20 Наурыз, 2019

Ізгілік айындағы игі іс

960 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кім кімге де өз үйі, басыбайлы баспанасы болғаннан артық бақыт жоқ. Атырау облысы Исатай ауданының тұрғыны Медет Сұпығалиев те осы жайлы армандайтын. Туа бітті мешел ауруына шалдығып, мүгедектер арбасына таңылса да, спортпен айналысты, тіпті халықаралық дәрежедегі спорт шебері дәрежесіне дейін жетті.

Ізгілік айындағы игі іс

Шаңырақ көтеріп, үш балалы болды. Тағдырдың қатал сыны оның жігерін жасыта алған жоқ. Ауылда пәтер жалдап тұрып жатқан қоңырқай тірлігіне де разы еді. Ұлық мейрам – наурыз тойы қарсаңында Сұпығалиевтер отбасы күтпеген қуанышқа кенелді. «Сазанқұрақ» ЖШС басшысының орынбасары, Атырау қалалық мәслихатының депутаты, меценат Әлібек Семғалиев үш бөлмелі пәтер кілтін табыстап, Медеттің өзін ғана емес, бала-шағасын, ағайын-туысын, ауылдастарын қуантты.

- Медеттің тағдыры туралы алғаш рет әлеуметтік желіден оқыдым. Мүмкіндігі шектеулі азаматтың қайсарлығы, ерік-жігері тәнті етті. Отбасын құрып, спортта жетістікке жетуі, паралимпиадалық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуі үлгі боларлықтай. Әр жерде пәтер жалдап жүргенін естігеннен кейін көмек қолын созуды ұйғардым. Еліміздің тағы бір отбасы баспаналы болуына үлесімізді қосу – азаматтық парызымыз», - дейді Әлібек Семғалиев.

Айта кетейік, меценат өткен жылы да Атырау қаласындағы көпбалалы жалғызбасты әкеге жеке үй алып берген болатын. Айналасындағы ахуалға алаңдап, жақсылық жасауға дайын тұратын азаматтардың көбейіп келе жатқаны қуантады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

АТЫРАУ