Біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Елбасы өзінің президенттік өкілеттігін тоқтатты. Сөйтіп Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін атқару Сенат төрағасына көшетіні туралы Жарлыққа қол қойды. Әрине, бұл жұрттың көбіне кездейсоқ оқиға болды деп ойлаймын. Бірақ шынтуайтында тарихи оқиға. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға көп еңбек сіңірді. Анығын айтқанда, Ұлы далада елді талай адамдар басқарды. Олардың арасында ұлы хандар да, билер де, небір батырлар да болды. Солар Ұлы даланы қорғау үшін бастарын бәйгеге тікті. Бірақ амал нешік, олардың бірі де, тіпті Абылай хан да тәуелсіздікке қол жеткізе алмады. Мәселен, Мұхтар Әуезов секілді, Қаныш Сәтбаев секілді біздің ұстаздарымыз, ағаларымыз тәуелсіздікті көре алған жоқ. Тәуелсіздікті біз көрдік. Тәуелсіздікке біз жеттік. Нұрсұлтан Назарбаев жетті. Ол өзінің халқымен бірге, елімен бірге жетті.
Әрине, бастапқыда Қазақстан аты бар да, заты жоқ, Кеңес Одағы тарқағаннан кейін қаңырап бос қалған, қираған мемлекет еді. Сол құландыдан, қирандыдан мықты тәуелсіз мемлекет орнату үшін жүрек керек еді. Нұрсұлтан Назарбаев тәуекелге барды. Сол кезде жұрт жалақы, зейнетақы ала алмай жүрген ызы-қиқы заман болатын. Зауыттардың бәрі тоқтаған еді. Сондай қиыншылықтарды еңсере отырып, Елбасы экономикасы зор мемлекет тұрғызды. Оны одан әрі дамытты. Әлемге танытты. Қазақстан әлемдегі озық елу елдің қатарына қосылды. Бұл, әрине, айтуға ғана жеңіл.
Мен тәуелсіздіктің алдында, елең-алаңда, сосын тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда, яғни ең ауыр жылдарда сол кісінің жанында болдым. Сол кездегі бар ауыртпалықтарды көзіммен көрдім. Нұрекеннің ұйқысыз түндерінің, күлкісіз күндерінің куәсі болдым. Төңіректің бәрі көз тігіп отырды. Бірақ сол қиыншылықтарға қаймықпады. Мемлекет ісін ойдағыдай ұйымдастыра білді. Дәлелдеді. Ұлы далада шын мәнінде тәуелсіз мемлекет орнатты. Бүгінде Қазақстан әлем мойындаған, есептесетін, санасатын мемлекетке айналды.
Алғашқы қолына билік тиген кезден бастап Нұрекең ядролық полигонды жапты. 1991 жылы желтоқсанда Президент сайлауы болды. Сайланғаннан кейін 16 желтоқсанда тәуелсіздік алдық. Сол тәуелсіздікті алғаннан кейін бірден, Нұрекең мені шақырып, қолымызға өз билігіміз тиді, енді Дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткізейік деді. Сонда байқасаңыз, қазынаның түбі тесік еді. Алайда, біз сол кезде Қазақтың тұңғыш құрылтайын өткіздік. Содан бері талай құрылтай өтті ғой, бірақ алғашқы құрылтайға бірі жетпейді. Ол құрылтай елдің аузында аңыз болып қалды.
Біз қала салғанды көрген жоқпыз. Зауыт салғанды, үй салғанды білеміз. Ал енді үлкен қала салғанды да көрдік. Елбасы Астананы Ақмолаға көшірді. Жасырып, жабатыны жоқ, ол кезде мен де бұл шешімге қарсы болдым. Елдің жағдайы нашар, неге керек дедім. Сонда бұл кісі болашақты нақты болжаған екен. Бәрін алдын ала біліпті. Тәубе. Астананы көшірді. Бұған жүрек, үлкен ақыл керек еді. Алда ұлы істер күтіп тұрды. Бәрін еңсерді. Адам таңғалатын, істерді жүзеге асырды. Енді бұл қала Еуразияның астанасына айналып барады.
Латын әліпбиіне көштік. Бүкіл түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын көшірді. Сөйтіп бәріміздің көкейімізде жүрген арманымызды жүзеге асырды. Соңғы кездері руханиятқа ерекше мән бере бастады. Олар: «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді мақалалар. Енді өзінің орнына таңдаған адамы әбден лайықты деп есептеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев ақылды, білгір, тәжірибелі дипломат адам. Мұның бәрін мен өте дұрыс деп есептеймін.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