21 наурыз күні кешкі сағат 21-52-де «102» пультіне белгісіз адам хабарласып, орталық көпірден бір адамның суға секіргенін жеткізді. Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамына шұғыл арада хабар берілді. Оқиға орнына бірінші жеткен патрульдік полиция сержаны Шалқар Ақымғалиев ойланбастан мұздай суға секірген.
«Жағалауда роликпен серуендегеннен кейін демалып отырғанда суицидке тосыннан куә болдық. Мен бірден полицияға хабарладым. Санаулы секундтар ішінде оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлерінің бірі батып бара жатқан адамға тез жүзіп барды. Су мұздай, оған қоса қатты ағыс қызды қалай ағызып бара жатқаны да көрініп тұрды. Бірақ, полиция қызметкері өз өмірін тәуекелге тігіп, батқан адамды құтқаруға талпынысын тоқтатқан жоқ», дейді оқиға куәгері Райымбек Сарбалин.
Шалқарға көмекке өзімен бірге бөренені алып суға түскен полиция кіші лейтенанты Рүстембек Сүндетов ұмтылған.
«Суға батқан адамға жеткен кезімде Шалқар ағысқа төтеп бере алмай батып кетті. Әйелді құтқару маңызды болды. Оның үстіне әйел «ол мен үшін өлді» деп айқайлап, есті шығарды», деп еске алады Рүстембек Сүндетов.
Ажалдан құтқарылған Батыс Қазақстан облысының тумасы жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханасының реанимация бөлімшесіне жеткізілген. Ал Рүстембектің әріптесін өз бетінше іздеуі еш нәтиже бермеді. 3 градус мұздай суда сіңірі тартылған 30 жастағы кіші лейтенант Сүндетов жағаға өзі жүзіп жеткен.
«00-50-де Шалқар Ақымғалиевтің мүрдесі оқиға орнынан төмен жақтан табылып, жағаға шығарылды. Шалқар Ақымғалиев көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы. Бойдақ, 1 сәуірде 25 жасқа толатын еді. Отанына 5 жыл бойы адал қызмет етіп келе жатқан ол суға батқан әйелді құтқарамын деп өз өмірін қиды. Ішкі істер органдарының басшылығы мен жеке құрамы қаза болған азаматтың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады», деді ІІМ кеңесшісі - ресми өкіл Нұрділдә Ораз.