21 Наурыз, 2019

Ұлтты тәрбиелеудің дәуірі

1220 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ұлтты тәрбиелеудің дәуірі

Біз – тарихи өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатқан ұрпақпыз...

Батыс пен Шығыс мидай араласып, бір өркениет бір өрке­ниетке, бір мәдениет бір мәде­ниетке әсері мен ықпалын еркін жүргізудің жолы көбейіп, айла-тәсілі молайған жаһандану дейтін дәуірде тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекет құру міндеті пешенесіне бұйырған ұрпақтың көшін жетелеп, ел тізгінін отыз жылға тарта ұс­таған тарихи тұлға он тоғы­зын­­шы нау­рыз күні өз еркімен Пре­зи­­денттік билігін мерзімінен бұрын тоқ­тата­тынын ресми түрде мәлімдеді.

Шынын айту керек, қазақ Пре­зи­дентінің бұл шешімі біздің елді қойып, әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді. Күні кеше ғана «Nur Otan» партиясының мерейтойлық кезекті құрылтайында күллі қазақ­стандықтарға күрделі дәуірдің қиындықтарын бірігіп отырып еңсерудің нақты бағдарламасын ұсынған, сөзі мен ісі қай кезде де үйлесім тауып, ел ойынан шығатын Елбасының мына мәлімдемесі миллионсанды аудиторияға ашық күнде ақ дауыл соғып өткендей көрінгені рас...

Арғы дәуірді айтпай-ақ, бергі дәуірдің «тұрымтайды – тұсына, балапанды басына» ұшырып үркіткен, ел көңілін әрі-сәрі күйге салған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бергі «империя күйреп», «тәуелсіздену дәуірі» ерге қонған кезеңді еске алайықшы?! Ұлы көші сан ауып, сан түзелген алты құрлықтың осы бір Еуразия дейтін ұлан-ғайыр кеңістігін қапсыра құшақтаған Ұлы дала тағдыры жіп ұшына іліккен тұсты қалай естен шығаруға болады?!

Иә, халық қиналған кезде ерге бекем отырар ерін іздейді, көш бас­тар көсемін, сөз бастар шешенін іздейді. Уақыт есімді әбжелменнің талапайына түсіп, біресе сыртқы күшпен, біресе ішкі күшпен алыс­қан елдің арып-ашып, жадап-жүдеген кездегі «тағдырымызды тәл­кекке түсірмес» деген үміті мен сенімі кереқарыс маңдайлы осы азаматқа түскені жадымызда.

Керегесін керіп, уығын шаншып, туырлығын жаңа тіктеген, жаңа, жас елдің өз қолы өз аузына жет­пей жатқан кездегі Тұң­ғыш Пре­зи­денттің жанұшыра шап­қы­лап жүріп, туған жұртының төрт бұрышын қалай түгендегені, төрт­күл дүниенің ендігі мен бойлығын қалай шарлағаны есімізде... Бұл жай түгендеу, жай шарлау емес еді... Тұралаған жұртын тұрғызып, әлем назарын тәуелсіз елге бұр­ғызу­дың қам-қарекеті болатын. Баяғы көк түріктер дәуірінен қалған «ел есін жидыру мен ел еңсесін көтерудің» аруақты қимылы мен ұраны Қазақ елінің тоқтаған көшін қимылға салды. Ұлт мүддесінің айыл-тартпасы тартылып, аз уақыт ішінде ел өрісі әлем өркениетінің кеңістігіне жалғасты. «Қазақстан» дейтін осыған дейін жұмыр жердің бетіндегілердің біреуі біліп, біреуі біле бермейтін тәуелсіз ел мен тәуелсіз елдің Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың есімі бірте-бірте ауыздан-ауызға көшті. Ұлы даланың бүгіні мен бола­шағы­на қанат бітірер саяси тұрақ­тылық пен рухани, эконо­мика­лық реформалар кең дүниенің назарын өзіне бұрды.

Міне...

Осындай қысқа мерзім ішінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танытты. Осы жылдар ішінде еліміз өз дербестігін дәйектейтін аса маңызды тарихи құжаттарға қол жеткізді, әлемнің ондаған ірі мем­лекеттерімен саяси, эконо­мика­лық байланыстар орнатты, шек-шекарасын белгілеп, кейінгілерге «дау қалмайтындай» шегендеді. Бірте-бірте тәуелсіз Қазақстан қана­тын кең жайған қырандай биік­теп ұшты. Қанатын жайып ұшты. Екі ғасыр шектескен өлара кезең­дегі «ауыздыға – сөз, аяқ­тыға жол бермес» алып елдер арасын­дағы дау-таластарға төрелік айту мәртебесіне дейін көтерілу – Қазақстанның демократиялық-құқықтық бағытта дамыған шынайы ұлттық үлгідегі зайырлы ел екенін дәлелдеді.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген киелі де қа­сиетті қағидаға ден қойған ел­міз. Тарихтың тұрлаулы көші ұзаған сайын, сана төрін көмкерген уақыттың қою тұманы бұлдыратып бара жатқан сол ұлт жүрегінде тұмардай түйіліп сақталуы тиіс тарихи оқиғалардың жүзеге асуы оңай болған жоқ. Қоғам өміріндегі қиындықтарды еңсеру; аймақтық, құрлықаралық қақтығыстар мен алуан-алуан катаклизмдерге көп ұлт өкілдері тұратын Қазақстанды ұрындырмай, ұлы көшімізді үлкен білгірлікпен алға бастау; әлемдік өркениет пен ұлттық құндылықтар үйлесімін қатар өрістету; халық санасын замана тайталасының жеміне жібермей, «ұлттық код» дейтін қастерлі ұғым айналасына топтастыру; ел мен жер тартылы­сын қамтамасыз етер «Рухани жаң­ғырудың» тарихи тамырларын түген­деу; білім мен білік жетекшілік етер жаңа дәуірде ұлтты тұғырынан тай­дырмас интеллек­туалды ұрпақ тәр­биелеу; технологиясы дамыған ел­дер­мен терезесін тең ұстап, ел тізгінін теп­кіге бермес қанатты кадр­лар дайындау; ықылым ғасырлар мен цифрлы дәуірлер арасына ақыл мен ғылымның, намыс пен өнер­дің, әдеп пен әдебиеттің, рух пен ұлы құндылықтардың алтын көпірін орнату дейтін ұрпақ пен ұлт санасын модернизациялаудың (жаңғыртудың) ұлттық бағдарла­маларын ұсыну, сайып келгенде, Назарбаев дәуірінің бет-бейнесі, бағыт-бағдары, ар-ожданы болды.

Көріп отырсыздар, санамызға сәуле нұрын шашар осынау ұлт жаратылысын жаңғыруға, түлеуге жетелер нақты атқарылған тегеуріні мықты тарихи реформалар мен танымы кең, тағылымы терең рухани шаралар кешегі Қазақстанның бас­тан өткен жолы ғана емес, бүгінгі тәуелсіз ел өмірінің ақиқатын, Ұлы дала жұртының баянды болаша­ғын дәйектер тарихи шындықтары­мыз, ұлт пен ұрпақты тәрбиелеудің үлгілері!

Иә.

Назарбаев дәуірі – ұлт пен ұр­пақ­ты Мәңгілік ел рухына тәрбие­леудің ұлы дәуірі! 

Бұл дәуір ел тарихына да, әлем тарихына да осындай тарихи бағамен енері сөзсіз. Айналып келгенде осының бәрі Тұңғыш қазақ Прези­дентінің әлем алдындағы бейнесін сомдар уақыт, заман шындығы. 

Ақ қағаз бетіне асығыс түскен осынау сан тарау ойлардың басын қайыра отырып, неге екенін менің есіме ел өмірінен сыр тартар екі сурет қатар келді. 

Бірі – өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдарындағы жары­ғы сөнген ауылдар мен кеңестік дәуірдің көзіндей болып, қаңырап-қираған ел-елдегі, жер-жердегі ескі ғимараттар... Кетеуі кетіп, жапсарынан жел аңыраған тауық қоралары мен мал бордақылау орындары... Құнды кітаптарының көбі қолды болып тарап кеткен кітапханалар мен есіктерін қара құлып күзеткен клубтар... Көшесінде қайыр сұрап, қолын созған кәрі-құртаң өріп жүретін қалалар... Жайма базар жаға­лап, жанбағыс қамында жүрген адамдар... Ала қап арқалап, шекара асқан әйелдер... Көшелер мен сауда орындарын торыған ұры-қарылар...

