Кеше Қазақ елі тағы бір биікке көтерілді. Елдіктің есеюінің кезекті салтанатына куә болдық. Елбасы туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек еді. Сол сөз айтылды. Көптің көңілі орнына түсті. Алға ұмтылатынымыз ұтымды түсіндірілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының біріккен отырысындағы сөзінде айтылған бағалардан кейін Елбасы еңбегіне байланысты пікір қосу қиындап та қалды. Дегенмен, жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту – парасат парызы.
Қирандыдан, құландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыстыру, қилы кезеңдегі қиыншылықтардан есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елді аяғынан тік тұрғызу, бірнеше әлемдік қаржы дағдарысынан бұрынғыдан да ширатып, шынықтырып шығару, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептермен бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер жаһанға таныту, тіпті ЕҚЫҰ тарихында алғаш рет азиялық мемлекетті, алғаш рет ТМД мемлекетін, алғаш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын түркітілдес ұлт ұйысып отырған мемлекетті Еуропаға төбе би болатындай биікке көтеру, 56 елдің басын біріктіретін беделді ұйымға тамаша төрағалық жасау және сол ұйымның он бір жылдан бері шақырылмай жүрген саммитін ұйымдастыру, Астана декларациясын қабылдануына қол жеткізу, ЭКСПО сынды әлемдік көрмені ұйымдастыру құқын азуы алты қарыс елдермен жанталасты бәсекеде жұлып алып шығу, дүйім дүние көз тіккен сол сынақтан абыроймен өту, дүниені дендеп тұрған дағдарыстар дауылында, өз елін нағыз тұрақтылық аралына айналдыру, осынша жыл бойы халқының таңын тыныш атырып, кешін тыныш батыру, оған қоса әлемнің қиыр-қиырындағы дау-дамайды реттеуге араласу, мемлекетаралық мәмілегер биігіне көтеру, еліміздің әлемнің ең беделді ұйымының ең қуатты құрылымына – БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке Орталық Азия өңірінен бірінші болып сайлануына, өзінің бейбітшіл, жаңашыл ұсыныстары БҰҰ аясында қабылдануына қол жеткізу, басқа да қыруар шаруаны шып-шырғасын шығармай шешу, ең бастысы – елдің экономикалық қуатын сан еселеп арттыру, ең еңселі елулікке ену міндетін мерзімінен бұрын атқарған соң ең озық отыздыққа ұмтылу, сол жолда нақты қадамдар жасау, халықтың рухын жаңғырту, адамдардың жанын жаңалау тек ұлттың ұлы перзентінің ғана қолынан келеді. Мұны ашып айту біздің ақиқат алдындағы парызымыз. Осының бәрін сығымдап жеткізгені үшін ел Президентіне бөлекше разылығымызды айтқымыз келеді.
Осыдан тоғыз жыл бұрын біз ел газеті Egemen Qazaqstan-ның материалдарынан құрастырған «Елбасы» атты қомақты кітапқа жазған алғысөзімізде «Елбасы» сөзін «Президент» сөзінің қазақы баламасындай ғана қарау ұғымның мағынасын тарылтатынын айта келіп: «Ел басшысының бәрін Елбасы деуге болмайды. Елбасы – елдің басы. Елдіктің басы. Елдің, елдіктің басында, бастауында тұрған адам. Ел болуды бастап берген, елді орнатып берген адам. Елбасы – мемлекетқұрушы» деп жазған едік. Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы ұғымына байланысты да биік байламын білдірді. Мұның өзі саясаттағы сабақтастықтың сақталатынын ғана емес, елдің келер күнге үкілеген үмітінің ақталатынын да көрсетеді.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты