Аймақтар • 21 Наурыз, 2019

Павлодарда Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы пайда болды

628 реткөрсетілді

Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары шаһардағы Тәуелсіздік даңғылын Нұрсұлтан Назарбаевтың есіміне қайта атау туралы бірауыздан келісті. Бұл туралы қала әкімдігі Фейсбук парақшасында хабарлады.

«Тәуелсіздік даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп аталатын болады. Мұндай ұсынысты Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев мәслихаттың кезектен тыс 49-сессиясында ұсынды» деп жазылған қала әкімдігінің Фейсбук парақшасында.

Ә.Күмпекеев ҚР Тұңғыш Президентінің еліміз дамуындағы тарихи рөліне тоқтала келе, Қазақстанды әлем алдында мойындатқанын ерекше айтып өтті. 

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа мемлекетті, нарықтық экономиканы құрды, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстанды әлем алдында мойындатты. Орталық Азияның көшбасшысына айналдырды. Қазақстанды екі әлемдік экономикалық дағдарыстан сәтті алып шығып, орнықты мемлекет екенімізді дәлелдеді. Оның ұлы жобасы жаңа астананы тұрғызу болды. Сондықтан мен Тұңғыш Президент атымен Павлодар қаласының орталық даңғылын Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау қажет деп есептеймін», - деді қала әкімі. 

Оның сөзінше, аталған шешімнің қабылдануы өскелең жас ұрпақ тәрбиесінде қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруға септігін тигізеді. Өз кезегінде қалалық мәслихаттың депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Әкімдік ақпаратына сәйкес, мәслихаттың бірлескен шешімі және әкімдік қаулысы ономастикалық комиссияға жіберілетін болады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар