21 Наурыз, 2019

Бюджет әлеуметтік тапсырмаларға сәйкес нақтыланды

619 реткөрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен кезекті жалпы отырыс болып, онда алты мәселе қаралды. Соның ішінде 2019-2021 жылдарға арналған Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт пен республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі заң жобалары бар.

Елдің ең басты қаржылық құжаттары

Бюджетті нақтылаудың бас­ты бағыты Президенттің халықты әлеу­мет­тік қолдау жөнін­дегі «Нұр Отан» партия­сы­ның ХVІІІ съезінде берген тапсырмаларын қаржы­лық қамсыздандыру болды. Нақ осы мәселеге 2019 жылы 444,3 млрд теңге қосымша көздел­ген. Соның ішінде аз қам­тылған отбасыларын қол­дау­ға – 224,3 млрд теңге, көп балалы отбасыларын тұр­ғын үймен қамтуға – 100 млрд теңге, аймақтық инфра­құры­лым­дарды дамытуға – 90 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» атты әлеуметтік жобаны іске асыруға 30 млрд теңге. Ал Жастар жылына арналған шара­ла­рды өткізуге 24,6 млрд теңге қарас­­тырылған. Сонымен бірге «Дамудың қазақстандық инвес­ти­ция­лық қорын» құруға Ұлт­­тық қордан 370 млрд теңге қа­ралған. 

Ұлттық қордан бөлінетін кепіл­ден­ді­рілген трансферт туралы заң жобасы жөнін­де­гі баяндаманы Ұлттық эконо­­мика министрі Руслан Дәле­нов жасады. Осы заң жоба­сында 2019 жылға бө­лі­­нетін кепіл­дендірілген транс­ферт көле­мін өзгерту қарас­ты­рыл­ған. Нақты айтқанда, заң жобасы «Нұр Отан» партия­сы­н­ың кезекті съезінде берілген тапсырмаларды іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында Ұлт­тық қордан берілетін кепіл­дендірілген трансферт мөл­шерін 2 трлн 450 млрд теңге­ден 2 трлн 700 млрд тең­ге­ге дейін ұлғайтуды қарас­тырған. Сұрақ беру рәсімінде депутат Бейбіт Мамраев «Ұлттық қордан берілетін транс­ферттер кезең-кезеңмен төмен­­детіледі деген шешімді орын­дау кейінге қалдырылып, оны керісінше, 2019 жылы 2 трлн 700 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуды қарастырып отырмыз. Ал белгіленген төмен­де­ту қай жылдан бастап қолға алынады?», деп сұрады. Оған министр нақты жауап бере алмай, бұл мәселенің әлі талқылануда екенін айтты. Депутат Александр Суслов «Өткен қыркүйек айында Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті 150 млрд теңгеге, ал қазір тағы да 250 млрд теңгеге ұлғайтып отырмыз, осын­­дай жағдайда Ұлттық банк қордың өсімін қалай қам­та­масыз ете алады?», деп ҰБ төрағасы Ерболат Досаев­қа сұрақ берді. Ол ке­піл­­­дендірілген трансферттің ұлғаюы дұрыс шешім деп санай­тынын айта келіп, Ұлт­тық қордың өсімі мұнай баға­сы­ның артуынан болар деген үмітте екендерін жеткізді. 

Осындай сұрақтардан ке­йін заң жобасы тұтастай мақұл­данды. 2019-2021 жыл­дар­ға арналған рес­пуб­ли­калық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөніндегі заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов және Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевтар баяндама жасады. Олар 2019 жылға арналған республикалық бюд­жеттің кіріс және шығыс мөлшер­лерінің параметрлерін жеткізді. 2018 жылы елдің ІЖӨ көлемі 58,8 трлн теңгені құраған, бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база болып табылады. 2018 жылмен салыстырғанда мұнай өнімдері 2019 жылы 1,4 миллион тоннаға немесе 1,5 пайызға төмендемек. Алайда, қызмет көрсету секторы бо­йынша неғұрлым жоғары өсім күтілуде. Бұған ішкі сұра­ныстың ұлғаюының нәти­жесін­де қол жеткізілмек. 2019 жылы базалық параметрлер негі­зінен бұрын нақтыланған дең­гейде сақталған. Яғни, мұ­най бағасының бір баррелі 55 АҚШ доллары, бір доллар 370 теңге, жылдық инфляцияның нысаналық дәлізі 4-6 пайыз деп болжанған. Ауыл шаруашылығының, құры­лыс­тың, сауданың, көлік тасы­малының өсу болжамы сақ­тал­ған. Экспорт 54,4 млрд АҚШ доллары, импорт 32,9 млрд доллар деңгейінде күтіледі. ІЖӨ-нің жалпы өсімі 3,8 пайыз көлемінде болады деп мөлшерленген. Сөйтіп 2019 жылы ІЖӨ көлемі 64,3 трлн теңгеге жет­уі болжанған. Түзетілген макро­экономикалық болжам негі­зін­де 2019 жылға арналған бюджет параметрлері: кірістер 7 трлн теңге болады деп (бұл бекітілген жоспардан 200 млрд теңгеге артық), ал бюджет шығыс­тарының көлемі 1,2 трлн теңгеге ұлғая отырып, 11,9 трлн теңге болады деп болжанған. 

