«Мен үйде отырамын, күйеуім жұмыс істейді, осыған дейін пәтер жалдап жүрдік, қиын, әрине. Енді кең, жылы пәтерге ие болдық, алғымыз көп» дейді Сымбат.
«Бұл жұмыстар әлеуметтік әріптестік жөніндегі меморандум аясында жүзеге асып отыр. Жақында ғана біздің кәсіпорын мен Таран ауданы әкімдігімен меморандумға қол қойылған болатын. Биыл әлеуметтік жұмысымызда көпбалалы отбасыларына көмек беру басымдыққа ие болады. Мереке алдында бірнеше отбасыға үйдің кілтін тапсырдық, одан басқа Асенкритов селолық округінде жиырма отбасына азық-түлік апарып береміз» дейді «Варваринское» ЖШС бұқарамен байланыс бөлімінің басшысы Антон Труханов.
Әйет селосында Мырзашевтардан басқа тағы да үш отбасы, яғни алты бала тәрбиелеп отырған Смотровтар, бес баласы бар Медведевтер, бес бала өсіріп отырған Қанабаевтар отбасылары да қоныс тойын тойлады. Олардың барлығы да осыған дейін үйсіз, пәтер жалдап тұрған еді.
Таран ауданында 142 әлеуметтік аз қорғалған отбасы тұрады. Ауданда 25 мың тұрғын болса, соның арасында 120 көпбалалы отбасы бар. Осы отбасылардың ішінде жетеуі баспанаға зәру еді, олардың алтауы қазірдің өзінде үймен қамтамасыз етілді.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай