Жалпы, түркі халықтары Нұрсұлтан Әбішұлын ақсақал ретінде таниды. Өйткені Елбасы түркі интеграциясының архитекторына айналған тұлға. Түркі интеграциясында шешуші рөл атқарып отырған Түркі кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мирасы қоры тәрізді құрылымдардың жасақталуына ықпал еткен қайраткер әрі түркі бірлігі мәселесіне үнемі көңіл бөліп келеді. Сондықтан да болар, тәуелсіз түркі мемлекеттерінде ақсақал деп ерекше құрмет көрсетеді. Былтыр Түркі академиясы ұйымдастырған «Түрк барометр» атты әлеуметтік зерттеулерде түркі әлемінде Нұрсұлтан Назарбаев өте танымал екені анықталған. Яғни, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси қадамдары түркітілдес халықтардың көңілінен шығатын болса керек. Сол себепті, Елбасының қызметтен кетуі жайлы мәлімдемесі түркі елдерін елең еткізді.
Мәлімдеме жарияланған бетте Түркияның «Анадолу» агенттігі «Назарбаев 30 жылда Қазақстан экономикасын 15 есе дамытты» деген тақырыппен мақала жариялады. Ал Түркияның бірқатар телеарналары Елбасы шешіміне байланысты арнайы хабарлар таратты. Мәселен, NTV телеарнасы жаңалықтарында қосымша сарапшыларды қатыстыра отырып, Қазақстан басшысының шешімін талқылаған эфир өткізді. Аталған бағдарламаға телефон арқылы қосылып, пікірін білдірген профессор Куршат Зорлу Н.Назарбаевтың шешімін елдегі билік алмасу үдерісінің жан-жақты ойластырылғанымен түсіндірді. Сарапшы Қазақстан билігінде жастарға мүмкіндік беруге айрықша назар аударылғанын атап өтті. Сонымен бірге Елбасының шешімін «мемлекет басқарудағы жаңа модель» деп атады әрі демократия процестерінің әр елдің салт-санасына, мәдениеті мен тарихына байланысты болатынына тоқталды. «Ол соңғы үш жылда еліндегі шенеуніктердің орташа жасын төмендетіп келеді. Жаңа буын жайлы айтуы мен бірнеше ай бойы жастарға бағытталған месседж жолдауы осы бастамасының нәтижесі. Яғни, ол ел басқаратын кадрларды жасарту бағытында әрекет етіп отыр», деді Куршад Зорлу.
Сонымен бірге түрік басылымдары Елбасының 2015 жылы Сирия төңірегінде ресейлік әскери ұшақтың атып түсірілуіне байланысты Түркия мен Ресей арасында туындаған кикілжің кезінде Реджеп Тайип Ердоған мен Владимир Путиннің арасында араағайындық жасағанын атап өтті әрі 2016 жылдың 15 шілдесінде бүлікшілердің төңкеріс жасау әрекетінен кейін Түркияны қолдағанын, оқиғадан соң Анкараға бірінші болып ат басын тіреген шет мемлекет басшысы болғанына да назар аударды.
Ал Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Эльман Насиров бұл оқиғаны алабұртқан көңілмен қабылдағанын, Түркі дүниесінің ақсақалы ретінде Н.Назарбаевтың Қазақстанды түрлі сын-қатерлерден сақтап қана қоймай, түркітілдес мемлекеттерді де назардан тыс қалдырмағанын айтты. Әзербайжан депутаты Таулы Қарабақ мәселесінде Елбасының ұстанымы мығым болғанын, әрқашан Әзербайжанның территориялық тұтастығын жақтағанын айтты. Сол себепті, әзербайжандықтардың Елбасын жақсы көретінін атап өтті.
Қырғызстанның қоғам қайраткері Османакун Ибрагимов Елбасы билік алмасу процесін бейбіт жолмен жүргізе алғанын, ұшқары әрекеттерге жол бермегенін атап өтті. Қырғыз саясаткері Назарбаевты көреген қайраткер ретінде бағалаған. Ал Қырғызстан Жогорку кенішінің депутаты Қаныбек Иманалиев Елбасын Мұстафа Кемал Ататүрік, Мохатхир Мохамад сияқты тұлғалармен қатар қоятынын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың да білікті саясаткер екендігіне, қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі тереңдете түсеріне сенетінін атап өтті. Тағы бір қырғыз саясаткері, Қырғызстан Жогорку кенешінің экс-спикері, тарихшы Зайнидин Курманов Елбасын мықты менеджерге теңеді. «Оның инженерлік көзқараспен ойлай білуі, жобалап қана қоймай, сол жобаларды жүзеге асыра білуі, мақсаттар мен міндеттерді айқын белгілеуі, қатаң тәртібі, саяси жігері, еркін мінезі, алысты болжай білетін көрегенділігі мен даналығы оны әлемдік деңгейге шығарды. Ол қандай істі бастаса да үздік екендігін көрсетті. Оның өмірбаяны мен қызметін зерттеген барлық ғалым Нұрсұлтан Назарбаевты өте мықты менеджер ретінде мойындайды», деді З.Курманов.
Жалпы, Елбасының қызметтен кетуіне түрлі баға берген азаматтардың қатары көп болды. Белгілі ғалым, АҚШ-тың Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлу Елбасының шешімін Орталық Азия елдерінде тұңғыш рет болған оқиға деп атап өтті. Яғни, Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде жоғары лауазымды қызметінен мерзімінен бұрын бас тартқан президент бұрын-соңды болмаған. Мұның өзі бірқатар басшыларға үлгі болуы тиіс. Өзбекстандық саясаттанушы Шарофоддин Туляганов болса, Назарбаевтың әрекетін 1999 жылы биліктен кеткен Ресей президенті Борис Ельциннің қадамымен салыстырды. «2019 жылдың 19 наурызы. Бұл күн тарихта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаазиялық Дэн Сяопинге айналған күні ретінде қалады. Бір жағынан Назарбаевтың шешімі Жаңа жыл қарсаңында биліктен кеткен Ельциннің әрекетіне ұқсайды. Қазақстан басшысы ұлттық жаңа жыл қарсаңында қызметінен бас тартты. Алайда Ельцин өз қызметінен бас тартқан соң мемлекеттік саясатқа араласу мүмкіндігінен толық айырылған болатын. Ал Назарбаевтың бұл тұрғыда Ресейдің тұңғыш президентінен үлкен айырмашылығы бар. Қазақ басшысын осы ретте Дэн Сяопинмен салыстыруға болады. Нұрсұлтан Әбішұлы президент лауазымынан бас тартқанымен, Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде қызметін жалғастыра береді. Бұл өз кезегінде елдегі саяси ахуалға ықпал ету мүмкіндігін беріп отыр. Меніңше, бұл Қазақстан үшін ең дұрыс шешім болды. Қазақ көшбасшысы Қазақстанды жаһандағы үздік елдердің қатарына қосуды армандаған еді әрі тура сол бағытынан танбады. Осы саясаттың нәтижесінде Қазақстан өнеркәсібі мен ғылым-білімі дамыған елге айналып келеді. Сондықтан Назарбаев саясатының дұрыстығына ешкім күмәнданбауы тиіс», деді.
Амангелді ҚҰРМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»