Ең алдымен айрықша атап айтатын бір мәселе – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі маңызды мәлімдемесі егемен еліміздегі дәстүрлі демократияның жарқын көрінісін айқын көрсетіп берді. Мен Елбасымызды көп жылдардан бері жаныма жақын жан ретінде жақсы білемін. Алғаш рет Қарағанды облысында қызмет атқарып жүргенде кездескен таныстығымыз бүгінге дейін үлкен сыйластыққа ұласты деуге болады. Өзінің шетелдерге барған бірқатар сапарына серік еткен тұста ол кісінің тарих алдындағы, халық алдындағы еңбегінің өте үлкен екеніне көзім анық жеткен кездер көп.
Кешегі мәлімдемені тыңдап отырғанда көкірегімізде қимастық сезімі орнағанын жасыра алмаймыз. Менің жеке шығармашылығымды бағалап бірнеше рет қабылдаған Мемлекет басшысы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өте қамқор болды. Қираған кеңес өкіметінің үйіндісінің үстіне тәуелсіз мемлекет орнату – алмағайып аласапыран кезеңде оңай соқпағаны анық. Сол тар кезеңде әр ақын-жазушының, қаламдастардың қамын ойлап Президент стипендиясын тағайындады. Мұндай қамқорлық бізбен одақтас, көршілес елдердің ешқайсысында болған жоқ. Қысылтаяң кезеңнің өзінде ұлттың руханиятына ұстын боларлық «Бабалар сөзінің» 100 томын жарыққа шығарып, «Мәдени мұра» атты мазмұны бай біртұтас бағдарлама қабылдады. Ол шарапатты шаруаны біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Елбасының ең бірінші ерлігі – ел жалақы ала алмай жанталасып жатқан өліара шақта халықты жылы кеңседе отырып басқармай, шахтаға өзі түсіп, шаруаны тікелей шешуге тырысқандығы болатын. Еліне етене жақын Президентіміз қиындықты әрдайым бірлік күші арқылы жеңеміз деген сөзінде тұрып, Қазақ елін қаншалық биікке көтеріп шығарғанын уақыт таразысы әлі де әділ талғамдайтын болады. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер көшбасшы екендігін әр кезде ардақтап айтып келе жатқан азамат ретінде ол кісі жайлы жазылған үш кітабымды айта аламын. Алғаш қалам тербеген «Кемеңгерлік құпиясы» еңбегім болса, одан кейін тағы екі кітап «Қас-қағым және мәңгілік», «Инемен қазылған құдық» атты еңбектерім Елбасының тұтас келбетін жан-жақты ашуға арналған еңбектер болды.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыздың кешегі мәлімдемесі – азаматтық ерік-жігердің күші, саяси-тұлғалық ерліктің көрінісі. Әрине қимаймыз, көшбасшың түгілі көшіп бара жатқан көршіңді қимайтын ет жүрегіңе ерекше жақын етене сезімдер болады. Сол сезімдер – ел ертеңінің үмітті болашағына деген сеніммен ұштаса бермек.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты