– Маған қолөнер атамнан қонған болуы керек. Ол кісі ағаштан түйін түйген шебер болған. Бала кезімде құрдастарым доп қуып, шыбық мініп, ермек етіп жүргенде мен өзен жағасынан қураған ағаштың тамырын жинап әкелетін едім. Әлгі ағаштардан түрлі аң-құс, жәндіктердің бейнесін жасайтынмын. Шығармашылыққа бейімім сол кезде қалыптасса керек, кейін кәсіби суретші болуды армандап, білім алдым ғой, – дейді Жеңіс.
Бүгінде әріптесімізді қазақ балаларының қолында жүрген Қытайдың сапасыз ойыншықтары алаңдатады. Бірде баласына сатып әперген ойыншық құлынның тез сынып қалғанын әрі оның құрамындағы сояудай темірінің қауіпті екенін көргеннен кейін «Осындай ойыншықты таза ағаштан жасауға болмас па екен?» деген ойға кетеді. Аз күнде ағаштан әдемі құлын жасап шықты. Қазақ баласының тақымынан тай кетпеген ғой, өнімінің атауын «Жорғатай» деп қойды. Енді Жеңістің «Жорғатайына» бір мініп көрген бала міндетті түрде оны сатып алады екен. Ойыншық өте ыңғайлы, артық-ауыс жапсырмасы жоқ, сырттан келген өнім сияқты шүберекпен қапталып, арасына қалдық, қоқыс салынбаған. Бастысы, табиғи ағаштан жасалған әрі қауіпсіз.
Жеңістің балалардың қызығушылығын оятқан тағы бір өнімі «Қуаныш» деп аталады. Оны алғаш көргенде балалардың тілі келмей «Қуа-Қуа» деп кетіпті. Ендігі осы атауы танымал болып үлгерді. Өзі әмбебап ойыншық болып шыққан. Отбасының үлкен-кішісіне де қолданысқа ыңғайлы. Әрі тербелетін төсек, әрі орындық, әрі көпір, қақпа сияқты бірнеше қызметті атқара береді. Идеяны интернеттен іздеп тауып, ұлттық танымға лайықтап қайта қорытты. Нәтижесінде бақа басты әмбебап ойыншық дүниеге келді.
Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Жеңіс қазақтың қайқыбас төсегін жасап шықты. Таза ағаштан шауып, оялап, сырлап дайындады. Бір жерден «қазақтың ежелден қолданған қайқыбас төсегі адам денсаулығына пайдалы екен» дегенді оқығаны бар еді. Шындығында, ұйқыдағы адамның қан айналысы қалыпты жүруі үшін бас пен аяқтың бір деңгейде орналасуы медицинада мойындалған. Демек, қазақ бұрыннан денсаулық сақтаудың жолын білген...
– Қазақтың төл заттарын қолданысқа енгізуді ойлаймын. Әттең, қол қысқа. Бұл көп уақыт пен біраз қаржыны қажет етеді. Сол қаржылық қолдаудан қиындық көреміз. Өз ісімді бастап, «Бизнес Бастау» арқылы кәсіпкерліктің жолын меңгердім. Бірақ нақты қолдау болмағандықтан Талдықорғанда қолөнер өндірісін аяққа тұрғызу мүмкін болмай тұр. Мысалы, өнімге қажетті ағашты Ресейден, басқа да елден алдырамыз. Бұл қымбатқа түсіп тұр. Болашақта қалталы азаматтар қолдап жатса, «Жорғатай» мен «Қуа-Қуаны», қазақтың қайқыбас төсегін әлемге танытқым келеді, – дейді қолөнерші, суретші, фотожурналист Жеңіс Ысқабай.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы