Аймақтар • 20 Наурыз, 2019

Аралдың қайта оралуы Елбасының арқасы

1239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Арал тағдыры қай кезде де Елбасының тікелей назарында болды. Тәуелсіздік жылдарынан бері Аралды сақтап қалу үшін жасалған талай бастамаларға куә болдық. Осындай игі істердің әрқайсысында Елбасымыздың айқын қолтаңбасы бар» дейді аралдық Нағашыбай Халықұлов.

Аралдың қайта оралуы Елбасының арқасы

- Бүгінде егемен еліміздің көп ұлтты халқына Тәуелсіздік таңын тарту еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі аралдықтар үшін аса қымбат.

Аралдықтар Сырдария өзенінің суын пайдаланып отырған уақытта іш аурулары көптеп таралған болатын. Осындай түйткілді мәселені назардан тыс қалдырмаған Нұрсұлтан Әбішұлы 2005 жылы 27 сәуір күні Аралда арнайы жұмыс сапарымен болып, тұрғындардың таза ауыз суға қол жеткізген қуанышымен ортақтасты. Бұл біз үшін тарихи күн болды.

Аралға келген ауыз судан алғаш дәм татқан Президентіміз: – Мынадай таза да дәмді су Қазақстанда жоқ, «Ең таза су аралдықтарда»– деген болатын. Сол таза су қазір әрбір үйге тартылып тұр. Сондай-ақ, сол кездегі «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі бүгінде әрбір аралдықтықтың есінде.

Бұдан басқа да тұрғындарды толғандырған біраз мәселелер Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында өз шешімін тауып келеді. Бірнеше жылдан бері аралдықтар көгілдір отынның игілігін көруде. Тұрғындардың өз үйлерін газдандыру мүмкіншіліктерін арттыруға барлық жағдайлар жасалды.

Елбасымыздың әр жылғы халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткен бағыттар бойынша ауқымды істер атқарылып, жалғасын табуда.

Тұңғыш Президентіміздің егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуы жолындағы өлшеусіз еңбегіне ризашылығымыз шексіз,-дейді ол.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

 Қызылорда облысы