21 Қыркүйек, 2012

Созылмалы сырқаттың да дауасы бар

283 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Созылмалы сырқаттың да дауасы бар

Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:04

Төрт жылдан бері төрткүл дүниені қаржы-экономикалық тығырық құрсауына алған жаһандық экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Құрлықтардың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, дағдарыстың бірінші толқыны, дағдарыстың екінші толқыны, дағдарыстың созылмалы салдарлары деген сияқты болжамдар жасауда. Әлемдік экономиканың бұрынғы қозғаушы күші болып саналатын АҚШ және Еуропалық одақ елдерінің мүмкіндіктері сарқылып, енді жаһандық экономиканы дамытудың орнына, оны барған сайын тежейтін тегершікке айнала бастады.

Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:04

Төрт жылдан бері төрткүл дүниені қаржы-экономикалық тығырық құрсауына алған жаһандық экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Құрлықтардың бәрін құрсаулаған бұл экономикалық күйзелісті сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, дағдарыстың бірінші толқыны, дағдарыстың екінші толқыны, дағдарыстың созылмалы салдарлары деген сияқты болжамдар жасауда. Әлемдік экономиканың бұрынғы қозғаушы күші болып саналатын АҚШ және Еуропалық одақ елдерінің мүмкіндіктері сарқылып, енді жаһандық экономиканы дамытудың орнына, оны барған сайын тежейтін тегершікке айнала бастады. Дағдарыс жылдарында экономикалық дамудың біршама жаңа қарқынын көрсеткен Қытай, Үндістан, Бразилия және Ресейдің жаһандық экономиканы соны соқпаққа салуға шамалары келмейді. Сөйтіп, әлемдік дағдарыстың созылмалы сырқатының биыл да сауығатын түрі көрінбейді. Сарапшылардың пікірінше, әлі нақты дауасы табылмай тұрған жаһандық экономикалық дағдарыс салдарлары жыл соңында асқынып, келесі жылы бұдан да ушыға түсетін сыңайлы.

Дағдарыс дауылы қатты соғып тұрған кәрі құрлық мемлекеттері қарыз тұңғиы­ғына бата түсуде. Еуропаның Грекия, Испания, Италия, Португалия сияқты дамыған мемлекеттері соңғы дағдарыс салдарынан қатты күйзеліске ұшырап, экономикалық рецессияға ұрынды. Еуропаны тұралатқан дағдарыс қырсығы бар­лық құрлықтарға салқынын тигізуде. Мә­селен, қазірдің өзінде Қытай экспорт мәселесінде зор қиындықтарға тап болды. Бүгінде әлемдік ірі өндірушіге айнал­ған ҚХР компанияларының негізгі тұты­нушылары еуроаймақ елдері мен АҚШ екендігі белгілі. Қазір Қытайдың экс­порт­қа бағытталған компаниялары терең ты­ғырыққа тап болып, өндірісті тоқтатудың алдында тұр. Бүкіл әлемді тұтыну тауарларымен қамтамасыз етіп тұрған Қытай өндірісі тұралайтын болса, оның зардабы тереңге кететіні белгілі. Сонымен, әлемдік ірі экономикалардың соңғы тынысы туралы нақты статистикалық дерек көздеріне жүгініп көрейік.

Еуроаймақ елдері

Eurostat еуропалық статистикалық бю­росының мәлімдеуінше, еуроаймақтың ІЖӨ-сі 2012 жылдың ІІ тоқсанында І тоқсанмен салыстырғанда 0,2 па­йызға тө­мендеген. Бұл деректер сарап­шы­лар­дың айтқан пікірлеріне толық сәй­кес ке­леді. Олардың айтуынша, аймақтың экономикасы терең рецессия жағдайында, сон­дық­тан ІІІ тоқсанда да еуроаймақтың ІЖӨ-сі одан әрі құлдырайтын болады.

2012 жылдың ІІ тоқсанында, әсіресе, Грекия экономикасының төмендеуі айтар­лықтай болды. ІІ тоқсанда бұл елдегі ІЖӨ бірден 6,2 пайызға құлдырады. Сон­дай-ақ, бұл тоқсанда Португалияда ІЖӨ 1,2 пайызға, Финляндияда – 1, Кипрде – 0,8, Италия мен Ұлыбританияда 0,7 па­йыз­ға төмендеген. Жалпы алғанда, Еуро­одақ­қа мүше 27 мемлекетте ІЖӨ 2012 жыл­дың ІІ тоқсанында 0,1 пайызға, ал жылдық есеп бойынша 0,3 пайызға төмендеген.

