Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашағына қатысты аса маңызды әрі тарихи мәлімдеме жасап, өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататынын айтты. Бұл дәл осы кезеңде ел күтпеген, бірақ Қазақстанның даму стратегиясын алдағы бірнеше жылды есепке ала отырып анықтаған Ұлы саясаткердің шешімі. Өйткені тек елінің болашағын ойлайтын жауапкершілігі жоғары саясаткерлер ғана дәл осындай шешімдерді қабылдап, қадам жасай алады. Оның үстіне Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы ретінде және оның белсенді іс-әрекеттері мен қызметінің арқасында, даңқты жолы арқылы еліміз халықаралық деңгейде мемлекет ретінде мойындалды. Қазақстанды тек көршілер ғана емес, әлемдік грандтар – державалар мойындады. Оған қоса, Елбасын әр жылдары әлемдік саясаттың сайыпқырандары жоғары бағалағандығын ескеру керек. Оның ішінде Маргарет Тэтчер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саясатқа қосқан үлесін жоғары бағалап, Елбасын әлемнің ең даңқты 5-6 саясаткерінің қатарына қосқандығын күллі әлем біледі. Сондай-ақ кезінде үлкен Джордж Буштың өзі Нұрсұлтан Назарбаевқа құшағын айқара ашып, біздің президенттің мәртебесін жоғары бағалағаны есте.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевты Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю және Қытайдың қазіргі реформаларының әкесі Дэн Сяопинмен салыстыра аламыз. Қытайлық саясаткер елде жоғары лауазымда болмаса да, Қытайдың заманауи реформаларының әкесі деп бағалауға тұрарлық тұлға. Биыл қытайлықтар осы ашық реформаларының жүргізіле бастауының 40 жылдығын атап өтеді.
Оның үстіне Сингапур, Қытай сияқты қазіргі алып мемлекеттер Нұрсұлтан Назарбаев сияқты ұлы тұлғаларының арқасында өсіп-өнді.
Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихындағы рөлі бұл тұлғалардан еш кем түспейді. Ол қазіргі экономикалық даму моделінің архитекторы екендігінде дау жоқ. Тарихта, саясатта Назарбаев моделінің табыстылығы, тиімділігі мен өнімділігі дәлелденіп отыр. Қиын уақыттарда экономикалық дағдарыстар, геосаяси күйзелістер Назарбаевтың басшылығының арқасында біздің елімізге аса залалын тигізе қойған жоқ. Орталық Азия аумағында нағыз көшбасшыға айналып, елдегі, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі бола білді.
Ең бастысы, Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ел дамуындағы рөлі арта түспек. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде қызметін жалғастыруы ертеңге сенімді нығайта түседі.