Себеп пен салдар
Сәрсенбі, 19 қыркүйек 2012 7:17
2008 жылы бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс оты шарпып өткенін әркім де жақсы біледі. Осы бір үрейлі экономикалық құбылыс мыңдаған адамдарды қаржы мен мүліктен айырды, көптеген өндіріс орындары жабылды, әлемді жұмыссыздық жайлады. Қаржылық дағдарысты әлемнің барлық елдері сезді және барлық адамдар бастарынан өткерді.
Сәрсенбі, 19 қыркүйек 2012 7:17
2008 жылы бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс оты шарпып өткенін әркім де жақсы біледі. Осы бір үрейлі экономикалық құбылыс мыңдаған адамдарды қаржы мен мүліктен айырды, көптеген өндіріс орындары жабылды, әлемді жұмыссыздық жайлады. Қаржылық дағдарысты әлемнің барлық елдері сезді және барлық адамдар бастарынан өткерді.
Өндіріс пен тұтыну арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы, валютаның бақылаусыз эмиссиясы, сыртқы сауда балансындағы тапшылық және тағы басқа макроэкономикалық факторлар мемлекет экономикасын қаржы дағдарысына әкеліп соқтырады. Қаржы дағдарысының мемлекет ішінде немесе әлемде тез таралуының экономикалық, саяси, тіпті психологиялық себептері бар. Әлемнің дамыған елдеріндегі экономиканың дамуы және құлдырауы – міндетті түрде болатын құбылыс. Капитализмнің бес ғасырлық тарихында бірнеше рет кезеңдік құрылымдық экономикалық дағдарыстар болып өтті. Осы дағдарыстардан кейін ғана жаңа экономикалық модельдер пайда болды: мануфактуралық капитализм, фабрика-зауыт түріндегі акционерлік капитализм, монополистік капитализм, «аралас экономика». Әлем экономикасы 2008 жылы да қаржы дағдарысына ұрынды. Демек, әлемдік экономиканың қалыпты дамуын қамтамасыз ету үшін тек өндірісті ұйымдастырудың жаңа моделі ғана емес, жаңа әлеуметтік-экономикалық философия қажет екендігі бірінші кезекке шықты. Әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысының қағидаттық шешімдері еліміз Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Российская газета» басылымында жарық көрген «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласында көрініс тапқан.
Әлем тарихында үлкенді-кішілі көптеген экономикалық және қаржылық дағдарыстар болып өтті. Осы дағдарыстар ішіндегі ең ірілері ХХ ғасырда болған «ұлы депрессия» (1930 ж) және 1970 жылдары әлемді шарпып өткен құрылымдық-экономикалық дағдарыс еді. 2008 жылы жер шарындағы барлық мемлекеттер ертеректе болып кеткен экономикалық дағдарыстардың ешқайсысына ұқсамайтын ерекше бір қаржы дағдарысына тап болды. Осы бір қаржылық дағдарыс кезінде әлем экономикасы құрылымында биржалық және валюталық дүрбелеңдер, әртүрлі тауарларға қатысты дүрбелеңдік сұраныстардың күрт артуы немесе сұраныстың кенеттен болмай қалуы, қор биржасының күйреуі, банк жүйесіндегі кредиттік-қаржылық дағдарыс, өнеркәсіптегі рецессия және стагнация үдерістері және т.б. жағымсыз экономикалық-қаржылық үдерістер қоса жүрді.
Әлемдегі барлық мемлекеттердің экономикасын шайқалтқан осы бір қаржылық дағдарыстың болу себебін нақты түсіну үшін Мексиканың түкпірінде орналасқан бір деревняда болған (мүмкін болмаған) мына оқиғаны зерделейік. Осы деревняға Мехикодан бір бизнесмен келіп былай дейді: «Сіздер тұрған аймақтағы приматтың (маймылдың бір түрі) әрқайсысын 10 песодан сатып аламын». Шындығында ауылдың маңайында маймылдар көп еді. Деревня тұрғындары негізгі күнкөріске қатысты жұмыстарын тоқтатып, ормандағы приматтарды ұстап алып бизнесменге өткізе бастады. Біраз уақыттан кейін приматтар саны күрт азайып кетті. Осы кезде бизнесмен маймылдың бағасын 20 песоға көтеретінін жариялайды. Деревня тұрғындарына азайып кеткен және адамдардан сескеніп қалған приматтарды ұстап алу әжептәуір қиындық туғызды. Көптеген адамдар маймылдарды орман ішінде қуып ұстаудан шаршап, өздерінің бұрынғы кәсіптеріне орала бастады. Осы кезде бизнесмен мынандай хабарландыру жасайды: «Приматтарды ендігі қабылдау бағасы 50 песо!» Ол осы хабарландыру жасағаннан кейін Мехикоға кетеді. Орнына орынбасарын қалдырады.
Тұрғындар барлық күштерін салса да, олар үшін аз қалған приматтарды ұстап алу мүмкін болмай қалды. Маймыл бірден деревня шегіндегі құнды мүлікке (құнды қағаз!) айналып кетті. Адамдар бір-бірінен тұрмысқа қажетті заттарды сатып алғанда тек песомен ғана емес, маймыл түріндегі «валютамен» де есеп айырысты. 40-45 песо тұратын затты адамдар бір маймылға еркін айырбастайтын болды. Олар бір-біріне песо түрінде де, маймыл түрінде де үстеме пайызы бар қарыздар бере бастады.
«Маймыл-валюта» деревня аймағында толық орныққан кезде бизнесмен орынбасары тұрғындардың әрқайсысына былай дейді: «Қазір ешкімге білдірмей мендегі маймылдарды 35 песодан сатып алыңдар, босс келген соң оған 50 песодан өткізесіңдер». Орынбасардың мұндай жомарттығына риза болған халық ең соңғы ақшаларын салып, бір-бірінен үстеме пайыз шарты бойынша қарыз алып, барлық маймылды сатып алады. Әрине, деревня адамдары бизнесменнің орынбасарынан маймылдарды пайда табу үшін сатып алған еді. Біраз адамдар басқа деревня адамдарынан үстеме пайызға қарыз алды.
Келесі күні бизнесменнің орынбасары жоқ болып кетеді. Деревняда дүрбелең басталды. Маймылдардың бағасы күрт түсіп кетті. Адамдар 30-32 песоға бағалап бір-біріне маймылдарын сатқысы келді, бірақ сатып алушыны таба алмады. Маймыл түрінде берілген үстеме пайызы бар қарыздардың құны түсіп кетті. Өйткені, ондай қарыз берген адамдар қарызын песо немесе басқа зат түрінде қайтарып алғысы келді.
Бір адам Мехикодағы зообаққа 5 песодан барлық маймылды сатып алатынын жариялады. Бірақ адамдар қымбатқа алған маймылдарын оған сатуға асыға қоймады. Маймылды бизнесменнің орынбасарынан сатып алу үшін алған қарыздарын адамдар иелеріне қайтара алмады. Пайызынан пайда табамын деген оймен маймылды 35 песодан орынбасардан кері сатып алушыларға қарыз берген жеке адамдар қиын жағдайда қалды. Басқа деревня адамдары да қаржылық қиындыққа ұшырады. Сөйтіп деревня тұрғындары барлық ақшасынан айырылды. Нәтижесінде, деревня халқының әрқайсысы ондаған маймылдың иесі болып қалды.
Жоғарыда қарастырылған деревня шеңберінде болған оқиға дүниежүзілік ауқымда 2008 жылы қайталанған еді. Және ол әлемдік қаржы дағдарысы деген атпен тарихқа енді.
Бұл жолғы әлемдік қаржы дағдарысы Америка Құрама Штаттарынан басталып, бүкіл дүние жүзіне тарады. Қаржы дағдарысының себебін іздесек, оны АҚШ-тың экономикалық жүйесінің құрылымынан табамыз. АҚШ-тан басқа елдер қалай болса да мемлекеттік шығыннан (әлеуметтік сала, ғылым, қорғаныс шығыны, өндірісті ұлғайту және т.б.) көп мөлшерде әртүрлі әдістер көмегімен (негізгісі салық әдісі) қаржы табуға тырысады. Ал Америка ондаған жылдар бойы осы бір негізгі экономикалық қағидатты есепке алмай келеді.
Америка үкіметі экономика саласында мынандай прагматикалық ұстанымды басшылыққа алды: «Бүгін өзіңе керегінше ақшаны қарызға ал, ал оны қайтару мәселесімен бірсүгүні ойланасың» (осы бір америкалық прагматизм әлем елдерінің көбіне ене бастаған еді). Мемлекет экономикасы осы прагматистік қисын бойынша өмір сүрді, ал АҚШ халқы өз мемлекетінің іс-әрекетінен үлгі алды. 2003 және 2008 жылдар аралығында АҚШ-тың сыртқы мемлекеттік қарызы 2 есе өсіп, 14 триллион долларға жетті. Сонымен қатар мемлекеттің ішкі қарызы 37 триллион еді. Ішкі қарыз белгілі бір бағдарламаларға халықтың қаржысын тарту, мемлекеттік бағалы қағаздар сату және т.б. арқылы құралады. Демек, АҚШ мемлекетіндегі орасан зор шығынды талап ететін армия, ғарышты зерттеу және америкалықтардың әдемі өмір сүру салтының жоғарыда өзіміз айтып өткен қарыздар есебінен іске асатынын түсіну қиын емес. Әрине, келешекте америкалықтар тапқан табысына сай өмір сүрмесе, АҚШ мемлекетінің дефолтқа ұшырауы сөзсіз. (Бірақ бұл жағдай біздің зерттеуіміздің тақырыбы емес).
2004-2005 жылдары АҚШ тұрғындарының нақты орташа табысы күрт азайып кетті. Бұның негізгі себебі америкалық доллардың құнсыздануы еді. Өйткені, АҚШ мемлекетіне алған қарыздарын өтеуі керек болды. 14 триллион доллардың банктік пайызының өзі орасан зор қаржыны талап ететіні белгілі. Ал АҚШ экономикасы қанша ышқынғанымен жаңа табыс бере алмады. Ал мемлекеттік шығын жыл сайын үдемелі түрде өсе берді. Сөйтіп, АҚШ үкіметі мемлекет ішіндегі және әлемдік деңгейдегі долларға қатысты қаржылық-кредиттік үдерістердің тұрақтылығын бақылап отыру үшін 1913 жылы құрылған Федералдық резервтік жүйеден (ФРЖ) көп мөлшерде қарызға доллар валютасы түрінде қаржы алуға мәжбүр болды. Дәлірек айтқанда, материалдық өніммен қамтамасыз етілмеген долларды ФРЖ мекемесіне көптеп шығартуға мәжбүр етті. Осылайша мемлекеттік шығынды азайта алды, бірақ долларды сатып алу қабілеті төмендеп кетті.
Америкалықтар осыған келіп аз табыс табатын болды. Көп жылдар бойы қайғы-мұңсыз өмір сүріп үйренген халық ақша табудың жаңа жолын іздеді және оны тапты да. Тұрғындардың көп бөлігі ипотекалық қорлардан немесе банктерден пайызы өте аз кредит ала бастады. Шындығында 2005 жылдары тұрғын үй рыногында ерекше жағдай туындаған еді. Халықтың наразылығын тудырмау мақсатында мемлекет тұрғындарға үй салуға және баспана сатып алуға қаржы беретін ипотекалық мекемелерге (банктер, агенттіктер және т.б.) үнемі экономикалық қолдау көрсетіп отыратын. Ипотекалық мекемелер саны күрт артты және олар көп мөлшерде акцияларын шығарып сата бастады. Олар өз уақытында өте құнды бағалы қағаз түріне жататын. Ипотекалық мекемелердің акцияларын АҚШ-тың ірі банктері және әлемнің көптеген беделді банктері үлкен мөлшерде сатып алды. Сақтандыру компанияларының көпшілігі артық активтерін баспана салу ісіне кредит түрінде бере бастады.
Көп кешікпей-ақ АҚШ-та ипотекалық құрылыс дүрбелеңі басталды. Оған төмендегі жағдайлар себеп болды. Біріншіден, жылдық үстемесі 2%-дан тұратын ипотекалық кредитті кез келген АҚШ тұрғыны ала алды. Бұл үшін одан қаржылық кепіл, жалақысы және мүлкі туралы анықтама талап етілмеді. Екіншіден, жылжымайтын мүліктің бағасы тез өсе бастады.
Кредитті тұрғындардың барлығы дерлік алды. Өйткені, кредит көмегімен жақсы табыс табуға болар еді. Алынған кредитке үйлер, ғимараттар салды немесе жылжымайтын мүлік сатып алды. Содан кейін оны қайтадан сатты. Жылжымайтын мүлік бағасының тез өсуі тек кредитті және оның пайызын қайтаруға ғана емес, жақсы пайда табуға да мүмкіндік берді.
АҚШ үкіметі де, халық та өмір осылай бола береді деп ойлады. Бірақ экономикада ешнәрсе мәңгілік емес. Белгілі бір уақытта, дәлірек айтқанда, 2006 жылы ипотекалық мекемелер бірінші рет қаржылық кедергіге тірелді. Ипотекалық банктерде және агенттіктерде ақша жетіспеді, өйткені қыруар кредит таратылып жіберілген еді. Бірақ олардың қайтарымы мардымсыз болды. Дегенмен кейбір шаралар қолданудан кейін жағдай біршама түзелген еді. Бұл шаралардың ең бастысы, адамдардың кредитті қайтару уақытын шегіндіру болатын.
2007 жылы америкалық жылжымайтын мүлік рыногы «қызып» кетті, ұсыныс сұранысты басып озды. Өте қымбат бағаға салынған үйлер саны тез көбейді. Сөйтіп, жылжымайтын мүлік рыногы төңірегінде пайда табу мақсатын көздеген «іскер» америкалықтар екі үлкен тығырыққа тірелді: біріншісі, кредит қаражатына сатып алынған қымбат үйлердің (көбінесе әлі салынып бітпеген үйлер) иесі болу; екіншісі, ипотеканы пайызымен қоса қайтару керектігі. 2006 жылы бұл үрдіс енді ғана екпін ала бастаған кезде ипотека иелеріне мемлекет көмекке келді. Ал 2007 жылдың басында АҚШ үкіметінің мүшелері және президенттің өзі жағдайдың күрделі екенін айта отырып, одан АҚШ мемлекетінің шыға алатынына, жағдайдың жақсы болатынына халықты сендірді.
2008 жылдың тамыз айында президент айтқан жақсы жағдайдың орындалуы екіталай екені байқала түсті. Әрі қарай экономика қисынына сай бұрын мүмкін болмаған оқиғалар тізбегі орын ала бастады.
Сұраныс болмағандықтан жылжымайтын мүліктің бағасы елеулі деңгейге түсіп кетті. Үйдің бағасы 2008 жылы соңғы сегіз жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге жетті. Үлкен кредитке салынған немесе сатып алған үйлерін тұрғындар сата алмады (егер сатса, онда ол шығынға қалар еді). Ақша жоқ болғандықтан олар ипотекалық мекемелерден алған қаражатты қайтара алмады. Ал кредитті пайызымен өз уақытында қайтарып отыруға мүмкіндігі барлардың өзі тым арзандап кеткен үй үшін кредит сомасын төлеуді тоқтатты және кредитке алынған жылжымайтын мүліктерін ипотекалық банктер мен агенттіктерге өткізе бастады. Тұрғындар кредитті және оның пайызын ипотекалық мекемелерге қайтармағандықтан, банктер мен агенттіктер қаржылық қиындыққа тап болды. АҚШ-тағы ең ірі ипотекалық агенттіктер (Fannie Mae и Freddie Mac), банктер (Bear Stears, Lehman Brothers) және сақтандыру компаниялары (AIG) банкрот жарияланды. Іле-шала басқа орташа ипотекалық мекемелердің барлығы дерлік банкротқа ұшырады.
Ипотекалық мекемелердің акциялары тез құнсызданып кетті. Ипотекалық қаржылық құрылымдардың акцияларына ие болған банктердің активтері елеулі түрде қысқарды. Банктердегі активтердің қысқаруы нәтижесінде банктердің өздерінің шығарған акциялары да құнсыздана бастады. АҚШ-тың қор биржасында дүрбелең басталады. Әлемдік экономиканың өзара тығыз байланысы нәтижесінде қаржылық дүрбелең жер шарындағы басқа мемлекеттерге де тарала бастады және әлемдік экономика қаржылық дағдарысқа түрткі болды.
Балнұр ҒАЗИЗ,
Назерке ӘКІМЖАНОВА,
Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға
арналған облыстық арнаулы мектептің оқушылары.
СЕМЕЙ.