Қазақстан • 22 Наурыз, 2019

«Назарбаев юу хэлэв...». Моңғол журналистері неге таңданды

1101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Менің бір байқағаным, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың байырғы бітім, мағынасымен сақталған көне сөз тіркестері мен атауларын сөз арасында үнемі қолданып жүреді.

«Назарбаев юу хэлэв...». Моңғол журналистері неге таңданды

Бұл Тұңғыш Президенттің жас кезінен дана қарттармен көп әңгімелескенінің белгісі болса керек. Әрі қазіргі заманда тіл байлығын қалыптасырып, сақтап қалу үшін көркем кітапты көп оқу керек. Демек, Елбасының кітапты көп оқитыны, оның ішінде қазақтың көне тілінің қаймағы сақталған шығармаларды үнемі оқитыны аңғарылады. Бұл жерде адамның қаны мен тегіне қатысты да дүние бар. Қандағы қазақылық, тектегі ұлттық код, тіршіліктегі ұлтжандылық қанша жерден жаһандану мен өркениетінің соққысын дарытқан емес. Тіпті, жоғары элита арасында ақсүйектер мәдениетінің экспанциясына жұтылып, тілін жоғалтып алған тұлғалардың бар екенін көріп жүргеніміз жасырын емес. Елбасының арагідіктегі сөзінен есте қалған бір-екі мысалын айтайын. Мәселен, Нұрекең бір жылы жұртпен әңігмелескенде «картопия» деген атау мен «ендігі жылы» деген сөз тіркесін қолданды. Әуелгісін біздің қазақ көнеден бері қолданып келген «жуа», мия»... дегендерге ұқсатып атаған-ау, шамасы, біздің ауыл кәрі, жас демей, осылай «картопия» дейтін. Оны біз қазақша атау деп ұғатынбыз. Сөйтсек, мұның аты – «картоп» екен. Бірақ, «картопия» деген атау етене жақын. Ал, «ендігі жылы» деген сөз тіркесін Елбасынан өзге басшының ауызынан естімеппін. Оның есесіне «келер жылы» деген сөз тіркесін жиі естиміз. Бір сөздің өзі бір адамды түсінуге біршама ықпал етеді.

Елбасының осы қазақылығы, қазақжандылығы болуы керек, Президент болысымен әлемге тарыдай тараған қазақтардың басын қосып, Алматыда Дүниежүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайын өткізді. Бұл – сонау Алашорда тұсында өткен Мұсылмандар құрылтайынан кейін не бір зобалаңды бастан кешіріп, еріксіз елінен қашуға мәжбүр болған қазақтардың қайта бір түгенделуі еді. Мұның саяси үлкен қырларын айтпасақ та, бұл Құрылтайдың өтуі – алашордалықтардың армандаған арманының орындалуы екендігін және де қазақты тоздыруға себепші болған қарсы күштерге берген ауыр соққы, зор жеңіс екенін айтуға тиістіміз.

1998 жылы Моңғолияның екінші президенті Багабанди біздің елге ресми сапармен келді. Қабылдауда біз де болғанбыз. Көзбен көріп, құлақпен естідік. Сонда делегация құрамында Моңғолияда тұратын, министр дәрежесіне көтерілген қандастарымыз да жүрді. Нұрекең сөз арасында әлгі қазақ бауырларына қарата «Кәне, бауырларым, жағдайларың қалай? Елге қашан ораласыңдар? Сендерді тезірек келсін деп, Астананы да сендерге жақындатып қойдым» деді. Елбасының ресми қабылдауда осылайша, қазақтарды ерекше бауыр тартып, қазақша сөйлегеніне моңғол журналистер таң-тамаша болды. «Назарбаев юу хэлэв?» («Назарбаев нені айтты?») деп бізден сұрады. Біз бір сөзін бүкпестен түгел аударып бердік. Олар «Назарбаев еріксіз әлемді мойындатар көреген басшы екен!..» десіп, таңданысты. Міне, біз білетін Елбасы осындай осындай адам.

Енді Астана қаласының атын Нұр – Сұлтан атауына ауыстыруға қатысты бір сөз: біз өзі қызық ойлайтын халықпыз ғой, қанша жыл ежелгі елді мекендеріміздің, үлкен қалаларымыздың Ленин, Крупская, Калинин... сияқты адамдардың атында болғанын тез ұмытамыз. Ал ұлт арманын ұлдың ұлдың құрметіне бас қаланы атаудан неге үркеміз?!

Жүкел ХАМАЙҰЛЫ,

ақын, Түрік тілдес халықтар Поэзия фестивалының лауреаты,

Талдықорған қаласы