Еуроаймақ елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі 2012 жылдың маусым айында 11,2 пайызды құрады. Еуроодаққа қарас­ты мемлекеттердің ішінде жұмыссыздық деңгейі төмен елдер қатарына Австрия (4,5 пайыз), Нидерланд (5,1), Люксембург (5,4) және Германия (5,4) жататын болса, аймақтағы жұмыссыздық ең жоғарғы деңгейге жеткен елдер Испания (24,8 пайыз), Грекия (22,5), Португалия (15,4) болып табылады.

Moody`s халықаралық рейтинг агент­тігінің зерттеулері бойынша, Италия, Испания, Грекия және Португалия мемле­кет­тері 2012-2013 жылдары экономика­лық рецессиядан шыға алмайды. Агенттік болжамы бойынша, Грекияның ІЖӨ-сі 2012 жылы 7,0- ден 8,0 пайызға дейін, 2013 жылы 2,0-ден 3,0 пайызға дейін тө­мендейтін болады. Бұл көрсеткіш Португалияда (2012 жылы 3,0-ден 4,0-ге дейін, 2013 жылы 0,5-тен 1,5-ке дейін), Италияда (2012 жылы 1,5-тен 2,5-ке дейін, 2013 жылы 0,5-тен 0,1-ге дейін), Испанияда (2012 жылы 1,0-ден 2,0-ге дейін, 2013 жылы 0,5-тен 1,5-ке дейін) төмендемек.

АҚШ

АҚШ федералдық резерв қызметінің (ФҚЗ) мәліметі бойынша, елдің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2012 жылдың тамыз айында бұрынғы шілде айымен салыс­тырғанда 1,2 пайызға азайған. Сарапшылар өндіріс көлемі тамыз айында 0,1 пайызға өседі деп болжаған болатын. Сонымен бірге тамыз айында АҚШ өндіріс көлемінің құлдырауы соңғы үш жыл ішіндегі ең үлкен көрсеткіш болып отыр. АҚШ сауда министрлігінің деректері бойынша, 2012 жылдың шілде айында сырт­қы сауда балансының тапшылығы 0,2 па­йызға артып, 42 млрд. долларды құрады. Бұл соңғы 4 айдағы алғашқы жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Сауда балансы тапшылығының өсуіне экспорт көлемінің төмендеуі бірден-бір себеп болғандығы анық. Ал экспорт көлемінің азаюына еуроаймақтағы қарыз дағдарысының сал­қыны тиіп отыр. Министрліктің дерегіне сәйкес, шілде айының қорытындысы бойынша, америкалық экспорт көлемінің төмендеуі үстіміздегі жылдың ең жоғарғы деңгейіне жеткен. Яғни, шілде айында бұл көрсеткіш 1,0 пайызға азайып, 183,3 млрд. долларға дейін төмендеген. Амери­калық компаниялар шетелдерге экспортқа шығарылатын машина және көп тұты­натын тауарлар көлемін азайтқан. Сонымен бірге, шілде айында бұл елдегі импорт көлемі де азайған. Дегенмен, оның мөлшері аса үлкен емес. Импорт көлемі шілде айында 227,1 млрд. доллардан 225,3 млрд. долларға дейін төмендеп, 0,8 пайызға азайған.

Сонымен бірге тамыз айында АҚШ-та тұтыну бағасы 0,6 пайызға өскен. ФҚЗ деректері бойынша, инфляция деңгейі де айтарлықтай көтеріліп, 1,8 пайызды құ­раған. Таяу болашаққа арналған болжам­дар­ға сүйенсек, АҚШ-та инфляция жыл сайын орта есеппен 2 пайызға өсіп отырады деп күтілуде. ФҚЗ-ның мәлім­де­уін­ше, АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі би­ылғы жылы 8,2 пайыз деңгейінде қалмақ.

ФРЗ мамандарының пікірінше, 2012 жы­лы АҚШ экономикасында күрделі кем­шіліктер сақталғанымен, 2013 жылдан бас­тап экономикада біршама даму үрдістері орын алатын болады. Олардың айтуынша, алдағы екі жылда АҚШ экономикасы да­мудың оң көрсеткіштеріне қол жеткізбек. Мәселен, 2013 және 2014 жылдары ІЖӨ-нің өсу деңгейі тиісінше 3,0 және 3,8 пайызды құрамақ. Мамандар ел­дегі жұмыс­сыз­дық деңгейі де 7,3 пайызға дейін азаяды деген сенімді болжамдар айтуда.

Қытай

ҚХР мемлекеттік статистика бюро­сы­ның хабарлауынша, 2012 жылдың ІІ тоқ­санында Қытайдың ІЖӨ-сі 7,6 пайызға өскен. Аспан асты елінің 2012 жылғы сә­уір-маусым айларындағы экономикалық өсімінің нақты көрсеткіштері сарапшы­лар­дың алдын ала болжаған көрсет­кіште­рімен сәйкес келеді. Қытай экономи­касы­ның бұл тоқсандағы өсу деңгейі де «тұ­рақты» және «салыстырмалы жоғары» деңгейде деп бағалануда. Алайда, Қытай­дағы ІЖӨ-нің 2012 жылдың ІІ тоқса­нын­дағы өсу деңгейі 2009 жылдың І тоқса­нынан бергі ІЖӨ-нің өсу дәрежесінің ең төменгі нүктесі болып саналады. Ақи­қа­тын айтсақ, ҚХР экономикасы соңғы алты тоқсан қорытындысы бойынша үнемі төмендеумен келеді. 2012 жылдың І тоқ­са­нындағы жылдық есеп бойынша ІЖӨ өсімі 8,1 пайызды құрайды деп белгі­лен­ген. Ал 2011 жылы ел экономикасы 9,2 пайызға өссе, 2010 жылы Қытайдың ІЖӨ-сі 10,4 пайыз өсімге қол жеткізген.

Экономикадағы биылғы қиындық­тар­ды ескере келіп, Қытай басшылығы 2012 жылғы ІЖӨ өсімінің болжамды мөлшерін 7,5 пайыз деңгейінде белгілеген болатын. Мұндай шешім экспортқа тәуелді Қытай экономикасына демеу беріп, «ішкі тұтыну сұранысын арттыруға» жағдай жасаудан туындаған қадам еді. 2012 жылдың сәуір айында Бүкіләлемдік банк Қытай эконо­ми­касының биылғы өсімінің болжамын 8,4 пайыздан 8,2 пайызға дейін төмен­деткен болатын. Осыдан бірнеше күн бұрын Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) биылғы жылға жасаған өзінің болжамында Қытай экономикасының өсімі тіпті 8 пайыздан да төмен болады деген дерек­те­рін жарыққа шығарды. Қытай экономи­касының алдағы уақытта күтіліп отырған «жұмсақ қону» болжамы Еуропадағы қарыз проблемалары мен рецессияларға тікелей байланысты болып отыр. Жоға­рыда атап көрсеткеніміздей, Еуропа ҚХР-дың ең негізгі сауда серіктесі және барынша көлемді тұтыну базары. Еуропа­ның тұтыну сұранысы тұрақты болатын болса, Қытай экономикасының өсу дең­гейі де жоғары болмақ. Өкінішке орай, кәрі құр­лық­ты құрсаулаған дағдарыс қа­сіреті үл­кен тұтыну базарының сұраны­сын барған сайын шөміштен қысып, Қытай эконо­ми­касының тынысын тарылта бастады.

Соңғы тоқсандардағы ҚХР экономи­касындағы тежелу үдерістері әлемнің көптеген инвесторларын да ерекше алаң­датып отыр. Егер Қытай экономикасының өсімі 8 пайыздан төмендейтін болса, ас­пан асты еліндегі көптеген өндіріс ошақ­тары тоқтап, миллиондаған адамдар күн­көріс көзінен айрылады. Әлемнің ең ірі экономикасы тығырыққа тіреліп, жаһан­дық дағдарыстың қасіреті одан әрі қа­лың­дай түседі. Міне, осындай көңілсіз кө­рі­ністерге қарамастан, ҚХР басшылығы ел экономикасы жақын арада қайтадан күш алып, даму деңгейінің жоғары баспал­дақ­та­рына шығады деген сенімде.

Бүгінде Қытай әлемдегі №1 экспорттаушы ел болып саналады. КХР-дағы ІЖӨ-нің төрттен бірін, ел экономикасы жыл­дық өсу қарқынының үштен бірін экс­порт­тың өсу динамикасы айқындайды. Қытай банкіндегі қауіпсіздік қорында 3,5 трлн. доллар қаржы жинақталған. Қазір бірқатар әлемдік сарапшылар алдағы уа­қытта Қы­тай экономикасы зор дағ­да­рысқа тап болады деген пікірлер айтуда. Сондықтан да Қытай үшін Еуроодақтың қарыз дағда­ры­сының тығырығынан шы­ғып, кәрі құрлық елдерінің экономика­сы­ның тез оңалып кетуі ауадай қажет құбы­лыс болып отыр.

Автоөнеркәсіп – әлемдік дағдарыс барометрі

Бүгінде бірқатар сарапшылар жылдар бойы қалыптасқан капиталистік қаржы жүйесін біржолата күйреуден аман сақтап қалу мақсатымен соңғы дағдарыс кезе­ңін­де әлемдік банктерге мемлекеттер тарапынан құйылған миллиардтаған қар­жы­ның тиімділігі тоқырай бастады деген пікірді жиі айта бастады. 2008 жылдың күзінде Lehman Brothers банкінің бан­крот­қа ұшырап, қор рыноктарының құл­ды­рауынан бастау алған осы соңғы дағ­дарыс жылдарында көптеген мемлекет­тер­дің үкіметтері жеке меншік банктерге бұрын-соңды болып көрмеген көлемде – 24 триллион доллар мөлшерінде қаржы құйған болатын. Дағдарыстың алғашқы толқыны кезінде банктер мен корпора­ция­ларға берілген қарыз бастапқыда өн­дірісті, әсіресе автомобиль өнеркәсібін қал­пына келтіруде елеулі ықпал етті. Өкінішке орай, бұл мол қаржының ти­ім­ділігі күт­кен­дей нәтиже бермеді. Қиюы қашқан ка­пи­талистік өнеркәсіп біршама жанда­н­ған­дай болғанымен төрт аяғын тең басып, тұрып кете алмады. Кейбір сарап­шылар­дың айтуынша, енді 4-5 ай, әрі кетсе жарты жылдың көлемінде жаһан­дық эко­но­ми­калық дағдарыстың жаңа толқы­ны бас­талмақ. Тағы да әлемдік қаржы жү­йесі күйзеліске ұшырып, эко­но­микалық дағда­рыстың бастауы тағы да әлемдік автомобиль өнеркәсібіндегі тоқырау болмақ.

Автомобиль өнеркәсібі ақиқатында да әлемдік дағдарыстың айнасына айналуда. Deutsche Welle агенттігінің деректері бойынша, 2012 жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғында Еуроодақтың автомобиль рыно­гындағы сату көлемі 8 пайызға дейін құлдыраған. Еуроодақ елдерінде жұмыс­сыздық деңгейінің жоғары болуына байланысты сату көлемінің төмендеуі бар­лық мемлекеттерде бірдей орын алған. Әсіресе, бұл келеңсіз жағдай Испания, Италия, Франция сияқты ірі рыноктарға барынша мол кесірін тигізуде. Мәселен, ағымдағы жылдың маусым айында Италияда автокөлік сату мөлшері 2011 жыл­дың маусым айымен салыстырғанда 24,4 пайызға дейін құлдыраған. Бұл – 1979 жылдан бері бұрын-сонды болып көрме­ген ең төменгі көрсеткіш. Ал Францияд­а­ғы құлдырау деңгейі 13,4 пайызды құра­са, Испанияда бұл көрсеткіш 8,2 пайызды құраған. «Renault» компаниясының есебі бойынша, соңғы бес жыл ішінде еуро­па­лық автомобиль рыногы 23 пайызға төмендеген.

Осындай көлік рыногындағы тоқырау еуропалық жетекші автомобиль концерн­дерінің бірқатар өндіріс ошақтарын жауып, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр­леуде. Мәселен, «Peugeot» компаниясы 2012 жылдың І тоқсанында көлік сату көлемін 14 пайызға дейін жоғалтып алды. Сөйтіп, Париждегі тарихи автокөлік зауытын жауып, 8 мың жұмысшыны қысқар­татынын мәлімдеді. Бұл Франциядағы соңғы 20 жыл ішіндегі жабылған алғаш­қы зауыт болып табылады. «Fiat» өзінің инвестицияларын тоқтатып, Турин қала­сындағы ұжымының 5 мың жұмысшысын мәжбүрлі демалысқа жіберетін болды. Негізінен сыртқы рынокқа сенім артатын «Renault» еуропалық рынокта сату көлемінің 3 пайызын жоғалтып, өндіріс көлемін 18 пайызға дейін қысқартты. Соның салдарынан тағы да мыңдаған адам тұрақты жұмыс орнынан айрылды.

Жаһандану үрдісінің арқасында қа­лып­тасқан әлемдік зор сұраныстың нәти­же­сінде еуропалық мемлекеттер жылдар бойы табыс тасқынының астында қалды. Автокөлік, жоғары технологиялық құрал-жабдықтар және басқа да жоғары сұра­нысқа ие тұтыну тауарларын шығарудың нәтижесінде еуропалықтар мол табысқа кенелді, жоғары жалақыға негізделген жұмыс орындарын ашты. Алайда, эконо­миканың басқа салалары жаһандық бәсе­келестік салдарынан әлсіреп қалды. Ал еуропалықтар экономиканы уақыт сұра­нысына сай барынша тиімді етіп құру мүмкіндігін қолдан шығарып алды. Оның орнына сырттан қарыз алу арқылы экономиканы дамытудың жеңіл жолына түсті. Ақыры «қарыз көбігінің» жарылатын шегі де келіп жетті.

Грекияның ертеңі қандай болмақ?

Кәрі құрлықтағы дағдарысты тілге тиек еткен кезде біз біршама үстірт қателіктерге жол береміз. Біз құрлықтағы жалпы проблемаларды тізбелей келіп, еуроаймаққа кіретін мемлекеттердің жеке ерекшеліктеріне жете мән бермейміз. Осындай өзгелерге ұқсамайтын өркение­ті­мен де, өндірісімен де оқшауланатын елдердің бірі – Грекия мемлекеті. Біраз­дан бері бүкіл әлем сарапшыларын тол­ған­дырып келе жатқан толғақты мәселе­лер­дің бірі де бірегейі – Грекия еуроай­мақ­та қала ма, жоқ па деген түйінді сұ­раққа әлі де толық нүкте қойылмай отыр.

Үстіміздегі жылдың 10 қыркүйегінде негізгі несие беруші «үштіктің» (Еуро­ко­миссияның, ЕОБ-ның және ХВҚ-ның) басшылары Грекияның премьер-министрі Антонис Самараспен кездесті. Отырыс барысында Грекияның кезекті бюджеттік үнемдеу немесе елдің әлеуметтік саласы­ның шығындарын «шөміштен қысу» жос­пары талқыланды. Несие берушілер Грекия үкіметінің алдына бюджетті одан әрі қысқарту жөніндегі өз талаптарын қойды. Грекия үкіметі үшін бюджетті қысқар­ту­дың соңғы мүмкіндіктері жасалды. Енді бұл елдің бюджеті бүйірден қысудың ешқандай шарасын көтере алмай «тұн­шығып» қалатындығы да алға тартылды. Қалай болған жағдайда да, қазан айының басында «үштік» бұл елге кезекті қарыз траншын беру немесе бермеуді шешуге тиіс. Ал несие берілмейтін болса, Грекия мемлекеті дефолтқа ұшырайды.

Алайда кезекті несие траншы бұл елдің қордаланған проблемаларын толық шеше алмайды. Грекия үшін тығырықтан шығудың бір ғана жолы ел экономика­сы­ның бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру болып табылады. Бұл ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне Еуроодаққа кірер алдындағы 1981 жылы-ақ орасан зор нұқ­сан келтірілген болатын. Еуроодаққа кір­ген кезде Грекия Брюссельдің бұйрығы­мен өзінің жылдар бойы қалыптасқан ауыл шаруашылығы, металлургия және кеме жасау жүйелерін қирата бастады. Одаққа кіргеннен кейін экономиканың тұйыққа тірелген бұл салаларының орнын толтыру мақсатында да «шыбық басы» сындырылмады. Есесіне Грекия мемле­кеті еуропалық құрылымдық қорлардан қажетінше дотация алып тұрды. Одан әрі еуроаймақ елдері үшін несие алу жүйесі арзандатылып, мүлде оңайлатылды. Бара-бара гректер жан қинамай-ақ қарызға өмір сүрудің оңай жолына толығымен көшіп алды. Енді «қарызға өмір сүру» тәсілінің орнына гректерге тағы да еш­теңе ұсынбастан бюджетіңді қысқарт, қа­рыз алуды тоқтат деген талаптар қойы­луда. Бюджетінің бүйірі әбден суалған Грекия енді халықтың әлеуметтік жағ­дайының қауіпті шекке жеткенін, Еуро­одақтан шығудан басқа жол қалмаған­дығын ашық күн тәртібіне шығарды.

S&P агенттігінің бағасы бойынша, Грекияның валюталық одақтан шығу мүм­кіндігі 33 пайызды құрайды, ал Citi­bank сарапшыларының пікірінше, бұл көр­сеткіш 50-75 пайыз шамасында. Олар­дың пікірінше, мұндай оқиғаның алдағы бір жарым жыл уақыт ішінде болып қа­луы әбден мүмкін. Ал Еуропа қаржы­лық тұрақтандыру қорының басшысы Клаус Реглингтің айтуынша, Еуроодақ басын торлаған қара бұлт екі жылдан кейін мүлде сейілетін көрінеді. «Егер Еуро­одақтың барлық мемлекеттері ортақ валютаны сақтап қалу жолында бірлескен қимыл танытып, өздерінің әлемдік ры­нок­тағы бәсекеге қабілеттілігін тұрақты түрде арттыратын болса, жақын арадағы екі жыл ішінде дағдарыстың бетін қайтаруға болады», деп атап көрсетті ол өз сөзінде.

Өз кезегінде ФРГ канцлері Ангела Меркель Грекияның Еуропа валюта одағынан шығуын болдырмау үшін қол­дан келгеннің бәрін жасайтындығын атап көрсетті. Канцлердің және оның жақтас­тарының ойынша, Грекия еуроаймақтан шығатын болса, оның жұқпалы аурудай жалғасып кететіндігі айдай анық. Мұндай оқиға 2008 жылы америкалық Lehman Brothers инвестициялық банкі банкротқа ұшырағанда орын алған болатын. Сол жағдай қайталанатын болса, Германия­ның бір өзі 62 млрд. еуро шығынға ұшы­райтын көрінеді. Меркельдің пікірінше, Грекияның еуроаймақтан шығуының салдарынан туындайтын саяси оқиғалар салмағы да ауыр болмақ.

Осы орайда еске сала кететін бір мәселе, Грекия премьер-министрі Антонис Самарас еуропалық мемлекеттер басшыларымен кездесуінде Еуропалық одақ тарапынан Грекияның бюджет тапшылы­ғын қысқартуға берген мерзімін ұзартуды сұрады. Қазірге дейін қолданылып отыр­ған келісім бойынша Грекия 2015 жылға дейін бюджеттік шығындарды 11,5 млрд. еуроға қысқартуы тиіс. Сонымен бірге Грекия қыркүйек айында халықаралық несие ұйымдарынан кезекті қарыз алуы керек. Егер Афина бұл қарызды ала алмайтын болса, онда Грекия дефолтқа ұшы­рап, еуроаймақтан шығуға мәжбүр болады. Бүгінде Грекия мемлекетінің қа­зы­насын толықтыру мақсатындағы тиімді табыс көзі ретінде осы елге тиесілі Эгей және Жерорта теңіздеріндегі игерілмеген аралдарды сату мәселесі қарастырылуда.

Соңғы кезде Грекияның еуроаймақта қалуын жақтап пікір айтушылар қатары да көбейе бастады. Бұл ретте Грекияның қарыз дағдарысының құрсауында қалып отырғандығына қарамастан, соңғы уақыт­та жағдайды түзеу мақсатында ел үкіме­тінің біршама оң қадамдар жасағандығы атап көрсетілуде. Мәселен, Германияның қаржы министрі Вольфганг Шойбле: «Тығырықтан шығу жолында Грекия үлкен прогреске қол жеткізді. Грекия бюджет тапшылығын қысқарту мақса­тында күрделі де қиын қадамдар жасады. Сондықтан несие беретін «үштік» құры­лымдық шаралардың қаншалықты қиын­дықпен жүргізіліп жатқандығын ескеруі қажет», деп атап көрсетті. Грекияға қол­дау көрсету үрдісінде ФРГ-нің бұрынғы канцлері Герхард Шредер де белсенділік танытты. Ол Германияның қазіргі үкіме­ті­нен Грекияның міндеттемелерін орын­дауға белгіленген уақыт мерзімін ұзар­туды талап етті. «Біз құрылымдық реформалар экономикалық өсіммен жалғасқан кезде ғана тиімділік беретінін жақсы бі­леміз. Соңғы уақытта дағдарыс салқынын бәсеңдету мақсатында Грекия, Ирландия, Португалия, Италия және Испания мем­ле­кеттері айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл елдер қазір нақты көріп отырғанымыздай, қатаң үнем қағида­сы­ның дағдарысқа ғана әкеліп соқпайтынын экономикалық және саяси тұрғыдан да дәлелдеп берді. Соңғы екі жыл ішінде Грекия салық салуды арттырып, бюджет шығынын төмендетудің тиімді көрсет­кіш­теріне қол жеткізді. Қазір бұл көрсет­кіштер көлемі ІЖӨ-нің 20 пайызын құ­ра­са, 2014 жылы 30 пайызын құрамақ. Ос­ын­дай қиын уақытта бірде-бір қоғам, бір­де-бір мемлекет мұндай қысқартуға қол жеткізіп көрген емес. Міне, сон­дықтан да еуропалық серіктестер Гре­кия­ға өз мін­дет­терін орындау үшін бө­лін­ген уақыт мер­зімін созуға тиіс», дейді Герхард Шредер.

2012 жылдың өткен мерзіміндегі Гре­кияның бюджеттік көрсеткіштерін ай­та­р­лықтай жақсартқаны үшін несие беру­шілер де бұл елге деген көзқарастарын жұмсарта бастаған сияқты. Грекия бан­кінің мәліметі бойынша, үстіміздегі жыл­дың қаңтар-тамыз айларында елдің орта­лық үкіметінің кассалық тапшылығы өткен жылдың нақ осы кезеңіндегі 18,6 млрд. еуродан 6,3 млрд. еуроға дейін қысқарған. 8 ай ішінде қаржылық басқару өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі 4,2 млрд. еуродан 328 млн. еуроға дейін қысқарған. Герхард Шредердің айтуынша, бұл өзгерістер бюджеттің шығынын 23 пайызға немесе өткен жылғы 47,7 млрд. еуродан биылғы жылы 36,8 млрд. еуроға дейін қысқартуға мүмкіндік берген көрінеді. Сонымен бірге, бюджет әлеуметтік шығындарды қысқарту салдарынан да айтарлықтай жеңілдеген.

Еуроодақ федерацияға айнала ма?

Әлем сарапшылары Еуроодақтың ыдырайтын кезеңін болжап, қара тер болып жатқанда, Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозу өткен аптада айды аспаннан бір-ақ шығарды. Ол әріптес­те­рін Еуроодақты «ұлттық мемлекеттер федерациясына» айналдыруға шақырып, тым батыл бастама көтерді. Бұл ұсыны­сын ол соңғы жылдары жиі қайталана бастаған экономикалық және саяси дағдарыстарға қарсы қойылатын ұзақ мерзімді ықпалды шара ретінде күн тәртібіне шығаруды көздейді.

