Қазақстан • 20 Наурыз, 2019

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

665 реткөрсетілді

2019 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтату туралы халыққа тарихи үндеу жасап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты мәлімдеді. 

20 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент өкілеттілігі Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы «Нұр Отан» партиясының төрағасы және Конституциялық Кеңестің мүшесі болып қалады.

Қазақстанның қазіргі заманғы саяси жүйесі биліктің, мемлекеттің саяси және экономикалық дамуының толық сабақтастығын қамтамасыз етеді. Бірінші кезекте азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға, заңның үстемдігі мен дамуының демократиялық моделі негізінде азаматтық қоғам институттарын күшейтуге бағытталған тыныс-тіршіліктің барлық салаларын жаңғырту жалғастырылатын болады. Мемлекет Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі, оның ішінде шетелдік бизнес әріптестердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды жалғастырады.

Тұңғыш Президент Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі Даму Стратегиясында елдің одан әрі ілгерілеуінің көкжиегі мен параметрлерін айқындады. Мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру.

Стратегиялық көзқарас Н. Назарбаев әлемдік аренадағы еліміздің қазіргі келбетін айқындап, Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесіндегі бірегей субъектілігін бекітті.

Н. Назарбаевтың іске асырылған ауқымды міндеттер мен жасампаз халықаралық бастамалары мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығының берік кепілі, біздің қоғамның ұзақ мерзімді тарихи перспективаға қауіпсіз және тұрақты дамуы үшін негіз болды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың, Еуразиядағы интеграциялық процестердің танымал көшбасшысы болып табылады. Оның бастамасы бойынша қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы сенім ахуалын қалпына келтіруге бағытталған бірегей диалог алаңдары - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі және т.б. құрылды.

Қазақстан барлық халықаралық міндеттемелерді сақтай отырып, көп векторлы, теңгерімділік және прагматизм қағидаттарына негізделген бейбітсүйгіш сыртқы саяси бағытты сақтайды. Әлемдік қоғамдастықтың барлық елдерімен қарым-қатынас өзара сыйластық, тең құқылық және бір-бірінің мүдделерін есепке алу негізінде құрылады.

Қазақстан Республикасының жаңа Президенті өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және басқа да заңдарына сәйкес құратын болады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар