге оралды. Солардың бірі менмін. 1992 жылы Моңғолия елінен көшіп келдім.
Елбасы әуелі әлем қазақтарының басын қосқан кемел тұлға ретінде ұлт тарихының жаңа парағын ашты. «Құйылсын көшің, жиылсын есің...» деп өзі айтқанындай, сайын дала Сарыарқаға, желегі жасыл Жетісуға, мың бояулы Маңғыстауға, мұнайлы мекен Атырауға жан-жақтан селдей ағылып, қазақтың көші құлады.
Құдая шүкір, бұл – бірнеше ғасырда бір болатын бірегей құбылыс. Бар қазақтың басын қосқан ардақты аға аман болсын. Нұрекеңнің баянды жолы бұзылмасын!