Осы параметрлер туралы деректерді өз баяндамасында толықтырған Премьер-Министр­дің бірінші орынбасары – Қаржы минис­трі Әлихан Смайылов 2019 жылы республикалық бюджеттің нақтыланған түсімінің болжамы 821 млрд теңгеге ұлғая отырып, 10 трлн 569 млрд теңгені құрай­тынын жеткізді. Оған кедендік әкімшілендіруді күшейту, кепілдендірілген трансферттерді ұлғайту, нысаналық трансферт тарту есебінен қол жеткізілетіні айтылды. Ал шығыстар 11 трлн 895 млрд теңгені құрайтыны айтылды. 

Елдің ең басты қаржылық құжатын бекіткен заң жобасы талқыланғанда депутаттар үнемі үлкен белсенділік танытады. Бұл жолы да олар баянда­ма­шыларға көптеген сұрақ қойды. Соның ішінде депутат Айзада Құр­ма­но­ва Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Бердібек Сапар­баевтан 2016 жылы аза­мат­тық қызметшілердің жала­қысы 27-29 пайызға көтеріледі деген шешім болға­ны­мен, шын мәнінде олар болмашы көлемде ғана болғанын айта келіп, биылғы қосымша бөлінген 1 трлн қаражат осындай қызметтегілердің нақты еңбекақыларына қаншалықты әсер етеді, бұл туралы арнайы есептер бар ма деп сұрады. Б.Сапарбаев ондай есептің бар екенін, аталған сала қыз­мет­керлерінің жалақысы орта есеппен 15-тен 30 пайызға дейін өсетінін айтты. «Бұл өзгеріс жобамен 1 млн 200 мың қазақстандықты қам­титын болады», деді министр. Сонымен бірге атаулы әлеу­мет­тік көмектің шамамен 830 мың адамды қамтитыны, алдын ала есеп бойынша көмек 40-тан 65 пайызға дейін өсе­тін­­дігі белгілі болды. 

Депутат Альберт Рау негі­зі­нен жас отбасылар мен аз қамтылғандарға арналып 40 мың жалдамалы пәтер салу үшін барлығы 100 млрд теңге бөлінетінін, соның 50 млрд теңгесі тұрғын үй заемдары үшін 2-3 пайыздық өсіммен ғана берілетіндігін айтып, оларды тұрғызу бойынша жылдарға бөлінген жоспарлар бар ма, сонымен бірге берілетін заемдардың өсімі төмен болғанымен алғашқы жарна сияқты кедергілерді еңсеру мәселесі қаралды ма деп сұрады. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қ.Өскембаев жауап беріп, осындай санаттағы адам­дар­ға жыл сайын 6 мың пәтер салу жоспарланғанын айтты. Сонымен бірге ол алғашқы жарна 10 пайызға дейін төмендетілетіні көзде­ле­тінін жеткізді.

Депутат Жанат Омарбе­ко­ваның сұрағы Премьер-Министрдің орын­­басары Гүлшара Әбді­қа­лы­қо­ва­ға арналды. Ол әлеу­­меттік қол­даудың нақты мұқ­­таж адам­дарға жетуінің маңыз­­дылығын айта отырып, әлеу­меттік карталарды жасау қазір қандай деңгейде және осы бағытта қандай жұмыс­тар атқарылуда деп сұрады. Оған Г.Әбдіқалықова қазір автоматтандырылған жүйе бар екенін, ол еліміздегі бар­лық деректердің интеграция­сы­нан құралғанын, осы жүйе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің үлкен ауқымда жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Елімізде барлығы 2418 елді мекен болса, соның ішінде 1896-сы осы жүйеге қосылғандығы айтылды. Онда әрбір отбасының әлеу­меттік портреті туралы то­лық мәліметтер болады екен. Осындай ұзақ талқыға түс­кен заң жобалары тұтастай мақұлданды. 

Допинг дауы – елге сын

Жалпы отырыста ұзақ талқыланған тағы бір құжат – кейбір заңнамалық акті­лерге дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы бір­ін­ші оқы­лым­­да қаралған заң жобасы болды. Бұл туралы негізгі баян­даманы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жасады. Заң жобасының негізгі мақсаты спорт­шы­ларымыздың допинг қолдану­ы­на қарсы кү­рес­ке бағытталған. Мәсе­ле­ні талқылау барысында Мә­жіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин де сөйлеп, до­пинг­­тің халықаралық аренада үлкен проблема тудырып жүрген кеселі біздің спортшыларымызға да жеткені өкінішті екенін атап өтті. «Бұл жерде ауызбен айтқан тыйымдармен шектелуге болмайды. Тек қатаң шаралар ғана бұл кеселді ауыздықтай алады. Халықаралық Олимпиада комитеті де бізден осыны талап етеді. «Елемесе ауру жаман, ескермесе дау жаман» деп халқымыз айтқандай, оны елемеуге қақымыз жоқ. Бү­гінгі таңдағы спорттағы ең үлкен дау – допинг. Әсіресе жас спортшыларға оның зияны тіпті көп», дей келіп спикер халықаралық жарыстарда озып шыққан спортшыларымызды алақанға салып жүрсек, олардың допинг қолданғаны белгілі болып шыққанда, ұяттан не істерімізді білмей қаламыз. Бұл спортшыны, оны дайындаған жат­тық­тырушыны, спорт сала­сын­дағы басшыларды ғана емес, бүкіл елді ұятқа қалды­ра­тын жайт екенін баса айтты. Сондықтан допингке қарсы тәртіпті бұзған қатысу­шылардың бәрі де жауап­кер­ші­лік тартуы керек. Әйтпесе бізде тек спортшының өзін ғана қалдырып, қалғандары «сүттен ақ, судан таза» болып жатады деді ол. Заң жоба­сын талқылау барысында көптеген көлеңкелі мәсе­ле де анықталды. Мәсе­лен, Олимпиада чемпионы болған спортшыға 250 мың АҚШ долларына тең сыйақы беріледі. Соның 80 пайызын жаттықтырушы алатын көрінеді. Ал спортшының допинг қолданғаны белгілі болса, ол барлық алған ақша­сын қайтарады, ал жат­тық­тырушыға тек 50 АЕК көле­мін­де айыппұл салынады. Бұл қазіргі бағаммен алғанда 126 мың теңге ғана, ал қалған сома жаттықтырушыда қала беретін көрінеді. Осы қайшы­лықты аңғарған депутат­тар айыппұлдың көлемін спортшыға да, оның жат­тық­ты­рушысы мен дәрігеріне де 200 АЕК-ке дейін көтеруді ұсынған. Ал спорт­тық функционерге айыппұл көлемін 750 АЕК көлеміне дейін арттыру көз­делген. Сонымен бірге Олимпиада чемпиондарына берілетін пәтерлерге қатысты мәселелер де осы заң жобасында қарас­ты­рылған. Ол спортшыға 10 жылға жал­ға беріледі, егер осы 10 жылда оның допинг қолданбағаны белгілі болса, пә­тер сонда ғана спортшыға меншікке бері­леді. Ал допинг қолданғаны белгілі болса, пәтер қайтарылып алынады. Қоры­та айтқанда, заң жобасы Ұлттық антидопингтік ұйымның мәртебесін көтеріп, осы кеселге қарсы күресті күшейтуді көздеген. 

Осы күнгі отырыста бас­қа да мәсе­­лелер қаралды, со­н­ың ішінде Қазақ­стан мен Тәжікстан үкіметтері ара­сын­дағы Өтеусіз әскери-техни­ка­лық көмек көрсету туралы келісім рати­фи­кацияланды. Сондай-ақ кейбір заң­на­малық актілерге көлік мәселелері бойын­­ша өзгеріс­тер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұл­данды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар