Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін тапсыру туралы мәлімдемесі – биылғы басты саяси сенсация. Мемлекет басшысының мұндай шешімін күтпеген қазақстандықтардың жағдайын жақсы түсінемін. Өйткені көпшілік Назарбаевтың президенттік билігін адамзаттың мүмкіншілігі жетпейтін биіктік ретінде есептейтін еді.
Алайда Назарбаев өз жағдайына өзі ие екенін көрсетіп, саясаттың алыбы екенін дәлелдеді. Ол ешқандай қиындық тудырмай, орнынан кетті. Енді өз еркімен биліктен кеткен соң, Қазақстан басшысының кемеңгер болғанын толық сеніммен айта аламыз. Әлемде оны сынағандар аз болған жоқ. Бірақ Назарбаев Қазақстанды қиын кезеңнен алып өтіп, халықаралық қоғамдастық құрметтеп, сыйлайтын мемлекетке айналдырып, оң имиджін қалыптастырды. Бұл орасан ерлік.
Сондықтан өз бағасын беру қажет. Назарбаев кәнігі саясаткер ғана емес, кемеңгер адам екенін де көрсетті. Шындығында, бұл ең қиын мәселе болатын. Әсіресе 30 жыл бойы саясатта жүрген тұлға үшін де. Бұл жолы да Назарбаев биіктен көрінді. Ол қоғам күткен өзгерісті жасайтын уақытты дәл таба білді.
Иә, кей жағынан алғанда ол Борис Ельциннің әрекетін қайталады деуге болар. Бірақ одан айырмашылығы Нұрсұлтан Әбішұлы шынайылықтың келбетін көрсете білді. Бұл өте дұрыс қадам болды. Оның үстіне, Н.Назарбаев өзінің денсаулығы мықты екеніне қарамастан, осындай шешім қабылдады. Қысқаша айтқанда, ол тарихта қалу үшін кетті деуге болады. Ұлт көшбасшысы ғана емес, Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы ретінде қызметін жалғастырады. Осы орайда, Қазақстан тарихында есімін алтын әріппен жазу үшін орнын босатты.
Ендігі жерде Назарбаевтың жолы басқаша өрбиді. Бұл тарихтың өзгермес дерегі. Алайда бір нәрсе анық. Тәуелсіз Қазақстанның ауыр жүгі оның мойнынан түспек емес. Өз кезегінде Н.Назарбаев Елбасы ретінде ұзақ әрі табысты жолын жалғастыра береді.
Осмонакун ИБРАИМОВ,
профессор, Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткері