Қазіргі күні Қазақстан әлемдік прогресс көшіне ілескен, жаһандық саясатта өз орны бар түркі мемлекеті болып қалыптасып бітті деуге болады. Қазақ елінің бай тарихи тәжірибесі мен Нұрағаның нағыз көшбасшыға тән сипаттары сәйкес келгендіктен осынау игілікке қол жетіп отыр. Мұндай бақыт кез келген елдің маңдайына жазыла бермейді.
Нұраға - елде тәртіп пен тұрақтылықты бекем қылып, ең дұрыс бағытты таңдаған тұлға. Шынайы демократия дегеніміз анархия емес, ел заңдарының қалтқысыз орындалып, ережелер мен тәртіптің сақталуы, билікті мойындау екендігін өз іскерлігімен көрсетті. Ол жеңіл жолды таңдап, популизмге ұрынған жоқ, ішкі-сыртқы сын-қатерлерге қарамастан елдің әлеуметтік дамуының даңғыл жолын таңдады. Сөйтіп, Көшбасшының шыдамдылығы, ерік-жігерінің бекемдігі, принципиалдылығы өз нәтижесін берді. Мінекей, қоғамдық-экономикалық дамудың ұлы ағысына ілескен Қазақстан Республикасының құтты байрағын кейінгі буыннан өсіп шыққан жетекшілердің бірінің қолына жарқын жүзбен тапсырып отыр.
Дегемен, Орталық Азияда қазақ пен қырғыздың баурластығындай, достығындай қасиетті, жақын қарым-қатынас жоқ. Қос халық өздері құрған Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы көпсалалы мәміле, іскерлік байланыстарды бекем қылып, өзгелерге бауырластықтың үлгісін көрсете алса ғана тарих жүктеген міндетті абыроймен арқалаған болып шығады. Қырғыз бен қазақтың бауырластығы - өзгеше феномен. Бұл табиғи бірлік-бауырластықты түсінуде, сақтауда және тереңдете түсуде, әлбетте, лидерлердің рөлі зор болады. Нұраға - алысты болжай білетін көрегендігімен қазақ-қырғыз бауырластығының жаңа парақтарын ашып, оны соны биіктерге көтерген Көшбасшы. Оның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Бішкектегі қырғыз филармониясы залында қалың жұрттың алдында тұрып айтқан: “Мен қырғыз халқын қатты жақсы көремін. Қазақстанның билігіне менен кейін қандай азамат келеді, осынау бауырластық-достық қатынастарға қалай қарайды, ол жайында қазір ештеңе дей алмаймын. Қазақ пен қырғыздың бауырластығын түбегейлі бекемдеп алуға қажет істеріміз болса, қазір істеуіміз керек”, - деген мазмұндағы сөздері бүгінде біраз жанның есінде болса керек. Бұл қатардағы саясаткердің жай ғана айта салған сөзі емес еді. Бұл шынайы туыстың, нағыз Көшбасшының жүрегінің түпкірінен шыққан сөз болатын. Шынайы қазақтың сөзі еді! Сондықтан адамдардың көңілінде әлі күнге сақталып, ұмытылмай келеді.
Нұрағаның әр қадамы, айтқан сөзі үнемі тереңнен толғауымен, негізділігімен ерекшеленіп тұрады. Нұраға осы жолы да өзінің көсемдігін көрсетті дер едім. Нұраға шынымен де Көсемдігін танытты! Оның бұл шешімі, бұйырса, көптеген елдің жетекшілеріне үлгі болып, жол көрсетеді деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаев осынау қадамы арқылы өзінің Орталық Азияда ғана емес, әлемдегі көшбасшылық, адами абыройын асқақтатты. Сонымен қатар, елінің де, халқының да мәртебесін асырды. Ең жоғарғы билікті өз ықтиярымен жаңа буынға тапсырып берудің үлгісі болды. Осы әрекетімен-ақ қазақ халқының рухын көтеріп, халықаралық деңгейдегі беделін биіктетті.
Нұрағаның бай тәжірибесі, жетекшілік харизмасы, ұлттық және халықаралық деңгейдегі абыройы әлі де көп уақыт бойы ықпалын жоймайды, керісінше, оның көшбасшылық ерекшеліктері, көсемдік сипаттары, әлем саясатына қосқан үлесі турасындағы шынайы пікірлер енді ашық айтыла бастайды. Нұрағаның көсемдігін, лидерлік феноменін жаһанға таныту Орталық Азия оқымыстыларының міндеттері болуы тиіс деп білемін. Сонымен бірге, қазақ-қырғыз әлеуметтанушылары, саясаттанушылары ел ішінен өсіп шыққан Көшбасшының өмір жолын, лидерлік қасиеттері мен тәжірибелерін, атқарған қызметі мен сіңірген еңбегін адамзаттық деңгейге көтеріп, танытуда белсенділік көрсетуі керек деген пікірдемін. Нұраға – адамзаттың алғысына, құрметі мен марапатына лайық тұлға. Мұны әрқайсымыз біліп, мойындауымыз керек, мақтануымыз қажет.
Нұрағамызға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілеймін. Бар болсын! Ең жоғарғы билікті бейбіт жолмен тапсырғаныңыз, ең тура жолды көрсеткеніңіз үшін, Аға, сізге мың тағзым!
Сулaймaн Кaйыпов,
Қырғыз Республикасы білім және техника саласы бойынша мемлекеттік сыйлық иегері,
тарих ғылымдарының докторы, профессор