ҰҒА академигі, «Ғасыр ғұламасы» атағының иегері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маңызды мәлімдеме жасап, өзінің Президенттік өкілеттігін тоқтатты. Бұл шешім Қазақстан халқы үшін күтпеген жағдай болды. Елбасы терең ойланып, еліміздің тұрақтылығы үшін осындай шешімге келіп отыр. Осы отыз жылдықта ол парасат-пайыммен, сарабдал саясатымен Қазақ елінің қасиетін арқалап, әлемдегі абыройын асқақ етті. Бұл мемлекет тарихында ғана емес, әлем жылнамасында қалары сөзсіз. Қиын-қыстау кезеңде қиядан жол тауып, шекарамызды бекіттік, Астанамызды салып болашағымызға бағдар құрдық. Нұрсұлтан Назарбаев тек мемлекет деңгейінде шектелмей, әлемде болып жатқан оқиғалар мен түрлі жағдайларға сарабдал саясатымен үн қоса отырып, Қазақстанның өзге елдермен терезесі тең түсуіне ұйытқы болған парасатты басшы ретінде қолтаңба қалдыра білді. Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің туын тіктеген Тұңғыш Президент ең алдымен халықтың руханиятына еркіндік бергендігімен құрметке әбден лайық.
Нұрсұлтан Әбішұлы отыз жылға жуық елді басқарды, қиын кезеңдерден өттік, ал оның бірқатары Қазақстан үшін қауіпті болды деуге негіз бар. Бірақ қандай қиын кезеңдерде де тиімді шешім тауып, тығырықтан шығудың жолын таба білді. Мұның өзі ерлік. Әрине отыз жыл бір адамның өмірі үшін үлкен мерзім, бірақ мемлекет үшін бұл қас-қағымдай уақыт.
Алдағы мерзімде де халқымызға ауызбіршілік керек. Алла тағала бізге тәуелсіздік берді, осы тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Тәуелсіздік болса мемлекетіміз болады, ауызбіршілік болса мемлекетіміз күшейеді. Алдымызда үлкен сын сағаты соққалы тұр. Осы кезде сабырлықты серік ете отырып, төзімділікпен ата-бабаларымыз аманат еткен дарқан даламызды сақтап, өсиеттерін өнеге ете отырып, алдағы күндерге адымдай бермекпіз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кейінгілерге көрсеткен үлгісі және салып кеткен ізгі дара жолы мен еліміздің егемендігі үшін құрметіміз шексіз!
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА президенті, академик