Қазақстан • 20 Наурыз, 2019

Габор Штир: Үлкен жауапкершілікті қажет ететін шешім

630 реткөрсетілді

Белгілі Мажар саясаткері Габор Штир Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттігінен бас тартуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Н.Назарбаевтың мұндай шешім қабылдауы үлкен жауапкершілікті қажет етті.

«Қазақстан тек 1991 жылы тәуелсіздігін алды. Бұған дейін екі жыл бойы Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды және оның басшылығының кезінде Қазақстан егемендікке ие болды. 30 жыл бойы мемлекет тізгінінде болып, бес рет қайта сайланды. 

Оған берілген «Ұлт Көшбасшысы» мәртебесі ел ішінде шын мәнінде қадірлі тұлға екенін көрсетеді. Егер Орталық Азиядағы көршілес елдерге қарайтын болсақ, Қырғызстанда биліктің құрылымы мүлдем басқа және мемлекет басшылары өз халқының осынша құрметіне ие болмайтынын көреміз. Өзбекстан халқы Ислам Кәрімовты құрметтегеннен гөрі, одан қорқатын. Кәрімовтың мезгілсіз қазасыны оның өз жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Егер бұл жағдайға тура қарасақ, осындай шешімді қабылдау үлкен жауапкершілікті қажет ететінін түсінеміз. Егер біреу өз мүддесін емес, мемлекет пен халықтың мүддесін көздесе, тұрақтылық негізгі фактор болмақ. Президент өз шешімімен Үкіметтің өкілеттігін кеңейте отырып, екі жыл бұрын бастаған биліктің «жұмсақ» көшуін қамтамасыз етті» деді Г.Штир.

Сондай-ақ Г.Штир Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып қала беретініне тоқталып, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы қызметін жалғастыратынын атап өтті. Оның пайымдауынша, Назарбаев жаңа Президент үшін «қолдаушы» буын рөлін атқарады. Сонымен қатар Президент өкілеттігінен бас тартуы – адамдар жасы келген сайын дана болып, мұндай жаһандық шешімдер қабылдауға бейім болатынының көрінісі деп есептейтінін жеткізді.

«Еуропалық түсінік бойынша Шығыстағының бәрі басқарудың ағылшын-саксондық либералды үлгісі емес. Алайда мұның өзі шығыстың ерекшелігі деп атауға болады. Яғни, сайлау кезінде Президент үшін халықтың 97 пайызы дауыс береді. 

Алдағы уақытта Президент өкілеттігін Н.Назарбаевтың сенімді серігі, тәжірибелі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев атқарады. Назарбаевтың ізбасары оның айналасындағы адамдардың бірі болатыны белгілі. Ал Қ.Тоқаев сондай сенімді серігінің бірі. Сондай-ақ Парламенттің жоғарғы палатасының депутаты Дариға Назарбаеваның есімі де бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып қалып жүр. 

Егер мұны кең көлемде, аумақтық тұтастық тұрғысынан қарастырсақ, мұндай қадам жаһандық өзгеріске әкелмейді. Негізгі мақсат та осы. Күтпеген немесе күштеп билікті ауыстырудың салдары ауыр болуы мүмкін. Назарбаев мұның алдын ала білді» деді Г.Штир.

Мажар саясаткері Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтіп, жалақы мөлшері 17 есе ұлғайғанына тоқталды. 

«ІЖӨ бойынша мемлекет аймақтағы үздік елдердің қатарына кіреді. Кәсіпкерлік жүргізуге қолайлы жағдай жасау бойынша Қазақстан әлемдік рейтингтің 36-сатысына жайғасқан. Жаһандық деңгейде бұл – үлкен көрсеткіш. Сондай-ақ жаңа астана салынды. 

Әлі күнге дейін Ресей экономикасы мен табиғи ресурстарға бағынышты болғанына қарамастан, Н.Назарбаев мемлекетті негізгі мақсаты – дамыған елу елдің қатарына енгізді. Қазақстан геосаяси орнын, мұнай, газ, алтын, уран секілді шикізат ресурстарын пайдалана отырып мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдаланады» деді Г.Штир.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар