Дүние және дағдарыс
Бейсенбі, 27 қыркүйек 2012 7:05
Еуропада жүзімдіктер өнімділігі күрт төмендеді
Басты жүзім өндіруші болып табылатын бірқатар Еуропа елдерінде оның өнімділігі күрт төмендеп кетті. Әсіресе, Португалия, Франция, Испания, Италия, Грекия елдерінде жағдай оңбай отыр.
«Бірқатар өңірлерде өнімділік 40 пайыздан астамға төмендей түсті. Сондықтан жиынтық өнім көлемінің құлдырауы 20-30 пайызға дейін болуы мүмкін», дейді Португалиядағы жүзім өндірушілердің бірі Дэвид Беверсток.
Бейсенбі, 27 қыркүйек 2012 7:05
Еуропада жүзімдіктер өнімділігі күрт төмендеді
Басты жүзім өндіруші болып табылатын бірқатар Еуропа елдерінде оның өнімділігі күрт төмендеп кетті. Әсіресе, Португалия, Франция, Испания, Италия, Грекия елдерінде жағдай оңбай отыр.
«Бірқатар өңірлерде өнімділік 40 пайыздан астамға төмендей түсті. Сондықтан жиынтық өнім көлемінің құлдырауы 20-30 пайызға дейін болуы мүмкін», дейді Португалиядағы жүзім өндірушілердің бірі Дэвид Беверсток.
Бургундиядағы жағдай бұдан да нашар. Жүзім өсіретін бірқатар коммуналарда шелектеп құйған қатты жаңбыр жүзімдіктердің 80 пайызын жайпап кетті. Ал Луарда жүзім жинау жуықта ғана басталғанымен, мұндағы өнім көлемі де қалыпты деңгейден көп төмен. Испандықтар алынып жатқан өнім түсіміне риза болмай отыр.
Италияда биылғы жаздың өте ыстық болуынан оған төзімсіз бірқатар сорттар мүлдем күйіп кеткен. Грекияда да биыл жаз өте құрғақ болды. Сондықтан өнім мұнда 20 пайызға азайған.
Алайда, соған қарамастан, сарапшылар жүзім бағасының өспейтіндігін айтып, тұтынушыларды жұбатып отыр. «Еуропада жүзім бағасының өскендігімен, одан жасалатын шараптар бағасы өсе қоймайды. Бұған зауыттар жол бермейді. Әйтпесе, олар өз тұтынушыларынан айырылып қалатын болады», дейді сарапшылар.
Мадридтегі үкіметке қарсы шеруге ондаған мың адам қатысты
Өткен сенбі күні ондаған мың испаниялықтар премьер-министр Мариано Рахой үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсылықтарын білдіріп, көшеге шықты.
«Мадридтегі марш» аталатын бұл шеруді ұйымдастырушылар оған бірнеше жүздеген мың адам қатысты деп мәлімдеді. Ал үкімет өкілдері шеруге шыққандардың санын 65 мың адам болды деп көрсетуде. Наразылық акциясы сондай бір қауіп-қатерсіз өткенімен, полицияның арнаулы жасақтары кейбір жерлерде шеруге шығушыларға тоқтам жасап, олардың премьер-министр басқаратын Халықтық партиясының бас офисіне өтіп кетуіне жол бермеген.
Шеру «Олар біздің елімізді талқандағысы келеді, біз оған жол бермеуге тиістіміз» деген ұранмен өткен.
Акцияға қатысушылар осыдан бірнеше ай бұрын қабылданған шараларға қарсылықтарын білдірді. Мұның мәнісі осыдан біраз бұрын Испанияда реформа жасау қажеттігі туралы референдум өткізу жөнінде шешім қабылданған болатын. Акцияға қатысушылар өздерінің жағдайына кері әсер ететін реформалық шараларды мүлдем қажетсіз деп тауып отыр.
Грекия президентінің жалақысы екі есе қысқаратын болды
Грекия президентінің қызметтік еңбекақысы екі есе қысқаратындығын осы елдің қаржы министрінің орынбасары Христос Стаикурас мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жөніндегі заң жобасы парламентке жөнелтілген.
Қаржы министрінің мәлімдеуінше, мұндай шараға баруды ең алдымен ел президенті Каролос Папульястың өзі жөн көріп отыр. Мұндай қадамға президент елдегі дағдарыс жағдайына байланысты барған.
Бұрын Грекия президенті әр ай сайын 23,122 мың еуро жалақы алатын. Бұл парламент депутатының жалақысынан 4 есе көп.
Қысқартулар сондай-ақ елдің бұрынғы президенттерінің зейнетақысына да қатысты жүргізілмек. Ал ол зейнетақы мөлшері президент жалақысының тең жартысын құрап келген екен.
Бұл қысқартулар мемлекеттік бюджет шығынын 352,350 мың еуроға азайта түсуге мүмкіндік бермек.
Каролос Папульястың пікірі бойынша, енді мұндай қадамдарға министрлер мен басқа да мемлекеттік қызметкерлер баруға тиісті.
Қазіргі күні Грекия басшылығы Еуропалық одақ және халықаралық валюта қорымен Грекияға қосымша қаржы көмегін бөлу жөнінде күрделі келіссөздер де жүргізу үстінде. Олар дәл осындай шақта елдегі мемлекеттік қызметкерлердің төмендегідей шараларға баруы келіссөздердің оң нәтиже беруіне ықпал етеді, деп үміттенетін секілді.
Еуропадағы дағдарыс жылжымайтын мүлік бағасына әсер етуде
Еуропадағы жылжымайтын мүлік бағасы төмендей түсуде. Осыны есепке алған ресейлік жылжымайтын мүлік сатып алушылар қазіргі күні аталған өңірден тұрғын үйлер мен пәтерлер сатып алуға ерекше назар аударып отырған көрінеді.
Бұл жағдай рrian.ru порталының сауалнама қорытындысында анықталған. Сауалнамаға жауап берген ресейліктердің 50,1 пайызы өздерінің Еуропадан жылжымайтын мүлік сатып алуға ықыласты екендіктерін жеткізген. Себебі, ондағы баға төмендеп келеді. Осыған байланысты Еуропадағы жақсы жерлерден тұрғын үйлер мен пәтер сатып алудың мүмкіндігі қалыптасқан.
Респонденттердің 29,9 пайызы қазірдің өзінде аталған өңірден жылжымайтын мүлік сатып алуға нақты шешім қабылдағандықтарын жеткізген. Ал 19,9 пайызы жылжымайтын мүлік сатып алу ойларында бар екендіктерін, бірақ әлі де болса артын тоса тұратындықтарын айтқан.
Көптеген ресейліктер ең алдымен Болгарияға назар аударып отырған секілді. Себебі, мұнда баға басқа Еуропа елдеріне қарағанда, әлдеқайда төмен. Бірақ Болгарияның Қара теңіз жағасында орналасуына байланысты мұнда тұру өте қолайлы.
Ресейліктер назарында мұнан кейін Испания, Германия, Италия, Черногория, Финляндия, Чехия, Латвия, Франция және Түркия елдері тұрған көрінеді. Ал сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі Еуропадан тысқары жерлерден тұрғын үйлер мен пәтерлер сатып алуға ықыластарының мүлдем жоқ екендігін білдірген.
Еуроаймақтағы жағдай – әлем экономикасына басты қатер
Халықаралық валюта қорының бөлуші директоры Кристин Лагард 24 қыркүйек күнгі Вашингтондағы Халықаралық экономика институтында сөйлеген сөзінде Еуроаймақ елдері ұрынып отырған борыш дағдарысы әлем экономикасы үшін басты қатер болып қала беретіндігін тағы да мәлімдеді. Осыған орай ол Еуропа мен АҚШ-тан әлемдік экономиканы жандандыру үшін неғұрлым шешімді шараларды талап етті.
Кристин Лагардтың айтуынша, қазіргі күні әлем экономикасы аздап та болсын қалпына түсіп келеді. Бірақ бұл өте баяу жүргізілуде. Әлем экономикасының қалыпқа келуі күткендегіден көп төмен болып отыр. Міне, сондықтан да қазіргі күні Еуропа өз ауруынан айыға алған жоқ.
Халықаралық валюта қорының басшысы жоғарыдағы жағдайларға байланысты Еуропалық орталық банк жоспарлап отырған дағдарыс жағдайындағы елдерден облигацияларды сатып алу ісіне кірісуді дағдарыспен күрестің бетбұрысты сәті болады деп есептейтіндігін жеткізді. Міне, осындай кезде дағдарыспен күресті одан әрі күшейте түсу үшін Еуропа елдері мен Америка Құрама Штаттары бірлесе отырып неғұрлым шешімді әрекеттерге кіріскені жөн болар еді. Бұл әсіресе, Еуропаға қажет. Сондықтан еуропалық елдер басшылары неғұрлым бірлікте әрекет еткені жөн. «Бұл жолы бізге қысқа мерзімді шаралармен шектеліп қалмай, неғұрлым тұрақты өсімге қол жеткізу үшін батыл қимылдарға бару қажет», деді ол.
Осыған орай Кристин Лагард еуроаймақта бірыңғай қадағалау органы жұмыс істей алатын банк одағын құруды жақтайтындығын білдірді. Оның айтуынша, бұл орган оларға аймақтағы дағдарыс үстіндегі несие институттарын тікелей қаржыландыруға мүмкіндік берген болар еді. Міне, осындай жағдайда ғана дағдарыстың қалыңдай түскен тұманды шебін жарып шығудың қажетті алғышарты қалыптаспақ.
Сонымен қатар, Халықаралық валюта қорының басшысы АҚШ-ты мемлекеттік шығындарды тұтастай азайту, салықтарды көтеру шараларының туындауы мүмкін қауіп-қатерлерінен сақтандырған. Бұл жағдай, оның айтуынша, қазіргі күні бүкіл әлем экономикасы зардап шегіп отырған рецессия қаупін қайта туындатуы мүмкін. Кристин Лагард көп өтпей Вашингтонда саясат жағдайы қайтадан ретке келіп, қалыптасып отырған аса зор мемлекеттік қарызды шектеудің нақты жоспары пайда болады деп үміттенетіндігін білдірді.
Қиындық неміс автокөлік өндірушілеріне де жетті
Интернеттегі жаңа хабарларға қарағанда, жоғары кластағы автокөліктер шығаратын неміс өндірісшілері сату мен пайда көлемін төмендете түсуді жоспарлап отырған секілді. Мәселен, Daimler компаниясының өкілі алынатын биылғы кірістің көлемі былтырғы 5 миллиард еуро деңгейіне жете алмайтындығын мәлімдеген. Соған байланысты компания өзінің үнемдеу бағдарламасын іске қосуға ниет танытып отырған көрінеді.
Сөйтіп, Еуропаны кернеп алған дағдарыс енді бұл жағдайға осы уақытқа дейін бой бермей келе жатқан автокөлік өндірушілердің де аяғына тұсау сала бастаған секілді.
Осы уақытқа дейін неміс компаниялары Fiat, Ford, Peugeot секілді өздерінің басқа өңірлердегі әріптестеріне қарағанда, өздерін әлдеқайда мықтырақ сезініп келген болатын. Аталған компаниялар Еуропа рыногындағы өз өнімдерінің сату көрсеткіштері төмендегендігін айтып, уайым шегіп жатқан кезде неміс менеджерлері конъюнктуралық құлдырау қақпанына түсе қоймайтындықтарын мәлімдеп те үлгерген болатын. Бұған бір есептен Қытай автокөлік рыногындағы даму жағдайы себепкер болған еді. Ал Daimler компаниясы өкілінің ендігі мәлімдеуінше, бұл рыноктағы жағдай да неғұрлым күрделі сипат ала бастаған. «Жағдай біз күткендегіден де нашарлап барады. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана біз өзімізді неғұрлым мықтырақ сезініп едік. Енді қауіптенуге күтпеген негіз қаланып отыр», деді ол.
Қауіп-қатерді сезініп отырған неміс өндірісшісі тек Daimler компаниясы ғана емес көрінеді. Бұған дейін Porsche компаниясы басқармасының төрағасы Маттиас Мюллер өздерінің келесі жылғы жоспарларына өзгеріс енгізу ниеті бар екендіктерін мәлімдеген болатын. Бұл компания осының алдында өз автокөліктерін әлем бойынша сатуды келесі жылы едәуір арттыратындықтарын жеткізсе, енді бұрынғы белгіленген шамаға қол жеткізудің қиындығын сезіне түскендей. «Қалай алып қарағанда да, біздің компания келесі жылы биылға қарағанда автокөліктерді көбірек сататын болады. Бірақ бастапқы жоспарымызға енді аздап та болсын өзгеріс енгізуге мәжбүрміз. Бастапқы сату жоспарын 5-10 пайызға төмендетуді көздеп отырмыз», деді компания басшысы Мюнхен клубында журналистермен өткен баспасөз мәслихатында. Оның болжамы бойынша 2013 жылы әлемдік автокөлік рыногы қысқара түсуге тиіс.
Әзірге, бұл айтылған жағдайлар сала бойынша үлкен дағдарыстың орын ала бастағандығын білдірмейді. Дегенмен, неміс автокөлік өндірушілерін екі ұдай сезімнің керней бастағандығы айқын. Мәселен, Daimler компаниясы өздерінің жоспарлы пайдаларын қысқарта түсетіндіктері туралы мәлімдемені таратқаннан кейін, оның бәсекелестері болып табылатын BMW және Audi компанияларының өкілдері қазіргі Еуропаны кернеген дағдарысқа қарамастан, өз компанияларының таяу болашағы туралы оптимистік болжамда екендіктерін жеткізді. Олар тіпті алдағы жылы өздерінің сату көрсеткіштері рекордтық деңгейге жететіндіктерін де мәлімдеді.
Аталған компаниялар мұндай жоғары көрсеткішке қандай жолмен жетпек? Ол жағы әлі белгісіз. Бәлкім бағаны төмендету жөнінде шешім қабылдаған болар. Бірақ неғұрлым қымбат бағалы көлік сатушылар мұндай бағытты өздерінің қолдамайтындықтарын қазірдің өзінде мәлімдеп те қойды. Мәселен, Porsche компаниясының басшысы Маттиас Мюллер «Мен бағаны түсіру арқылы автокөлік рыногының саудасын қыздыра түсуге қарсымын. Өйтіп екі көлік сатқанша, тұрақты бағадағы бір көлікті сатқаным артық», деді.
Бірақ қазіргі жағдайдың Porsche басшысының ыңғайына көне қоймайтындай түрі бар. Міне, бірнеше айдың жүзі болды, бұқара халық үшін көптеп көлік шығаратын компаниялар рыноктағы өз өнімдерінің бағасын тіпті 30 пайызға дейін төмендетіп сатуға кірісіп те кетті. Бұл әдіс кәсіпорынның пайдасын төмендеткенімен, сату деңгейін бұрынғысынша ұстап тұруға мүмкіндік беруде.
Интернет материалдары бойынша әзірлеген
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».