Страсбургте өткен Еуропалық парла­мент­тің сессиясында сөйлеген сөзінде Жозе Мануэл Баррозу: « Мен біздің одақ негізінде әлдебір супермемлекет құруға емес, ұлттық мемлекеттердің демокра­тия­лық федерациясын құруға шақырамын. Федерация тәуелсіздікті тең бөліске сала отырып, әрбір мемлекеттің және оның азаматтарының өз тағдырларын бақыла­у­ына барынша жағдай жасайтын болады. Жаһандану дәуірінде біріккен тәуелсіздік мықты биліктің берік баламасы болып табылады», деп атап көрсетті. Одан әрі Баррозу келісім негізінде жүргізілетін түбе­гейлі өзгерістер (мәселен, ЕО-ның бар­лық мемлекеттері қарыз жауапкершілігін бірдей көтеретін еуробондылар мен ортақ облигациялар шығару мәселесі) 2014 жылға дейін қарастырылмайтындығын да ескерте кетті. Ол 2013 жылдың күзінде өтетін Германиядағы сайлауға байланыс­ты екенін де жасырған жоқ. Ал әзірге кешіктірмей жүзеге асыратын маңызды мәселе ретінде «Банктер одағын» құруды күн тәртібіне қойды. «Банктер одағын» құру да 1999 жылы еуроны айналымға шы­ғарған оқиғамен бірдей, еуроаймақ мем­лекеттерінің ұлттық тәуелсіздігін шек­теуге бағытталған жаңа қадам екен­дігінде талас жоқ. Ал оның екінші тиімді жағы да бар. Еуро аймағындағы бүкіл қаржы дағдарысының бел ортасында барлық мемлекеттер аймағында тарыдай шашырап, «өз беттерінше қой айдаған» мыңдаған банктердің тұрғаны да анық.

Еурокомиссия «банктер одағын» құру­дың алғашқы қадамы ретінде ЕОБ-ге еуроаймақ мемлекеттеріндегі 6 мыңнан астам банктерге бақылау жасау құзырын бермек. Яғни, ЕОБ барлық банктердің лицензияларын тоқтатуға, ірі қаржылық қозғалыстарға бақылау жасауға, банктер­дің бірігуіне, проблемалық банктердің үстінен іс қозғауға құқылы болмақ. Іс жүзінде ЕОБ-ге ұлттық банктердің рет­теу­шісі жауапкершілігін жүктемек. Қазір ЕОБ тек пайыздық мөлшерлемелерді бел­гілеп, ақша басып шығару құқығын ғана атқа­рып отыр. Еуропалық орталық банкке жа­ңа жауапкершіліктер мен құқықтар бере­тін бұл жаңа заңдарды алдағы жыл­дың 1 қаңтарында күшіне енгізу көзде­лініп отыр. Жоба бойынша 1 қаңтардан бастап жаңа тәртіп еуроаймақтың барлық ірі банктері үшін міндетті болса, тағы бір жыл өткеннен кейін барлық банктер үшін міндетті болмақ. Ол үшін биылғы жыл­дың соңына дейін «банк одағы» туралы келісім одаққа мүше мемлекеттердің барлығында ратификациядан өтуі керек.

Бұл жаңа бастаманың биылғы жыл­дың соңына дейін іс жүзіне асырыла қоюы күмәнді болып тұр. Германияның солқылдақ көзқарасы одақтың қаржы жүйесі үшін аса қажет бұл бастаманы «бесігінде» тұншықтыруы мүмкін. Себе­бі, еуроаймақтағы барлық банктердің үштен бірі, яғни 1885 банк Германияда орналасқан. Неміс елінің қаржы министрі Вольфганг Шойбле Еурокомиссияның бас­тамасын қолдаған бола отырып, бұл шара еуроаймақтың барлық банктері үшін емес, мемлекеттен көмек алатын банк жүйелері үшін ғана міндетті болуға тиіс деген екіжақты пікірін білдірді. Ал ФРГ канцлері Ангела Меркель болса, бұл маңызды шешімді жүзеге асыру үшін әлі де асығыстық жасамау қажеттігін алға тартты. Кәрі құрлық мемлекеттеріндегі барлық қаржы дағдарысының кінәратты бастауы болып отырған банктер жүйесін тәртіпке келтіріп, реттеу мақсатында күн тәртібіне шығарылған «банктер одағын» құру бастамасы осындай кедергілерге тап болып отырғанда, мүйізі қарағайдай мем­лекеттерді тәуелсіздіктерінен өз ерікте­рі­мен бас тартып, «ұлттық мемлекеттер федерациясына» кіруге шақырған Жозе Мануэл Баррозудың идеясы ертегідегі орындалмас арманға ұқсайды. Бірақ кезінде сәуегейлердің көпшілігі жүзеге аспайтын сандырақ деп бағалаған «еуроаймақ» идея­сын іс жүзіне асырған еуропалық өрке­ниеттен бәрін де күтуге болады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».