Президент • 21 Наурыз, 2019

Елбасы – Қазақстан өркениетінің кемеңгер көшбасшысы

3051 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасына қатысты пікір білдіріп, Н.Назарбаевтың Қазақстан өркениетінің кемеңгер көшбасшысы болып қала беретінін атап өтті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы – Қазақстан өркениетінің кемеңгер көшбасшысы

«Тарихта араға ғасыр салып дүниеге келіп, қайталанбайтын ұлы істер жасайтын ерекше тұлғалар болады.

Осындай ірі тұлға, саяси қайраткер, кемеңгер көшбасшы ол біздің Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанымыз үшін ең бір қиын кезеңде ел басқару ісін қолға алып, өзінің алысты болжайтын көрегендігінің, даналығының арқасында кең байтақ қазақ даласында жаңа Қазақстанның іргетасын қалады.

Іргетасын қалап қана қоймай, жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрды.

Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев басқарған 30 жылдың ішінде мемлекетіміз әлемді таңқалдырған жетістіктерге қол жеткізді.

Дамудың «қазақстандық жолы» және «Назарбаев моделі» қалыптасты. Елімізде саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар табысты жүргізіліп, аз уақыттың ішінде әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды.

Бұл Елбасының көреген саясатының, батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс.

Шын мәнінде, Нұрсұлтан Назарбаев «жаңа мемлекеттің негізін қалаушы» ретінде ел алдына мәңгілік мұраттарды көздейтін асқақ мақсаттар қойып, сол мақсаттардың шыңына шығара білген бірегей тұлға.

Бұл әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш, абырой және биік мәртебе.

Сондықтан, дүниежүзіне танымал, беделді тәуелсіз Қазақстанымыздың негізін қалаған Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағдырлы шешім қабылдап, шынайы демократияны қолдайтын, әлемдік саяси тұлға екендігінің тағы бір нақты көрсеткіші.

Нұрсұлтан Әбішұлының дана, көреген, салиқалы саясатының арқасында Қазақстанымыз барлық қиындықтардан аман - есен шығып, дүниежүзі таныған абыройлы елге айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл елімізге қамқор басшы болып, әрбір қазақстандықтың жүрегінен терең орын алып отыр.

Елбасымыз алдағы уақытта да, халқымызбен бірге, мемлекетімізді жаңа биіктерге, жаңа белестерге жеткізетіні сөзсіз.

Сонымен бірге, Елбасымыз әрқашанда тәуелсіз Қазақстан тарихының төрінде Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы ретінде жарқын істердің жаршысы болып қала бермек» делінген хабарламада.