Екіншісі – жаңа ғасырмен жары­са дамып, өмірі де, өрнегі де өз­гер­ген тәуелсіз еліміздің бүгін­гі өмірі. Бұл ешқандайда әсіре­леу емес... Ғимараттары мен саябақ­тары менмұндалап көз тартар ең­селі мекенжайлар... Облыс, аудан орта­лықтарындағы сәнді ғимарат­тар... Дала төсін тіліп, Батыстан – Шығыс­қа, Шығыстан – Батысқа зым­ғап, сымдай тартылған темір жол­дар мен тас жолдар... Астана мен Алматы аспанына, Сарыарқа жері мен Алатау бөктеріне жапырлай қонған жаңа үйлер... Атырау мен Қаратауға қайыра құт алып кел­ген елді мекендер... Жаңа тұр­пат­ты оқу орындары... Жасқану мен жабырқауды білмей өскен, кеше­гі «алып империя құрамында бол­дық» деген сөзді ескі ертегінің үзіндісіндей көретін жаңа буын, жас ұрпақ елестейді. 

Біріншісі – біздің ұрпақ басынан кешкен «өтпелі дәуір» ақиқаты.

Екіншісі – «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы дала мәңгілігіне» бет бұрған бүгінгі ұрпақтың ойы, кескіні. 

Екеуі де отыз жыл ел басқарып, жарығы сөніп, көшелері қаңыраған Кеңестер Одағының сары жұртын тумысы бөлек, тұғыры биік тәуелсіз ел дәрежесіне жеткізген Назарбаев дәуірінің суреттері. Назарбаев дәуірінің ақиқаттары.

* * * 

Президент мәлімдемесін тың­дап отырып, менің көз алдыма тағы да екі сәт, екі көрініс елестеді.

Біріншісі... 1994 жылдың нау­рызы. 

Қазақстан Президентінің Америка Құрама Штаттарына бара жатқан алғашқы ресми сапары. Сонда ұшақ қанатында бара жатып, Нұрсұлтан Әбішұлымен бол­ған қысқа сұхбаттың тұсында айтылған мына бір сөздер қаз-қалпы құлағыма жеткендей болды. «Біз бұл сапарға Президент Клинтонның ресми шақыруымен бара жатырмыз. Бұл қатардағы сапар емес. Бас-аяғы шыңдалған, әр құжаты тиянақты дайындалған сапар... Алла жеткізсе, елдік сипатымызды бекітер біраз маңызды тарихи қағаздарға қол қойылуы тиіс. Құжаттар еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысын, экономикасын реттеуге, тығырықтан алып шығуға бағытталған...» деп еді.

Президент өз сөзін: «Елге қыз­м­ет етеміз...» деп бастап, «Біз ел ер­­теңі­не жұмыс істейміз...» деп аяқтап еді.

Екіншісі... 2019 жылдың 19 нау­рызы...

Қалың елін – күллі қазақстан­дық­тарды ғана қобалжытып қой­­май, әлем жұртшылығын да ой­лантқан осынау тарихи шешімнің бір тұсында Елбасы өзі де толқуын сабырға жеңгізіп отырып: «Ел мүд­десі, халық қамы – менің мәң­гілік мұратым болады» дегені жадымда жаңғырып отыр.

Елбасының бұл тарихи шешімі, сөз жоқ, Қазақ елінің ұлы тұтас­ты­ғын толғап, береке-бірлігін ойла­ғаннан туғаны күмәнсіз. Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының бұл қа­да­мын кемеңгерлік көрінісі, ел тұғы­рын биіктету үшін жасалған терең ойдың жемісі деп бағаладым. 

Иә...

Ел туралы сөз айту үшін ел құрметіне кенелу аз, ел махаббатына бөлену керек! Назарбаев шын мәнінде ел құрметі мен ел махаббатына бөленген тарихи тұлға! 

Осы күндерде Ата Заңды қастер­лейтін Алаштың қалың жұрты­ның қимай толқып, Елбасының атына айтып жатқан алғысты сөздерінің куәсі болып отырмыз... Еліне қалт­қы­сыз қызмет етіп, ұлтын жаңа дәуір талаптарына сай өмір сүруге тәр­бие­леген Ұлт көшбасшысына ел аты­нан айтылар алғыс пен құр­мет­тің қандайы болса да жарасары хақ.

Өйткені...

Нұрсұлтан Назарбаев – елімен біртұтас ұғымға айналған тарихи тұлға.

Нұрлан ОРАЗАЛИН, 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты