Серіктестік директорының айтуынша, ширек ғасырдан астам уақыт мемлекетті басқарған әрі Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан Елбасының сіңірген еңбегі орасан зор. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін елордаға беру оның еңбегін бағалау деп санауға болады.
«Қазақстанның тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы өкілеттілігін тоқтату жөнінде қабылдаған шешімі мен үшін күтпеген жағдай болды. Әрине, бұл өмірде ешнәрсе де мәңгілік емес. Алдыңғы толқынды кейінгі толқын ұрпақ алмастыратыны табиғи заңдылық. Сол үшін Президенттің билік тізгінін өз қалауымен тапсыруы Елбасының көрегенділігінен туған шешім деп қабылдадық.
Мемлекет басшысының ел дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қандай жақсылық болса да оның бастауында Елбасы тұр. Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудегі еңбегінен бөлек, сыртқы саясатта да Президенттің салмағы ауыр. Халықаралық ахуалдар Елбасының бітімгерлігімен шешілгені аян. Оған Сириядағы, Украинадағы жағдайларды мысалға келтірсек болады», - дейді кәсіпорын басшысы Нұралы Әбіш.