Қызыл кілем, сәні мен салтанаты келіскен безендіру, әсем киінген телемамандардың шат-шадыман көңіл күйі бір сәтке «Қазмедиа» орталығын журналистердің төл думаны, кәсіби мерекесіне айналдырып жібергендей әсер сыйлады. «Қазмедиа холда» өткен салтанатты кешке Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақ телевизиясының ардагерлері мен журналистер, эстрада әншілері қатысты.
2017 жылдан бері жыл сайын қазақ телевизиясы үздіктерін анықтап, тележурналистердің кәсіби дәрежесін көтеруге арналған «Тұмар» сыйлығы биыл 9 номинация бойынша жүзден жүйрік шыққан мықтыларға бұйырды. Сараптау алқасына келіп түскен барлығы 302 өтінімнің ішінен суырылып шығып, «Үздік телесериал», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік деректі фильм», «Үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама», «Телевизиялық маусымның үздік оқиғасы», «Үздік ойын-сауық жоба», «Үздік аймақтық тележоба», сондай-ақ «Үздік тележурналист» және «Үздік тележүргізуші» аталымында топ жарған үздіктер кеудесіне «Тұмар» тағып, олжалы тарқасты.
Сонымен бәйге қорытындысы бойынша «Үздік аймақтық тележоба» аталымында Солтүстік Қазақстан облыстық «Qyzyljar» телеарнасының «Welcome to Qyzyljar» бағдарламасы марапатталса, «Үздік әлеуметтік бағдарлама» «Астана» телеарнасының «Дом мамы» жобасына бұйырды. НТК арнасының «Қара бері» бағдарламасы «Үздік ойын-сауық жоба» аталымындағы бағдарламалардың көшін бастап, КТК телеарнасы аламанға қосқан «Красный пульт» жобасы «Үздік телесериал» атанды. Ал «Хабар-24» арнасы «Үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама» аталымында топ жарды. Сонымен қатар Президенттің телерадио кешені ұсынған «Ұлы дала елордасы» жобасы «Үздік деректі фильм», «Гәкку» арнасының «Гәкку дауысы» бағдарламасы «Телевизиялық маусымның үздік оқиғасы» аталымында жүлдегер атанды. Белгілі ғалым Намазалы Омашев табыс еткен «Үздік тележүргізуші» сыйлығына «31 арна» «Информбюро» бағдарламасының дикторы Аида Боранбаева лайық деп танылса, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының журналисі Ғабит Бөкенбай «Үздік тележурналист» атанды. Ал «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінің басты жүлдесі – «Тұмар» арнайы сыйлығы «Қазақстан» телерадио корпорациясының «Жусан» жобасы иеленді. Марапатты табыс еткен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев байқауда топ жарып, «Тұмар» тағынған барша тележурналистерді құттықтай келе, осындай ауқымды да мазмұнды жобаларды жүзеге асыруға ұйытқы болып, үнемі қолдау білдіріп келген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа зор алғысын білдірді.
Сөйтіп, тележұлдыздар өңіріне «Тұмар» тағып, кәсіби мерейін өсірген мазмұнды кеш соңы күйші, домбырашы, дәстүрлі және эстрада әншілерінің тамаша өнер көрсетуіне ұласып, жеңімпаздарға естелік кубок табыс етілді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»